Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Сегіз қырлы, бір сырлы жанның әлемі

Сегіз қырлы, бір сырлы жанның әлемі

Ауыл – қазақтың қайнары. Ауылдан шыққан әрбір азамат – елдің тірегі, халықтың рухани байлығының қазынашысы. Кешегі кең сахарада қобызын күңірентіп, домбырасын күмбірлеткен, халықтың қазынасын ғасырлар бойы сақтап келген өнерпаздар да ауылдан түлеп ұшты. Төл өнерге адал, еңбегімен елге танылғандардың бірі – Бесарық ауылдық клубының меңгерушісі, мәдениет саласының үздігі Сыздықов Жәнібек Тастанбекұлын осындай азаматтар қатарына жатқызуға болады.Өнер иесі 1979 жылы Манап ауылында қарапайым отбасында алты баланың ортасында өскен оның балалық шағы ауылдың шаңдақ ауасын жұтып, желіне маңдайын төсеп өсті. Кейін ата-анасы Бесарық ауылына көшіп келеді. Жасынан зерек, алғыр шығармашылық жан мектеп қабырғасында-ақ көзге түсіп, түрлі үйірмелерге қатысып, мәдени шаралардың бел ортасында өседі.
Өнер – жас өреннің жүрек қалауы. Мектеп сахнасында ән шырқап, түрлі қойылымдарға қатысып, көпшіліктің көзайымына айналады. Сахнаға шыққанда жүзі бал-бұл жанып, ауылдастары «мына бала ертең үлкен сахналарда жүреді» деп сүйсінеді екен. Алайда, анасы Құрбанкүл баласының заңгер болғанын қалап, өмірлік жолын соған бұрды. Анасының тілегін аяқасты еткісі келмеген бала жүрек Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы университеттің «құқықтану» мамандығына түсіп, оны ойдағыдай тәмамдап шығады. Жоғары білімді маман жүрегіндегі өнерге деген іңкәрлікті сөндіре алмады. Тіпті, бала күнгі арманынан айныған жоқ. Бойындағы өнерге деген сүйіспеншілік бәрібір өзіне тартты. Университеттен кейін ауылға оралған жас маман қол қусырып отырмады. Қарапайым магнитофон алып, ауылдың шағын отырыстарын, туған күндерін қызықты өткізе бастайды. Сол кезде тапқан алғашқы табысы – небәрі 200 теңге екенін де ерекше ықыласпен жеткізді. Өйткені, көкейіндегі ойы ақша емес, еңбегінің жемісі, өнерге төленген алғашқы ақы болатын.
Осылайша ауылдағы ағайын жалындап тұрған жастың сөз саптауына, ер көңілді мінезіне риза болып, жиі шақыра бастайды. Көп ұзамай ауылдағы үлкен бір тойға тамада етіп шақырып, ол жерден 500 теңге табыс табады. Бұл әлбетте Жәнібек Тастанбекұлының есінде мәңгі қалды. Кейін өзі де езу тартып еске алады:
«Алғашқы 200 теңгемді алғанымда өзімді үлкен сахнаға шыққандай сезіндім. Ал 500 теңге қолыма тиген күні «міне, еңбектің наны тәтті екен» деп қатты қуандым. Бірақ ол кезде ақша емес, халықтың алғысы мен ықыласы қымбат еді» – дейді ол.
Сол сәттен бастап-ақ өнер иесінің жолы айқынтдалғандай. Бұл – оның асабалыққа бет бұрған, өнер жолындағы алғашқы қадамы болатын. Жәнібек 2003 жылы ауылдық клубқа жұмысқа орналасып, сол жылы-ақ ауыл мәдениетінің шырақшысы атанды. 2004 жылы «Жас үздік клуб қызметкері» атағын алып, еңбегінің алғашқы жемісін татты. Сол кезде оның жалақысы небәрі 3500 теңге болатын. Бірақ ол үшін ақша емес, халықтың алғысы мен ықыласы қымбат еді. 2005 жылы достары Алматыға шақырып, қалалықтардың тойына асабалық жасап жүрді. Бірақ ауылдағы ата-анасын қимай, көп ұзамай туған жерге қайта оралды. Бұл шешім оның өмірін түбегейлі өзгертті. Ауылында шаңырақ көтеріп, жанұялы болып, өмірін өнер мен еңбекке арнады.
2006 жылы өнердегі ағасы, белгілі асаба Рашид Налтаев қасына ертіп, үлкен мектептен өткізді. 2007 жылдан бастап аудан көлеміндегі тойларға шығып, абыройы асқақтады. Иа, аудандағы үлкен тойларға араласып, көпшіліктің алдына шықса да, үстінде қарапайым жемпірмен талай тойды өткізгенін айтып, еске алды. Әлбетте, халық оның киіміне емес, сөз саптауына, дауыс мәнеріне, тапқырлығына риза болғанының айғағы емес пе?
Содан бері 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Бүгінде Жәнібек Тастанбекұлы аудандық мәдениет үйінің сахнасында талай мерекелік кештерді жүргізген, халықтың қуанышын ортақтасқан, ел алдында жүрген тәжірибелі мәдениет қызметкері. Бесарық клубындағы шаралар да өзгеше сәнімен өтеді. «Бесарық клубында концерт болады» десе, ауданнан арнайы келіп қатысатын дәстүр қалыптасқан. Бұл өнер иесінің жауапкершілігі мен еңбегінің нәтижесі.
Жәнібек Тастанбекұлы – тек өнердің ғана емес, отбасының да тірегі. Ауылдастары оның сахнадағы жарқын бейнесін көріп, асабалық шеберлігіне тәнті болса, жақындары оның үлкен жүректі, бауырмал, адал азамат екенін жақсы біледі. Жары Сәулемен шаңырақ көтеріп, алты бірдей баланы тәрбиелеп отыр. Әрбір бала – олардың өмірінің мәні, шаңырақтың шаттығы. Бірақ тағдыр оларға сынақты да аяған жоқ. Екі бірдей әпкесінен ерте айырылып, артында қалған балалардың қамқоршысы болу – Жәнібекке үлкен жауапкершілік жүктеді. Ол бұл ауыртпалықтан қашпай, қайта қайсарлықпен қабылдады.
Жиен інісін өз бауырындай бағып-қағып, ер жеткізді. Уақыты келгенде үйлендіріп, жеке отау құруына жағдай жасады. «Жетім көрсең жебей жүр» деген халық даналығын өз өмірінде іспен дәлелдеп, әпке аманатына адал болды. Тағдыр тағы бір сынақ жіберіп, әпкесінен қалған қызды да қолына алды. Ана орнына ана болып, әке орнына әке болып, оны бойжеткізіп, тұрмысқа ұзатып, барлық жөн-жоралғысын атқарып шықты. Бұл – үлкен жүрекке ғана тән қасиет.
Осындайда ауыл ақсақалдарының айтатыны бар: «Азамат деген – өз басын ғана ойламай, ағайынының, ауылдасының да жүгін көтерген жан». Шын мәнінде, Жәнібектің өмір жолы осы сөздің айғағы.
Жәнібек тек сахна төрінде ғана емес, еңбек майданында да алдыңғы шепте жүр. Жары Сәулемен бірге кәсіпкерлікті дамытып, ауыл экономикасына да үлес қосуда. Бүгінде Бесарық ауылында үлкен дүкен желісін ашып, ауыл тұрғындарын тұрмыстық және азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, отбасылық шағын өндірісті де жандандырып келеді. Сәуленің қолынан шыққан «Компот от Сәуле», «Ням-ням Сәуле» өнімдері ауданға кеңінен танылып, халықтың сүйіспеншілігіне ие болды. Бұл тек кәсіп емес, ауылдағы адал еңбектің, тиянақтылықтың көрінісі. Үйінде сауынды сиыр ұстап, айран, сүт, қаймақ өнімдерін дайындап, ауылдастарына ұсынуда. Бұл – «еңбек етсең емерсің» деген қағиданы ұстанған отбасының шынайы бейнесі.
Жәнібек пен Сәуле бар тапқанын маңдай терімен табады. Олардың әр күні еңбекпен өріледі, әр табысы адалдықпен келеді. Сондықтан болар, халық оларды «еңбектің нанын жеп отырған шынайы отбасы» деп ерекше бағалайды.
Жәнібектің еңбегі тек қағазға түскен марапаттармен емес, халықтың алғысымен өлшенеді. Ол жүргізген тойдан шыққан жұрт әрқашан разылығын білдіреді, ол ұйымдастырған концертке келген көрермен әрқашан қуанышпен тарқайды.
Ауылдастары оны құрмет тұтып қана қоймай, арқа сүйер азамат ретінде бағалайды. Кез келген мәдени шарада Жәнібектің қолтаңбасы бар. Бұл – адалдықпен жасалған еңбектің, халықтың сенімін ақтаған жанның несібесі.
Сыздықов Жәнібектің өмір жолы – өнерге адалдықтың, еңбекке беріктіктің, қарапайымдылықтың үлгісі. Ол – ауылдың нағыз тірегі, елдің рухани байлығын арттырып жүрген мәдениет шырақшысы. Қарапайым ауылдан шығып, үлкен сахналарды бағындырғанымен, туған жерінен алыстамай, ауылына, еліне қызмет ету – оның ең үлкен мақтанышы.
Осындай азаматтар барда ауылдың рухани шамы ешқашан сөнбейді. Осындай тұлғалар барда елдің мәдениеті өркендеп, берекесі арта бермек.

Әсел Рзаева

22 қараша 2025 ж. 748 0