№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қасиет қонған әулет

Қасиет қонған әулет

Тақырыпты неге бұлай алдық? Себебі, Тоғмановтар туралы сөз еткенде осынау керемет сөз ойға оралады. Құт-береке мен қасиет қонған бұл отбасы тынымды тіршілігімен ғана емес, атакәсіпті арқау еткен ұрпағымен де үлгі көрсетіп жүр. Біз осынау тамырын кеңге жайған киелі шаңырақтың шаттыққа толы сырын білу үшін арнайы бардық.


Анасынан ерте айырылып, балалық шағы соғыс заманымен тура келген Абдрахман Тоғманов отбасын асыраймын деген мақсатпен еңбекке ерте араласады. Сөйтіп, 1958 жылы №2 ПАТП мекемесінде автобус жүргізушісі болып қызметке тағайындалады. Сонда зейнеткерлік жасқа жеткенше табан аудармай қызмет етеді. Жаңақорған-Қандөз, Жаңақорған-Кентау, Шалқия-Шиелі бағытына 40 жылдан аса автобус жүргізеді. Кәсібіне деген адалдық осы болар, сірә! Жастық шақта кірген есіктен, зейнеткерлікке бірақ шыққан абзал азаматтың еңбексүйгіштігі мен кәсіпке адалдығын, аудан дамуы үшін қосқан үлесін елеп-ескерген сол кездегі «Автобаза» басшысы Насыр Османов арнайы «Құрмет» грамотасымен марапаттап, сыйлыққа 5 бөлмелі үй мен Камаз көлігін сыйлапты.
Бейнетпен тапқан нан тәтті. Әкесі маңдай термен тапқан қос дүниені бүгінде ұлдары өз игілігіне пайдаланып жүр. Үлкен ұлы Аманулла сол шаңырақта ұрпақ өрбітіп, немере сүйсе, ортаншы ұлы Сәрсенбек Камаз көлігін тізгіндеген. Ата жолын жалғаған Аманулла әкесі жұмыстан босаған соң, №2 ПАТП мекемесінде 20 жыл көлік айдайды, ал Сәрсенбек 7 жыл Камаз көлігін жүргізеді. Ортаншы ұлы Асылбек те мекемеде жүргізуші болып 3 жыл еңбек еткен. Жалпы, әкеден бастау алған көлік жүргізушілер династиясына – 70 жыл. Әкелі-балалылар күніне ең кемінде 50 шақырым жол жүрді деп санайтын болсақ, 70 жылдық жұмыс өтілінде 25 млн-нан аса шақырымды бағындырған екен. Ал, бұл дегеніміз, Қазақстанды 816 мың рет айналып шыққанмен тең. Жалпы, отбасылық кәсіптің цифрлы көрсеткіші осындай.
Хош! Бұл кәсіп мұнымен тоқтаған жоқ. Аманулла, Сәрсенбек, Асылбек, Әділбектер жүк көлігі мен автобус айдап күнелтсе, олардан өрбіген ұрпақ Серік, Қуаныш, Рысбек сынды немерелер де көлік жүргізудің хас шеберіне айналған.
Расында, жеңіл көлікті әрбір адам жүргізе алуға қабілетті. Десе де, автобус, камаз сынды адам және жүк тасымалына арналған транспортты сан жылдар бойы басқарып, оның техникалық тілін меңгеру – тек шыңдалған шебердің ғана қолынан келеді.
–Әкем мен атамды көріп, бала кезден мен де жүргізушілікке құмарттым. Атамыздың сан жылдар бойы көлік айдағанынан әкем үлгі алса, әкемнің ісін мен жалғаудамын. Мақсатым – атакәсіпті өз ұрпағыма дарыту. Қазір өзімнің жеңіл көлігіммен қарапайым халыққа қызмет жасап жүрмін, – дейді немересі Рысбек.
Текпен келген қасиет деген осы болар бәлкім! Қазақта «әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген керемет сөз бар. Бұл – Тоғмановтар әулетінің кәсіби болмысына арнап айтылғандай.
Төрт ұлын ұяға, бес қызын қияға қондырған қария бүгінде 34 немереден 10 шөбере сүйіп отыр. Ұлағатты ұлдары қарапайым жүргізушіліктен нәпақа тапса, қыздары Қазақстанның әр аймағында түрлі салада қызмет етіп, елдің әл-ауқатының артуына үлес қосуда. Ал, ортаңғы ұлы Асылбек пен Салтанат қара шаңырақтың түтінін түтетіп, қарияларға қызмет етіп жүр.

Ханзада ДОШАН.
22 мамыр 2019 ж. 802 1