Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Тазалық – тәртіп пен табыстың айнасы

Тазалық – тәртіп пен табыстың айнасы


Жаңақорған ауданы соңғы жылдары тазалық пен тәртіпке айрықша көңіл бөліп келеді. Қоршаған ортаны қорғау, көшелер мен ауыл-аймақты абаттандыру, қоқыс мәселесін шешу – аудан әкімдігі мен тұрғындардың күн тәртібінен түспейтін басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта өткізілген тазалық акциялары бүгінде игі дәстүрге айналып, аудан жұртшылығының ынтымағын, ұйымшылдығын арттыра түсті.


Тазалық тақырыбы – қай қоғамда да өзекті. Бiрақ тазалықты сақтау қағидасы әрқилы. Нақ бүгінгі күндері орта тазалығын сақтау мемлекеттен қаржыландыратын мекемелер мен ұжымдардың жауапкершілігіне жүктеліп отыр десек жаңылыспаймыз.
Табиғат – адамзаттың алтын бесігі, өмір сүру ортасы, ал адам – сол ортаның иесі әрі жауапты мүшесі. Бірақ сол жауапкершілікті сезінбеген, санасы төмен қоғам қоршаған ортаға қауіп төндіреді. Санасы лас қоғам – табиғатты да ластайды. Бұл – жай ғана тіркес емес, шынайы өмірде кездесіп жатқан жайттар. Нағыз тазалық – адамның ішкі мәдениетінен, ой-санасынан басталады. Егер адамның дүниетанымы, тәрбиесі, санасы биік болса, ол ешқашан қоқысты бейберекет тастамайды, суды ысырап етпейді, ағашты себепсіз кеспейді. Керісінше, айналасын таза ұстап, табиғатқа жанашырлықпен қарайды.
Жапония елінде сенбілік деген ұғым жоқ. Көшені күн сайын тазалап отырады екен. Өзі отырған жерін, көшесін, ауласын, мекемесінің тазалығын сақтау оның ең бірінші міндеті. Лауазымды қызметке жоғарылау кезінде де ең бірінші оның біліміне тазалығы сай болуын қадағалайды екен. Яғни, өзі таза адамның ісі таза болады деп санайды. Осы қағиданы неге өмірімізге үлгі етпеске? Апта сайын әдеттегідей сенбілікке шығамыз. Әр сенбілікке шыққан сайын көңіл құлазып қайтады. Қолымызға қап алып, көше бойын тазалап келе жатқанда аула сыртына ақтарылған тамақ қалдықтарын, сүйек-саяқты көргенде жаның түршігедi. Бiз кiм болып барамыз? Кенттің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар аз емес. Алажаздай қоқыспен алысып, күзде қайта ластанған көшелер кейпі көңіл жүдетеді. Оның міндеті мен ауыртпалығын тазалық мекемесі мен жауапты қызметкерлерге ысырып тастау қисынға келмейді. Әрине олардың бұл тікелей міндеті шығар, бірақ әрбір тұрғын туған өлкеге жанашырлық танытуы тиіс емес пе? Еш болмаса үй сырты мен аула тазалығына мән берсек, мүмкін болса көшеге де көз тастап қою нағыз азаматтық іс болар еді. Бұл сөзімізді кент әкімі Жасұлан Бейсенбеков те қуаттай түсті:
– Кенттің тазалығын ұдайы қадағалап, тиісті жерлерге жауапты адамдарды белгілеп, тұрғындарды бір кісідей тазалықты сақтауға шақырып келеміз. Кент бойынша барлығы 182 көше бар, онын ішінде күнделікті кестеге сайкес 8 көше күнде тазаланады. Атап айтқанда, Шалкия трассасы, Тәуелсіздік, Хорасан ата, Амангелді Иманов, Алтынсарин, Мұсаханов, Көкенов және Кұрманғазы көшелеріне күнделікті тазалық жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек кент орталығындағы басқа көшелерге кестеге сәйкес акылы қоғамдық негізде жұмыс жасайтын 62 кызметкер, 3 қоқыс жинайтын арнайы техника тазалық жұмыстарына шығады. «Жанақорған қызмет» мекемесі кызметкерлері таңғы 8-ден бастап күнделікті кестеге сай өз жұмыстарын жүргізеді. Өздеріңіз де білесіздер, кент келбеті көркейіп, көшелер кеңейтіліп, орташа жөндеуден өтіп, жарықтануда. Кент тазалығы бірдің емес, көптің ортақ міндеті, – дейді ол.

Кентте жыл сайын тазалық шарасына 64 мекемеден мыңға жуық адам қатысады. Олар кенттің кіреберісінен бастап барлық аумақта тазалық ісін қолға алады. Сөйте тұра, кенттің тазалығы сын көтермейді.
Әлбетте, көше бойында қоқыс жәшіктері орнатылған. Бірақ, қоқыс жәшігі қойылса, ізбе-із сындырып немесе өз аулаларына қойып алатындар да кездеседі. Содан болар, тазаланған аймақ келесі сенбілікке дейін қоқысқа толып, еңбекті еш етеді. Бұған басты себеп халықтың мәдениетінің әлсіздігі. Күнделікті өмірде көшеге қоқыс төгу, қап-қап тұрмыстық қалдықтарды жол бойына үйіп қою белең алды. Бәлкім, тазалыққа мән берілмеуінің бір себебі, көше комитеттерінің белсенділігі төмендігінде болар.

Сана тазармай, дала да тазармайды. Бұл сөз ұдайы айтылып жүрсе де, тұрғындар арасында тазалыққа бетбұрыс байқалмайды. Күл-қоқысты ретсіз тастап, қоршаған ортаны ластау фактілері де жиі тіркеледі.
Жалпы сенбіліктерге аудан орталығы мен ауылдық округтердің тұрғындары түгелге жуық қатысып жүр. Әсіресе жастар ұйымдары, мектеп ұжымдары, мемлекеттік қызметшілер мен еріктілердің белсенділігі ерекше қуантады. Олар көшелерді қоқыстан тазартып қана қоймай, арық-атыздарды аршып, ағаш отырғызу жұмыстарына да үлес қосуда.
Бұл жұмыстар тек аудан орталығында ғана емес, барлық ауылдық округтерде қарқынды жүріп жатыр. Әр ауылдың тұрғындары «Таза ауыл – жарқын болашақтың кепілі» деген ұстанымды алға тартып, тазалықты өз жауапкершілігі ретінде қабылдаған.
Акцияның ең басты нәтижесі – халықтың экологиялық мәдениеті артып келеді. Десек те, соңғы кездері қоқысты кез келген жерге тастау әдеті азайып, тұрғындар қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды үйренуде. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін бұл шара үлкен тәрбие мектебі іспетті. Олар табиғатты қорғау, тазалықты сақтау – әр азаматтың парызы екенін бойына сіңіріп өсуде.
Қазіргі таңда Жаңақорған ауданының орталығы бұрынғыдан көп тазарған. Аулалар мен саябақтар ретке келтірілген. Жаңа отырғызылған ағаштар мен гүлзарлар ауданға ерекше сән беріп тұр. Мұның барлығы тұрғындардың өз еңбегі мен ынтымақтастығының арқасы.
Тазалыққа бағытталған мұндай шаралар тек сыртқы келбетті жақсартып қана қоймай, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да әсерін тигізеді. Өйткені таза орта – денсаулықтың кепілі, ал таза әрі көрікті аудан – инвестиция тартуға қолайлы аймақ.
Жаңақорғандықтар үшін сенбілік пен тазалық акциясы жай ғана бір күндік шара емес, тұрақты түрде жалғасып келе жатқан дәстүрге айналды. Әрбір тұрғын­ның санасында «тазалық – имандылықтың жартысы» деген түсінік орнығып, туған жерге деген құрмет пен жауапкершілік сезімі нығайды.
Бұқараның тазалыққа жұмылуы қоршаған ортаны қорғауға деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп отыр. «Тазалық бар жерде – береке бар» деген сөздің мәні осында. Ендеше, бұл бастама жалғасын тауып, болашақта ауданның әрбір бұрышы тап-таза, жайқалған аймаққа айналары сөзсіз.

Әсел РЗАЕВА

01 қазан 2025 ж. 5 404 0