№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Азаматтың асылы – елге сая болғаны

Азаматтың асылы – елге сая болғаны

Абыз ақсақал Шәзінда Қарақожаев көзі тірісінде игілікті бастамаларға бастамашыл болып, артында өнегелі із қалдырды. Осындай болмысы дара тұлғаның жүріп өткен жолын еске алып, еңбегін қағаз бетіне түсіруді өзіме міндет санадым.
Шәкең бірнеше мекемеде басшы қызметінде болып, халыққа пайдалы істермен айналысты. Солардың ішінде ең есте қалатыны, Саяжай аумағын ашуға септігі тиді.
Бұл да оңайлықпен келмеді. Шәкеңнің басшылығының арқасында, теміржолдың астынан су өткізудің өзі қаншама жұмыс. Канал қаздырып, насос қойып, су айдау үлкен еңбекті, қажыр-қайратты қажет етті. Сонда Шәкең аудан халқы тарығып қалмаса екен, қолынан келгендері жерлерін кеңейтіп бау-бақша да егіп алсын деген ниетте болды. Жерден ырзық-несібесін теріп, егін егемін деген азаматтарға қол жәрдем де берді. Жерге еткен еңбек жерде қалмайды демекші, халық 5 тоннаға дейін картоп өнімін алды. Кейбіреулер қауын, қарбыз да егіп табыс тапты.
Шәзінда Қарақожаевтың өмірдерегіне тоқталсақ, 1934 жылы ақпанда Жаңақорған қонысында өмірге келді. Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтының мал-дәрігерлік факультетін 1957 жылы бітіріп, сол жылы қыркүйектен 1958 жылдың маусымына дейін Бесарық мал дәрігерлік пунктінің меңгерушісі, одан кейінгі жылдары аудандық мал-дәрігерлік мекеменің мал дәрігері, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметтерін абыройлы атқарды. Төменарық, Бірлік кеңшарларында бас мал дәрігері болып қызмет етті. 1965-1978 жылы «Красная звезда» кеңшарының директоры болды, 1975 жылы Қазақ ССР жоғарғы кеңесінің (IX-шақырылған) депутаты болып сайланды. 1978-1980 жылдары аудандық партия Комитетінің екінші хатшысы, 1981-1990 жылдары «Бірлік» кеңшарының директоры болып еңбек етті. 1990-1992 жылдары Халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, 1992 жылдың ақпан айына дейін аудан әкімінің бірінші орынбасары қызметінде болды.
1994 жылы ақпанда республикалық дәрежедегі зейнеткерлікке шыққан ол «Красная звезда» кеңшарынан «Жайылма» бөлімшесін бөліп алып, жеке ұжымын кәсіпорынға айналдырып оны үш жыл басқарған. Шәзінда басшылық жасаған жылдары «Красная звезда» кеңшарында қой саны 42 мыңнан 65 мыңға өсті. Жергілікті тұрғындардың, шаруашылықтардың игілігі үшін «Жиделі» су қоймасы, «Үштөбе», «Жайылма», «Қарақұм» каналы іске қосылды. Скважина қазылды.
Шәзінда Бірлік кеңшарын басқарған жылдары қой саны 33 мыңнан 57 мыңға дейін көбейді. Шаруашылықтарды суландыруды қолға алды. «Ақүйік» тоспасынан орталыққа дейін су арығы жүргізілді. «Шоқтал», «Жаманқұм» каналы қазылды, соның арқасында 2 мың гектарға дейін жер игерілді. Ақбастауға тас жол салынды. Ауылды көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Шәкеңнің аудан экономикасы мен мәдениетін көтерудегі еңбегі әрдайым жоғары бағаланып келді. Ерен еңбек еленіп, қаншама марапат мінберінен көрінді. «Қызыл Ту» орденімен, Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Президиуымының «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мал дәрігері деген құрметке ие болды. «Еңбек ардагері», медалінің иегері, ауданның Құрметті азаматы. Зайыбы Дариха екеуі 10 ұл-қыз өсіріп, тәрбиеледі. Немере-шөбере сүйді, жары Дариха «Батыр ана» атанған жан.
Осындай қажырлы қызмет еткен тұлғаның өзі 2007 жылы өмірден озды. Өзі өмірден өткенімен артында өшпестей өнеге қалды. Елге сыйлы, халыққа қадірлі азамат еді, көзі көргендер осы қасиетін айта жүруші еді. Нар тұлғалы азаматтың еңбегі еш ұмытылмайды.

Әбіл СЕЙДАНОВ,
еңбек ардагері
12 маусым 2021 ж. 607 0