Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тазалық төрде тұрсын

Тазалық төрде тұрсын

Күз айының соңғы сенбісінде аудан жастары табиғат аясында тазалық жұмысын атқарып, сенбілікке шықты. Сырдария өзенінің аумағын тазалауға жұмылған еңбек қолы 15 қап қоқыс қалдығын шығарды. Бұл дегеніміз, туған жердің табиғатына тұрғындардың жауапсыздығын анық аңғартады.

Биылғы жылы тазалық жұмысынан ерекше қарқынды байқадық. Кент ішіндегі 12600 түп ағаш бұтап, әктелді. Көше бойындағы он мыңға жуық жасыл желек күтімге алынды. Жол жиегі әктеліп, жолаушылар жолы қоқыс қалдықтарынан тазартылды. Маусымдық сенбілікке 64 мекеменің 380 қызметкері қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық негізде қызмет етушілер және ерікті кент тұрғындары бар. Кенттің 130-ға жуық көшелеріне тазалық жұмысын жасау үшін жүйелі жоспар түзілген. Тазалықты қолдап, қол көмегін тигізген М.Есболғанов, Алдамжар және С.Құрманғазы көшелерінің тұрғындарының берік ынтымағы байқалды. Әйтсе де, айналамыз әлі де күлқоқыстан арылар емес! Неге? Жапония елінде сенбілік деген ұғым жоқ екен. Себебі олар әр күн сайын тазалық жүргізеді. Өзі отырған жерін, көшесін, ауласын, мекемесінің тазалығын сақтау оның ең бірінші міндеті. Лауазымды қызметке жоғарылау кезінде де ең бірінші оның біліміне тазалығы сай болуын қадағалайды екен. Яғни, өзі таза адамның ісі таза болады деп санайды. Біз неге осыны өзіміздің өмірімізде үлгі етпеске? Кентте көктем шығысымен-ақ бірнеше ай бойы тазалық науқаны, сенбіліктер, қоғамдық іс-шаралар өтуде. Кенттің кіреберісінен бастап, барлық аумақта тазалық ісі атқарылады. Сөйте тұра, кенттің тазалығы сын көтермейді. «Баяғы жартас, бір жартас». Бұл туралы ел ағасы Серік Мұсабаев: «Жыл сайын тазалық жұмысы атқарылғанымен, кентте тазалық тұрақтанар емес. Темір жол бойына жағалай, қоқыс төгіп кету де тыйылмай тұр. Бұл халықтың тазалыққа немқұрайлы қарайтынын көрсетеді. Жер ластанса, ауа былғанады. Ауа құрамының өзгеруі адам денсаулығына зиян. Қауіпті індет те тазалық сақталмаған жерде күшейетінін ескерген жөн-ақ», – дейді. Жаздың соңғы сенбілігінде ұжым болып сенбілікте белсенділігін байқатқан Жаңақорған аудандық Жастар ресурстық орталығының маманы Иса Әбубәкір: – Біз мекеменің ішінде жайлы жұмыс жасауымыз үшін ішкі және сыртқы тазалыққа аса мән береміз. Тазалық жақсы энергия сыйлайды деп сенеміз. Мекеме маңының тазалығын күнделікті атқарамыз. Тамыздың соңғы сенбілігінде Сырдария өзенінің жағалауында, көпірдің үстінде тазалық жұмыстарын жүргіздік. Аядай аумақта 3 тоннадай қалдық жинадық, –деді. Рас, жаз шығысымен, өзен жағалап, тынығуды жақсы көретін жерлестеріміз бөтелке құтылары, темекі қалдықтарын тастап кетеді. Әрине, мұнда өртеп кетуге де қауіпті, себебі жан-жағы жыңғыл ағашы қалың өсіп тұр. Десе де, дария түбінде қоқыс қалдықтары тонналап жинала беретінін, одан экологиялық апат болатынын ешкім ескермейді. Шашылған қоқыс сұлу табиғаттың сәнін құртып қана қоймай, сирек кездесетін өсімдіктер әлеміне зардабын тигізеді. Дария жағасындағы тағы бір жағымсыз көрініс, тазаланған аймақ келесі сенбілікке дейін қоқысқа толып, еңбекті еш ететіні бар. Бұған халықтың мәдениетінің әлсіздігі басты себеп екені даусыз. Күнделікті өмірде дария жағасына қоқыс төгу, қап-қаппен тұрмыстық қалдықтарды үйіп қою белең алуда. Тіпті, дария маңына өлексе қалдықтарын тастайтындар жағамызды ұстатты. Әлеуметтік тазалық жайында «Үздік көше» атанған А.Аюпов көшесінің көше комитеті төрағасы Үмбет Әбибуллаев: «Әрбір азамат өз отбасында тазылықты қалыптастырып, оны ұрпаққа насихаттап, өзі үлгі болуы тиіс. Кейінгі ұрпаққа тазалықтың адам өміріндегі мәнін, қоршаған ортаны аялауды үйретсек, кенттің келбеті ажарлана түсері анық», – дейді. Тазалыққа аса мән берілмеуінің бір себебі, көше комитеттерінің белсенділігінің төмендігінде. Кентте 170-тен аса көше болғанымен, 132-сі ғана ресми тіркелген. Осы көшеде 80- ге жуық көше комитеттері нақтыланса, қалғанында енді сайланбақ. «Тазалық ластамайтын жерде сақталады». Мұны ұдайы айтып жүрсек те, тұрғындар арасында тазалықты сақтауға мән бермейтіндер көп. Күл-қоқысты ретсіз тастап, қоршаған ортаны ластау фактілері де жиі тіркеледі. Осыдан қалай арыламыз? Бұл жөнінде «Нұр-Шах» тазалық мекемесінің басшысы Нұрлан Садуақасов: – Көпшілік арасында «тазалықты тек тазалық мекемесінің қызметшісі жүргізеді» деген жаңсақ пікір бар. Күнделікті тазалық графигімізді жержерге іліп, әлеуметтік желіде жарияласақ та көп тұрғын қоқысын көшеге беймезгіл уақытта шығарып, оны ит жыртып төгіп, жартысы желмен ұшып, келеңсіз жайтқа әкеліп соғуда. Сондықтан әрбір тұрғын өз көшесінде тазалық күнін біліп сол уақытта қоқысты шығарса, кенттің тазалығы қалыптасар еді, – дейді. Бір сөзбен айтсақ, кенттің келбеті – халықтың бет-бейнесі. Ар-ожданы биік елдің іргесі кең, жүзі жарық. Мұны қанша айтсақ та, тазалыққа көңіл бөлер тірі жан жоқтай. Меніңше, әлеуметтік мәдениетті әркім өз отбасында қалыптастыра алса, кенттің тазалығы қалпына келер еді. Мақпал МАРҚАБАЙ
02 желтоқсан 2023 ж. 243 0