№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әнші Серік Ибрагимовтың ұстазы қандай марапат алды?

Әнші Серік Ибрагимовтың ұстазы қандай марапат алды?


Құрманғазының «Сарыарқа» күйін тыңдап отырып, көз алдыңа қазақтың кең байтақ даласы, ауыздығымен алысқан арғымақтар елестейді. Қазақтың кешегі тұрмыс-тіршілігі күйдің құдыреттілігімен көркем бейнеленеді. Ал, аққорғандық Құлахмет ағайдың «Талдысу сазын» естігенде Қаратаудың тұмса табиғатын тамашалап, саф ауасын жұтып қайтқандай күй кешесің.

Иә, сексенге жуық ән жазып, бірнеше күйді өмірге әкелген аудандық ұлт аспаптар оркестрінің дирижері, аудандық хордың жетекшісі, сазгер, күйші, «Түгіскен балалар өнер мектебінің» директоры Құлахмет Нәлтаевтың төл туындылары Сыр жұртына кеңінен танымал. Әлі де жазары көп сазгердің шәкірттері, ізінен ерген інілері қазақ өнерінің шыңына қадам басып келеді. Осы тұста Білім күні мерекесі қарсаңында Құлахмет Нәлтаев ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасына ие болды.
Ұзақ жылдарғы еңбегі еленген Құлахмет аға бала кезінен әке жолын жалғауды арман­дап, болашақ сазгер Құрманғазының күйлерімен сусындап өсті. Бала қиял оны үлкен өмірге қадам басарда өнер саласына жетеледі. 1975 жылы Қызылордадағы Гоголь атындағы педагогикалық институттың музыка факультетіне түсіп, білікті оқытушылардан дәріс алды. Студент кезінде халықтық «Сыр сұлуы» ансамбліне мүше де болды.
– Қандағы өнерге деген тектілік мені мәдениет саласына алып келгені рас. Талап совхозында туылып, қызмет жолымды №54 орта мектепте ұстаз болып бастадым. Аудандық шығармашылық байқауларда тек жүлделі бірінші орын алатынбыз. Ол кездегі мұғалімдердің барлығы дерлігі өнерлі еді. Ұстаздардың оркестрін ұйымдастырдым. Ауылдан сегіз дауысты хор ұйымдастырғанымда Бексұлтан Байкенжеевтің былай деп айтқаны бар. «Қарапайым физика, математика пәні мұғалімдерінен сегіз дауыстық хор ұйымдастыру бұл өте үлкен ерлік», – деді түгіскендік талант иесі.
Өнер жолы – ауыр жол. Осы соқпағы көп жолда тума талантымен танылып қана қоймай, артыңда өшпестей із қалдыра білу үлкен ерлікпен тең. Жүректен шыққан туындылары жүрекке жетіп, ел есінде жатталса, екіншіден ұлағатты ұстаз ретінде шәкірт тәрбиелеп өсірсе, міне, нағыз өнердің шыңы, шынайы бақыт деген осы емес пе? Бүгінде Құлахмет Нәлтаев Түгіскендегі балалар өнер мектебіне жетекшілік етеді. Қазіргі таңда бұл өнер мектебінде: домбыра, баян, қолөнер, эстрадамен ән салу, дәстүрлі ән, виолончель, би үйірмесі жұмыс істейді. Ауыл балаларын өнерге баулып, қазақы өнерді дамытып келеді.
– «Ел іші – өнер кеніші» демекші, расында бойында таланты бар әрбір өнерпаз мектеп қабырғасында жүргенде ашыла бастайды. Яғни, білім ордасы – бұл оқушылар мен ауыл жастарының талантын шыңдап отырған киелі мекен. Талай өнерлі жандардың түлеп ұшқан алтын бесігі. Ауыл балаларының өнерге деген қызығушылығы зор. Таланттылар да аз емес, адам бойында бір пайыз талант болса, қалған тоқсан тоғыз пайызына еңбек етуің керек. Сондықтан, жеткіншектерді көп ізденуге, оқуға баулып отырамыз. Сонда ғана қазақ өнерінен өз орнын табатын болады, – дейді Құлахмет Нәлтаев бізбен әңгімесінде.
Баршаңызға мәлім, шоқтығы биік эстрада әншісі Серік Ибрагимов Құлахмет ағайдың төл шәкірті. Балабақша кезінен шабыттандырып, үнемі жол көрсетіп отырды. Әлі де ақыл кеңесін беріп отырады. Міне, неше жылдық еңбектің жемісі.
«Атадан ұл туса игі, әке жолын қуса игі» дегендей, бүгінде дирижердің ұлы Сүндет әке жолын жалғап, өнер мектебінде мұғалім болып қызмет жасайды. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл өнерді өскелең ұрпақ бойына сіңдіруде үлкен еңбек етуде. Ал, жары Гүлжан апай да өнерден кенде емес. Той-думандарда қоңыр дауыста әндетіп қоятыны бар. Ал, қонақжайлығы бір бөлек. Бұл туралы сазгер бізбен әңгімесінде: «Кезінде біздің шаңыраққа мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков құтты қонақ болған. Сонда жеңгеңнің дайындаған дәм-тұзына ризашылығын білдіріп, рахметін айтып кетті» деп еске алды.
Түйіндей айтқанда, өнер ұлт болмысының айнасы десек, музыка – халықтың асқақ рухының тілі. Ол ғасырлар бойы үздіксіз жетіліп, даму үстінде болатын жанды мәдени құбылыс. Осындай табиғи талантын біліммен ұштастырып, қазақ өнерін жаңа деңгейге көтеруге өзіндік үлесін қосып жүрген Құлахмет Нәлтаевтың ел алдындағы еңбегі еселі.

30 тамыз 2019 ж. 922 0