№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Магнит адам


Қосүйеңкінің тумасы Нәзірхан өзінің туған жеріне қалтқысыз қызмет еткен еңбекқор жан. Ол 1958-жылы 18-қыркүйекте осы ауылда дүние есігін ашқан. 1976-жылы №161 Ынтымақ орта мектебін бітіргесін аудан орталығындағы шофёрлар дайындайтын мектепте оқып көлік жүргізушісі куәлігін алады. 1978-жылдан бастап 1992-жылға дейін Бірлік кеңшарында көлік жүргізушісі болып еңбек етті.


Кеңшардың таусылмайтын шаруаларын уақытпен санаспай атқарып, аянбай тер төкті. Нәзірханның иелігіне тиген қандай да бір ескі көлік қолының ісмерлігі бар қағылез азаматтың арқасында жаңа мүліктей жарқырап, қандай жұмыс болса да сақадай сай тұратын. 1992-жылдары кеңшар тарап жұмыссыз қалған уақытта жүргізушіліктен қол үзбей жеке автобус сатып алып халыққа қызмет жасады. 2008-жылдан бастап алты жылдай "Шалқия-Цинк" серіктестігінде жүргізуші болды. 2012-18- жылдары №161 Ынтымақ орта мектебінің, Қосүйеңкі ауылдық округі әкімдігінің көлігін жүргізді. 2018-жылы ТОО "Дачин "К" команиясында жүргізуші. 2019-жылдан зейнетке шыққанша ауылдық клубтың қарауылы болып жұмыс істеді. Бұл жерде де өзінің жеке көлігімен клуб жұмысына көмек беріп отырды. Нәзірханның өмір жолына қарай отырып, саналы ғұмырында тек бір ғана кәсіппен айналысқаны байқалып тұр. Ол-көлік жүргізушісі мамандығы.
Жары Гүлзада екеуінен 2 ұл, 4 қыз өмірге келген. Бәрі өсіп-өнген, үйлі-жайлы. Олардан 24 немере, 1 шөбере көріп отырған бақытты отбасы. Ұлдары әке жолымен көлік жүргізушісі болып жұмыс жасайды. Нәзірханның елден ерек бір қасиеті – темір-терсек денесіне жабысып тұра қалады екен. Ол бойындағы мұндай қасиет барын 2018-жылы біліпті.
– Бір күні мамыр айының іші болуы керек, теледидардан "Пендеміз ғой" дейтін хабар жүріп жатты. Отбасымызбен көріп отырғанбыз. Бір кезде бір адамның денесіне қасық, шанышқы, үтік сияқты темірден жасалған бұйымдарды жапсыра бастады. Әлгі заттар магнитке жабысқандай денесіне тұра қалды. Мұны көрген немерем асүйден қасық, шанышқы әкеліп: – "Ата, маған жабыспады, сізді көрейік " – деп, қоярда қоймай жалаңаш денеме темірлерді жапсыра бастады. Құдайдың құдіреті, темірлердің денемде тұра қалғаны. Қызық көріп телефонға суретке түсіріп, туыстарға, достарға жібердік. Бір күні аудандық "Жаңақорған тынысы" газетінің тілшісі Ескендір Ертаев жұмыстарымен үйге келген.
Шәй үстінде әңгімеден әңгіме туындап денеме темір жабысатыны туралы сөз қозғалды. Мұны естіген Ескендір дереу суретке түсіріп алған еді. Кешікпей аудандық газетте "Қосүйеңкіде магнитті адам тұрады" – деген мақала жарық көрді. Ұзамай аудандық газеттің тілшілері хабарласып редакцияға кездесуге шақырды. Олар да видеоға, суретке түсіріп әлеуметтік желіге жариялап жіберді. Астанадан телевидение тілшілері де қонаққа шақырған. Белгілі себептермен бара алмай қалдым. Бойдағы тылсым күштің арқасында "Магнитті адам" атанып жүрмін" – дейді бізбен әңгімесінде. Жасынан темір тұлпарды тізгіндеген Нәзірхан зейнеткерлікке шықса да тың, әлі де машина рулінде.
Өзім осы ауылдың тұрғыны болғандықтан онымен жиі кездесіп тұрамын. Үнемі ат үстінде.
Бүгінде Құмкөл – "ДАЧИН "К" компаниясының жүргізушісі. Жауапкершілігі мол көлік жүргізушісінің әрбір сапарына "Ақ жол" тілеп сәттілік серігің болсын дейміз.

30 тамыз 2024 ж. 370 0