Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тазалық – табалдырықтан басталады

Тазалық – табалдырықтан басталады


Тазалық – адамның мәдени һәм рухани байлығының көрінісі. Терең ойлы, тәлімді тәрбиелі азамат өзін де, өзгені де, айналасын да, қоршаған табиғатты да құрметтейді, қадірлейді. «Ауылына қарап – азаматын таны» деген қазақ. Демек, ауданның тазалығы сіз бен біздің бет-бейнеміз. Сырттан келген қонақ бізбен тілдеспей-ақ, айналаның ажарынан қандай екенімізді топшылап кетері анық.


Қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету басты мәселе екенін ескерген облыс және аудан әкімдігі ауданда тазалық мекемесінің қайта құрылуын қамтамасыз етіп, жуырда «Жаңақорған қызмет» КММ мекемесінің лентасы қиылды. 68 адамды жұмыспен қамтитын қызмет орнының ашылуындағы басты мақсат – кент тазалығы мен көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүргізу.
– Экологиялық ахуалдың күрт нашарлаған заманында қоршаған ортаны таза ұстау негізгі мәселе. Мекеменің ашылуына да түрткі болған осы. Біздің қызметке кент тазалығы, көшелердің түнгі жарықтануы, кенттің балансына кіретін қолданыстағы мекемелердің күтімі, көгалдандыру, абат­тандыру жұмыстары кіреді. Алдағы уақытта осы бағыт бойынша жұмыс жасайтын боламыз. Жалпы, тазалықты сақтау баршамызға ортақ. Бірігіп күш жұмсасақ айналаны таза ұстар едік, – дейді «Жаңақорған қызмет» мекемесінің басшысы Қайрат Нәлібаев.
Иә, кенттің келбеті тазалығымен көрікті. Ал оны мұнтаздай етіп ұстау – баршамызға ортақ іс. Жүкті бір мекеменің басына іліп қойғанымыз тағы болмас. Өйткені, 5000-нан аса тұрғын үйі бар кент көшелерін айналдырған 50-60 адаммен тазалап шы­ғу қай тұрғыдан алсақ та мүмкін емес. Сондықтан әр адам айналасына құрметпен қарап, ауласын, отырған орнын таза ұстауға міндетті.
Қайрат Әбенұлының айтуынша, алдағы уақытта тазалықты сақтамаған тұрғындарға айыппұл салынады. Мәселен, мекеме қызметкерлері қоқысты арнайы қапқа салып жинайды. Оны артынан жүк көлігі тиеп алып кетеді. Осы аралықта ауласының қоқысын салып шығарып қоятын пысықайлар енді айыппұл арқалайтын болады. Демек, сіздің ауладан шыққан қапты аталмыш мекеме тасуға міндетті емес. Олар тек көше бойының тазалығына жауап береді. Егер үйіңіздің ауласын таза ұстап, қоқысты шығарғыңыз келсе арнайы «Нұршах» жеке кәсіпкерлігімен келісім-шартқа отырып, ай сайынғы қызмет ақысын төлеуіңіз керек.
– Қазіргі уақытта үй басына ай сайынғы төлейтін тариф 1000 теңге. Айына төрт рет аптаның сейсенбі күндері қоқысты жинап алып кетеміз. Сонда біздің бір реттік ақымыз бар-болғаны 250 теңге. Енді қараңыз, мұндай сомаға кім қоқыс шығара алады. Жалпы біздің қызмет тұрғындар үшін өте тиімді. Бірақ тұрғындар соны түсінбейді. Айналасын таза ұстауға құлықсыз. Қазіргі уақытта кент бойынша екі-ақ көше бізбен келісімге отырған. Сосын, Алтынсарин көшесінің бойындағы көп қабатты үйдің біреуімен ғана жұмыс жасаймыз. Осыдан-ақ тазалық сақтаудағы деңгейімізді топшалай беріңіз, - дейді «Нұршах» мекемесінің басшысы Нұрлан Сәдуақасов.
Оның сөзінше, осыған дейін әр үйден адам басына төленетін ақы бар-жоғы 65 теңге болған. Кейбір тұрғындар отбасындағы 7-8 адамның қоқысын шығарып, ай сайын бір адамның төлемін төлеген. Кең сарайдай үйден қап-қап қоқыс шығарып, оның ақысын төлеуден жалтару адамдығына сын емес пе? Міне, осындай тұрғындардың кесірі өзгесіне тиіп, кей көшелерде келісім бұзылған. Бұдан-бұлай кемінде әр көшеден 10-15 үй қоқыс шығаруға құлық танытқан жағдайда ғана, арнайы көлік сіздің үйден шыққан қалдықтарды алып кететін болады.
Кәсіпкердің сөзінің жаны бар. Осы уақытқа дейін кент көшелерінің қоқысын тегін тазалаған мекеме енді тек келісімге отырған көшелердің ғана қоқысын алып кетеді. Онысы жөн. Өйткені сіздің шығарған қоқысыңызды өзге келіп тегін тазартуға міндетті емес. Осы ретте көше комитеттерінің де атсалысқаны абзал. Әр көшенің тұрғындарына тазалық­ты насихаттап, сенбіліктер ұйымдастырып, үйден шыққан қоқысты таситын мекемемен келісімге отырудың маңыздылығын жеткізсе, айналамыз ажарлана түсер еді.
Ескере кетейік, алдағы уақытта таза­лық қызметімен келісімге отырмай, «Көше тазалықшылары ала кетеді» деген оймен үйіңіздің қоқысын жолдың бойына шығарсаңыз айыппұл арқалайсыз. Сонымен қоса үй жануарларын да қараусыз қал­дырсаңыз, арнайы қораға қамалатын болады. Ол жерден сиырыңызды не жылқыңызды алып кету үшін де арнайы бекітілген айыппұлды төлейсіз.
– Біз тазалықты табалдырықтан бастауымыз керек. Әр шаңырақта ата-ана, әр мектепте мұғалім балаларға тазалық сақтауды насихаттаса, табиғат ананы қадірлеуді үйретсе, айналамыз айнадай болар еді. Тіпті, имамдарымыз да жамағаттың арасында осы мәселені көтерсе деймін. Әр адам туған жердің топырағына жаны ашуы керек. Мәселен, көрші Ресейде тұрғындар тазалыққа аса мән береді. Оған басымнан өткен оқиға дәлел. Осындан он жыл бұрын іс-сапармен Мәскеуге бардым. Аялдамада темекі тартып, тұқылын қасымнан екі метрдей қашықтықта тұрған қоқыс шелегіне лақтырсам жерге түсті. Соны көрген 80 жастың шамасындағы қария маған: «Байқаймын, сен азиялық сияқтысың. Айналайын, өзің біздің елге бір келгенде біздің жерді, елді сыйла. Айналаңа құрметпен қара, тұрған жеріңді ластама», - деді. Осы сөзді естігенде кірерге тесік таппадым. Міне, осы оқиға маған өмірлік сабақ болды. Тазалықты бәрінен жоғары қоятын болдым, - дейді Қайрат Нәлібаев.
Иә, бастан өткен оқиға мен үлкендердің өсиет сөзі сізге де өмірлік сабаққа ай­налса, демек ар-ұят пен мәдениеттілік­тің жоғарылығының белгісі. Тіпті тазалық жайында асыл дінімізде де жиі айтылады. Барлық жақсы амалдың қайнар көзі болған Құранда тазалықтың жолдары көрсетіліп, Бақара сүресінің 222-аятында: «Анығында, Алла істеген күнәсі үшін шынайы өкініп, Өзіне бойұсынуға қайтушыларды (тәубе етушілерді) жақсы көреді әрі тазарушылар­ды жақсы көреді» деген. Ал, ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) «Тазалық – иманның жартысы, Намаздың кілті – тазалық, ислам діні таза дін, сендер де таза болыңдар, жәннатқа таза болғандар ғана кіреді» деген өсиеті­нен дініміздің тазалыққа шақыратындығын айқын байқауға болады. Өзімізге белгілі, исламда таза болмаған нәрсенің барлығы харам. Мәселен, жеке бас тазалығын былай қойғанда, жейтін асымыз бен жүретін жеріміз де таза болуы керек. Тіпті, намаздың қабыл болуы үшін орындалатын шарттары бар. Оның алтауы ішінде, алтауы сыртында. Сол сыртындағы алтаудың бірі – қоршаған ортамыздың тазалығы.
Хош. Енді әлем елдері арасындағы экологиясы таза, табиғаты ластанбаған елдердің рейтингіне көз салып, ең таза мемлекеттерге тоқтала кетейік. Мәліметтер­ге сүйенсек, экологиялық тұрғыдан таза қалаларға зерттеу жүргізген мамандар, ауыз судың тазалығанан бастап ауаның тазалығын, өсімдігі мен ауылшаруашылығына пайдаланатын пестицидтерге дейін мән беріп саралаған. Нәтижесінде, көш басына ең таза ел болып Колумбия шыққан. Атал­мыш мемлекет табиғат байлығына үлкен жауапкершілікпен қарайтын ел. Колумбия алқаптары әлемге кофе түрлерімен және сан алуан гүлдерімен әйгілі. Күнкөріс қамы­на айналған мыңдаған гектар алқаптарда кофе мен гүл өсіретіндіктен ел халқының басым бөлігі осы экологиялық таза аймақта өмір сүреді. Тазалық бойынша келесі ауыз толтырып айтатын мемлекеттің бірі – Коста-Рика. Ол әлемдегі ең таза елдердің арасында 4-орынға жайғасқан. Әрине бұл көрсеткіш­ке табиғатқа деген күтім мен экотуризм арқылы жетіп отыр. Келесі кезекте, Норве­гия. Еуропаның солтүстігінде орналасқан патшалықтың бүкіл аумағын Скандинав таулары алып жатыр. Сондықтан мұндағы ауа саф һәм экологиялық таза. Сонымен қатар, Швеция мен Швейцария да ең таза мемлекеттер қатарына жатады.
Иә, тазалық – саулық кепілі. Айналаңның таза болуы, қоршаған ортаның гүлденуі не лайлануы барлығымызға ортақ сын. «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, мұ­ны айтуға табиғаттың тілі жоқ», – демекші табиғатты аялау, жүрген жерді таза ұстау, айналасына құрметпен қарау әрбір адамның айнымас міндеті.

Айсұлу Алданазар
16 наурыз 2024 ж. 690 0