№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бесарық клубының бәсі биік

Бесарық клубының бәсі биік


Сыр өңіріндегі «Ең үздік клуб-2018» байқауының бас жүлдесін иемденген Талап ауылдық округіндегі Бесарық бекеті клубын білмейтін жан жоқ. «Мың естігеннен, бір көрген артық» дегендей, ауыл мәдениетімен біте қайнасқан клуб үйіне арнайы бардық. Жәнібек Сыздықов басшылық ететін мәдениет үйінің тынысымен таныстық.


«Тазалық – табалдырықтан баста­лады» демекші, ауыл балаларын өнерге баулыған өнер ордасының қызметкерлері тазалыққа ден қойып, әрбір сенбіде осы дәстүрінен айнымайтынына көз жеткіздік. Клуб ауласындағы қазақы нақыштағы ұлттық ою-өрнектің сәні бір бөлек. Тастан көмкерілген оюдың авторы Тастанбектің ұлы Жәнібек. Қандай да бір іс болса басы-қасынан табылып, әріптестерімен ауыртпашылықты қатар көтеретін клуб меңгерушісі Жәнібек Сыздықовты Жаңақорғанда танымайтын жан жоқ шығар, сірә!
Сенесіз бе, өткен жылы осы мәдениет ошағында қырықтың үстінде мәдени-рухани шара өткізілген. Кез келген шараның мазмұнды өтуінде мамандардың орны айрықша. Алайда бұл клуб үйінде меңгеруші мен сүйемелдеуші ғана шығармашылық жұмыстармен айналысады. Бүкіл жүк екеуіне артылған. Штаттық бірлік саны тапшы. Әдіскер, музыкалық аппаратура маманы, үйірмелердің жетекшісі де осы екі қызметкер қосымша атқарады. Ал қалғаны есепші, техникалық қызметкер. Қызылорда облысы бойынша үздік атанған мәдениет үйіндегі штаттық бірлік санын көбейтуді сала басшылары назарға алар деген оймен, жеткен жетістері мен жоспарына үңілсек.
Айтқандай, өткен жылы Сыр өңірінде 40 мәдениет ошағының ішінен оза шауып, «Үздік клуб-2018» байқауының жеңімпазы атанғандықтан биыл 22 қараша күні Бесарық клубында өңірдің ең үздік клубын анықтайтын болады. Дайындық барысы қызу.
– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылатын «Үздік клуб-2019» облыстық байқауының қорытынды шарасы біздің ауылда өтеді. Өйткені, өткен жылғы жеңімпаз ауылдық клубтың жұмысымен жіті танысуы қажет. Ауылдық, аудандық, қалалық мәдениет мекемелерін қолдау мен дамытудың біртұтас жобасын жасау, клуб жұмысына цифрландыру жүйесін енгізу, белсенді шығармашылықпен айналысатын қызметкерлерді анықтап, оларды дәріптеу мақсатында облыста құрылған комиссия өңірдегі мәдениет үйлерін аралап шығады. Соңыра, үздік деп танылып, іріктелген 9 мәдениет үйі мен ауылдық клуб мекемелері ақтық сайысқа тиесілі жолдаманы сарапқа салады. Міне, биылғы жылдың үздік клубын анықтауға да аз уақыт қалды. Біз бұған дейін де бірнеше облыстық маңыздағы мәдени шараларды өткізгендіктен өңірлік байқауға сақадай саймыз, – дейді Жәнібек Сыздықов.
Жасыратыны жоқ, мұндағы әрбір мерекелік шаралар еркін форматта және өзге де үздік шоу-бағдарламаларымен ерекше. «Караоке-киллер», «Ой мен ойын», «Көшенің татулығы-елдің татулығы» секілді интеллектуалды ойындарға жұртшылық жақсы бағасын берген болатын. Әсіресе, ауыл тұрғындары арасындағы ауызбіршілік пен ынтымақты арттыруда «Көшенің татулығы – елдің татулығы» атты сайыстың алар орны айрықша. Көше тұрғындары асыға күтетін сайыс жыл сайын жоғары деңгейде ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, облыс бойынша клуб үйі жанындағы жалғыз қуыршақ драма театры осы Бесарық мәдениет үйінде орналасқан. Клуб сүйемелдеушісі Роза Мәдиева апайымыз қуыршақтарға қазақы нақыштағы көйлектер тігіп, ертегі кейіпкерлерін айнытпай айшықтай білген. Оған қоса, қолөнер бұйымдары, ән, сурет салу үйірмесіне де қызығушы шәкірттер саны көп. Ән әлемінде өзіндік орнын таба білген жас өнерпаздары да жетерлік. Мектеп оқушылары мен ауыл жастарының талантын шыңдап отырған киелі мекен. Мәселен, жас әнші Мәдина Ералиева мен Тұрар Ильяс секілді өнерпаздар бүгінде ауыл абыройын асқақтатуда. Мәдина бүгінде университетте бірінші курс студенті. Ол оқу орнындағы барлық мәдени шараға белсенді атсалысып, байқаудан да қалыс қалған емес. Одан өзге аудандық, облыстық, республикалық «Бозторғай» байқауы мен түрлі ән-би фестивальдерінде Бесарық бекетінің шәкірттері жеңіс тұғырынан көрінуде.
Қорыта айтқанда, ұйымшыл ұжымның ынтымағы қашанда өз істеріне жауапкершілік танытып, жоғары деңгейден көрініп келеді.

Самат ӘБДІШ
21 қараша 2019 ж. 798 0