Дала тазалығы – сана тазалығынан басталады

Дала тазалығы – сана тазалығынан басталады. Айналаны айнадай ұстау – адамның ішкі мәдениетінің, табиғатқа деген жанашырлығының көрінісі. Кез келген өркениетті қоғам ең алдымен қоқыс мәселесін дұрыс шешіп, экологиялық тазалықты сақтауға тырысады. Тазалық бар жерде тәртіп бар, ал тәртіп бар жерде мәдениет қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бұл жерде күнделікті тұрмыстық қалдықтарды шығарып, көшелердің тазалығын қамтамасыз етіп отырған арнайы мекеме қызметкерлерінің еңбегі ерен.
Аудан тұрғындарына танымал «Комхоз Жаңақорған» ЖШС-гі осы бағытта жүйелі жұмыс атқарып келе жатқан кәсіпорындардың бірі. Олар тек қоқыс жинап қана қоймай, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да үлес қосып жүр.
– Біздің басты мақсатымыз аудан көшелерінің тазалығын қамтамасыз етіп, тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсету. Бұл бағытта халықаралық тәжірибе тәсілімен үй сыртына шығарылып қойған қалдықтарды жинап отырамыз. Ол үшін тұрғындармен жеке-жеке келісімшарт жасалады. Осындай қарапайым тәртіп сақталса, кентіміз айнадай таза болады. Өкінішке қарай, қоқыстың бейберекет шашылып жатуы жұмысқа көп кедергі тигізеді. Сондай-ақ кей тұрғындар қоқысты көшенің жиегіне шығарып қояды. Ол заңға қайшы әрекет. Мұндай жағдайларда айыппұл қарастырылған, – дейді «Комхоз Жаңақорған» ЖШС-нің басшысы Нұрлан Садуақасов.
Ауданымызда қоқыс шығару ісін тұрақты түрде жолға қойған мекеме тұрғындарға қолжетімді бағада қызмет ұсынып отыр. Мекеме басшысы Нұрлан Шамшидинұлының айтуынша, олар аптасына бір рет әр үйдің алдындағы қапшыққа жиналған тұрмыстық қалдықтарды жинап әкетеді.
– Аптаның дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері біздің кәсіпорынмен келісімшартқа отырған коммерциялық нысандардың қоқысы жиналады. Олардың қатарында дәріханалар, сұлулық салондары, сауда үйлері бар. Ал сейсенбі және бейсенбі күндері жеке секторлар, яғни тұрғын үйлердің қоқыстары шығарылады. Мәселен, сейсенбі күні Алтынсарин аймағы тазаланса, жұма күні Ипподром аумағындағы Тағаев, Ержанов, Мұзафаров көшелерінен қоқыс шығарамыз. Дегенмен кейбір тұрғындар қоқысты көшеге бейберекет тастап кетеді. Бұл заңға қайшы. Мұндай жағдайларда айыппұл салынады. Сондықтан тұрғындарды тазалық мәселесі бойынша көбірек құлақтандыру қажет деп ойлаймын, – дейді ол.
Аталмыш мекеме әр үймен ай сайынғы келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Жеке тұрғын үйлер үшін тариф – 1000 теңге. Бұл қаражат қоқыс тасымалдаушы көліктердің шығынын, қызметкерлердің еңбекақысын және полигонға төленетін алымдарды қамтиды. Ал коммерциялық нысандар үшін баға қоқыс көлеміне қарай белгіленген арнайы тариф бойынша есептеледі, – дейді ол.
Нұрлан Садуақасовтың айтуынша, кейбір кәсіпкерлер келісімшарттан қашып, қоқысты жасырын түрде көшеге төгіп кетеді. Мұндай әрекеттер тек қана санитарлық жағдайды нашарлатып қоймай, қоршаған ортаға зиянын тигізеді. Сол себепті кәсіпкерлер де, тұрғындар да келісімшартқа отыруға міндетті.
Жалпы, қоқысты бейберекет тастау, көшені ластау қошаған ортаға зиян ғана емес, өз болашағымызға жасалған қиянат. Ал тазалық мәдениеті – тек қана қоқысты жинаумен шектелмейді, оны сұрыптап, дұрыс жерге шығару маңызды. Өйткені тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, кәдеге жарату – заман талабы.
Сондай-ақ, аудан тазалығын қамтамасыз етуде «Жаңақорған қызмет» шаруашылық жүргізу құқындағы мекеме жұмыс жасауда. Мекеме қызметкерлері көше бойындағы тазалықты қамтамасыз етіп, тұрмыстық қалдықтарды жетісіне бір рет тазалап, алып кетеді.
–Бүгінде аудан тұрғындарына қоршаған ортаның тазалығын сақтау бойынша барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жыл басынан бері тазалық сақтамаған 7 тұрғынға айыппұл салынып, 57 тұрғынға ескерту жасалды. «Жаңақорған қызмет» мекемесіне қоқысты алып кету үшін төленетін ақы айына бір адамға 115 теңге 33 тиын. Мекемемен келісімшартқа отырған тұрғындар отбасындағы адам санына қарай осы бекітілген соманы кент әкімінің ғимаратына орналасқан кассаға келіп төлейді. Алдағы уақытта ақы төлеуді жеңілдету мақсатында қоқыс шығару ақысын электронды түрде төлейтін болады, – дейді кент әкімінің орынбасары Әбілқайыр Бегманов.
Полигон мәселесінде түйткіл көп
Қазір ауданда полигон мәселесі үлкен түйткілге айналып отыр. Нұрлан Сәдуақасов бұл жөнінде былай дейді:
– Полигон мәселесінде түйіткіл өте көп. Бұл проблемаларды құзырлы орындарға жеткізіп жүрмін. Тұрғындарға түсіндіріп, билбордтар ілу керек. Өйткені қоқысты өртеу кезінде адам денсаулығына өте қауіпті улы газ бөлінеді. Бірақ кей азаматтар қоқысты өртеп кетеді. Біз келген қалдықты өзіміз сұрыптаймыз. Бүгінде полигонға аудандағы ірі өндірістердің бірі «СКЗ-U» мекемесі де қалдықтарды тастауда. Алайда олардың бұл полигонға қоқыс төгуіне болмайды. Егер кіргізбесек, айналасына төгіп, өртеп кету қаупі бар. Бұл бүкіл аудан тұрғындарының денсаулығына зиян, – дейді ол.
Ал, кент тұрғыны Назерке Бұлдырық қоқысты арнайы көліктің келіп алып кететініне дән риза.
– Бұрындары барлық қоқысты қораның аяқ жағына жинап өртеуші едік. Ол бір жылдың ішінде үйіліп қалатын. Оны шығару үшін ауыр жүк көлігін, оған артатын арнайы техниканы шақыртамыз. Екеуінің ақысы да аз емес. Ал қазір қоқысты қаптарға салып, жинап қоямыз. Арнайы көлік келіп аптасына бір рет алып кетеді. Ақысы да арзан. Дегенмен арамызда тазалық мәдениетін дұрыс түсінбейтіндердің кездесетіні рас. Өз үйінен шыққан қоқысты өзгенің қақпасының алдына қойып кететіндері ұят. Көлік аптаның әр бейсенбісінде келеді. Қоқысты сол күні таңертең ерте есіктің алдына шығарса болады ғой. Олар екі-үш күн бұрын шығарып тастайды. Сосын ол қоқысты иттер шашады. Осы жағынан осалдау болып тұрмыз. Тұрғындар айналасын айнадай ұстауды әдетке айналдырса екен, – дейді ол.
Шынында да, тұрмыстық қалдықтарды өртеуге заңмен тыйым салынған. Себебі одан бөлінетін улы түтін тек қоршаған ортаға ғана емес, адам ағзасына да зиян. Осы тұрғыда экологтардың айтуынша, тұрмыстық қалдықтарды өртеу кезінде ауаға диоксин, фуран сияқты улы заттар тарайды. Олар тыныс жолдары ауруларын тудырып қана қоймай, адам ағзасында жиналып, ұзақ мерзімді дерттердің себепкері болады. Әсіресе балалар мен қарт адамдар үшін мұның зияны орасан.
Сондықтан әр азамат қоқысты ауласында өртемей, оны арнайы мекемелерге тапсыруға дағдылануы тиіс. Бұл өзінің де, ұрпағының да денсаулығын қорғаудың ең қарапайым жолы.
Қайта өңдеу зауыттары – экологиялық шешім
Бүгінде елдің бірқатар ірі қалаларында қоқысты қайта өңдеу ісі жолға қойылған. Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларында қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар жұмыс істейді. «Нұршах» мекемесі де жиналған қоқыстың біраз бөлігін осы зауыттарға жөнелтіп отыр.
Мысалы, пластик пен әйнек қайта өңдеуге жіберіліп, құрылыс материалдары немесе тұрмыстық заттар ретінде қайта қолданысқа енгізіледі. Бұл табиғатты қорғап қана қоймай, экономикаға да пайда әкелетін үрдіс.
Негізі, экологиялық мәдениетті қалыптастыру ең алдымен отбасынан басталуы тиіс. Балаларға кішкентайынан қоқысты жерде қалдырмауды, қайта өңдеуге болатын заттарды бөлек жинауды үйрету маңызды. Мектептерде экология тақырыбында сынып сағаттары мен акциялар өткізу де жақсы нәтиже береді. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі азамат. Олар табиғатты аялауды қазірден үйренсе, болашақта қоғамның экологиялық санасы әлдеқайда жоғары болмақ. Қоршаған ортаны қорғау тек қана мемлекеттік органдардың немесе арнайы мекемелердің жұмысы емес. Ол әрбір тұрғынның азаматтық борышы.
Айсұлу Алданазар




