№61 (8875) 16

16 тамыз 2025 ж.

№60 (8874) 12

12 тамыз 2025 ж.

№59 (8873) 9

09 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » Кеніш майталманы

Кеніш майталманы

Металлургтер күні қарсаңында осы салаға маңдай тері сіңген тұлға туралы жазу ойда бар еді. Іздегеніміз алдымыздан шықты, тоқсан жасқа келген кен саласының ардагері Шаназаров Тұрлыбек қарияның өзі редакциямызға келесі алты айлыққа газетке жазылу үшін келіпті. Жағдай сұраса келе білгеніміз, кен саласына сіңірген қырық жыл еңбегінің есесіне аудандық ардагерлер кеңесі атынан марапатқа жоғарыға ұсыныс жолданған екен. Сол әлі күнге аяқсыз қалып келеді. Сүйексіңді дағдыға дауа жоқ, алдыға бір мақсат қойды ма, бір жағына шықпай көңілі бірленбей тұрса кімге не десін? Қарияның жағдайы бізге де ой салды. Мүмкін, насихаты кем шығар? Ал атқарған еңбегі … Оны көзінің тірісінде өз аузынан естіп көптің назарына ұсынғанның өзі ғанибет қой. Қош. Өңіріміздегі ірі өндіріс орны майталманының өткен өмір белесі, әр айтқан естелігі – тарих. Иә, тарихты тұлғалар жасайды.
Кезінде үздік жетістіктері үшін «Құрмет» кітабына есімі жазылған, «Қойнау барлауының жетістігі» төсбелгісінің иегері, Шалқия қазбалы кен орнының ашылуына өзіндік үлесін қосқан бұл кісі туралы бүгінгі ұрпақ білмеуі мүмкін. Жоғары оқу орнын бітірген соң жолдамамен «Байжансай» кенішінде жұмысын бастаған Тұрлыбек Шаназарұлының бұрғылау ісі прорабы болып жүрген жерінен елге жіберілу сырына келейік. Алпысыншы жылдардың бас жағында Қаратаудың жота-сілемдерін зерттеп жүрген Ташкентте туыпөскен ұлан, жас геолог Пулат Серікбайұлы бір қара тасқа көзі түсіп, руда екеніне толық көзі жетіп, осы маңайды бұрғылау-барлау жұмыстарына рұқсат алады.
Осы кісінің ұйытқы болуымен 1962 жылы алғаш рет өңіріміздің «Өгіз-Мүйіз» маңайын зерттеген геофизиктер бұл маңда қорғасын, мырыш рудасы бар екен деген жорамал түзген.
Міне, осы дәйекке нақты көз жеткізіп санды негіздеме жасау қажет болғанда институт жолдамасымен шалғайда жүрген Шаназаров басшылықтың «Өзіңнің туған жерің екен ғой, Яныкурганға (ол кезде Жаңақорған осылай аталады) өзің барасың» деген тапсырмасымен келеді. Жұмысты осы жылы қазан айында №19,21 санды ұңғымалардан бастайды. Жұмыс жүргізу үшін глинаны Шұқыройдан, суды 20 шақырым қашықтағы аудан орталығынан, порошок лайды Ташкенттің маңындағы Келестен тасуға тура келген. Сонымен тереңдігі 280 метр екі ұңғыма қазылып 200-250 метр тереңдікте қорғасын минералы (галерит, сфалерит) бар екені толық дәлелденеді. Енді одан әрі бұрғылап қорын анықтау керек екен деген қорытындыға келеді. Бұлар 1964 жылы бұл жерді алмазбен бұрғылауға тапсырма алады. Қазба байлық зерттеп жатқан жерлерге электр желілері тартылып, подстанция орнатылады. 1965 жылы кенішті көруге арнайы Қазақ КСР Геология министрі Шахмардан Есенов келеді. Кездесуді пайдаланып Жайылма ауылының халқы ауызсу мәселесін айтып, ол шешіледі. 1967 жылдың аяғында кеніш жұмысы белгісіз себептермен тоқтап қалады.
Бұл кезде Тұрлыбек ағамыз Кентау экспедициясына бас инженердің орынбасары қызметіне жіберілген. Өздерінің маңдай тері сіңген кеніш жағдайы жөнінде бұл кісі Мәскеуге хат жазады. Көп ұзамай Мәскеуден арнайы өкіл келіп руда қоры көп деген қорытынды жасалады. Орталықтан зерттеу жұмысын қайта бастау жөнінде қаржы бөлінеді.
Осы жұмыстарға техникалық жетекшілік ету мақсатымен Шалқия кенішіне өз өтінішімен қызмет ауыстырған Шаназаров туған жерде қажырлы қызметін жалғастырады. Кенді іздеу, барлау, алдын ала барлау, тау жыныстарын егжей-тегжейлі барлау стадияларын жүргізуді толық орындап, 1983 жылы Мәскеудегі Мемлекеттік Қор Комитетіне тапсырып, руданы өндірістік мақсатта пайдалануға «Ащысай полиметалл комбинатына» өткізуге рұқсат қағазын алады. Шалқия қазба кен орнының ресми құжаттары 1985 жылдан бастап Қызылорда облысына өтеді. Бұл кісі 1990 жылы «Талап» геология барлау партиясының бастығы қызметіне ауысады. Зерттеу жұмысы нәтижесі руданың Жайылма жаққа қарай емес, Құттықожа жаққа 550-750 метр қалыңдықта орналасқанын анықтады. Көп ұзамай Бірлік кеңшарының тау жағындағы «Бөрібай», «Жалғыз ағаш» деген жерде зерттеу жұмыстары жүргізіліп Талап кеңшарының солтүстігінен қорғасын, мырыш табылды. Кеңес өкіметі тараған кезде жұмысы мүлдем тоқтап қалған Шалқия кеніші 1989 жылы 9 ақпанда дербес кәсіпорын болып ашылады. Арада екі жыл банкроттыққа ұшырап, 2001 жылы отандық инвестор «Тау-кен таулы металлургиялық компания» ЖШС жұмысын бастайды. 1984 жылғы 13 наурыздағы СССР геология министрлігінің шешімімен Шалқия мырыш-қорғасын кен орнын ашқан Пулат Серікбаев «Кен орнын алғашқы ашушы» деген төсбелгімен марапатталады. Қазақстанның жерасты қазба байлықтарын табу, игілікке жаратудағы енапат еңбегі үшін жерлесіміз Ахмет Әділов «Тау-кен генералы» атағына тұңғыш ие болған жалғыз қазақ екенін де мақтанышпен айтсақ болады. Осыдан үш жыл бұрын №164 орта мектебіне Ахмет Әділовтің есімі берілді. *** Ақиқат тарихтың айнымас серті осындай. Десек те жоғарыдағы тарихи тұлғалар қабатында ұлы істердің уығын көтерісіп, табанды талабымен тау мақсаттарға жол аша білген қарапайым еңбек адамдарының еңбегі елеусіз қалып жатса қиянат болмай ма? Бойында қырым артық еті жоқ, тоқсанға келсе де бойын тіп-тік ұстап, бір сөзінен жаңылмаған тау-кен ісі майталманының өмір хақаясына қаныққанда ерді шыңдайтын еңбектің құдіретіне еріксіз бас идік. Ақсақалдың үш ұлы – Әбділла, Марат, Мұрат үшеуі де әке жолын жалғаған кен саласының мамандары.
Бүгінде бәрі зейнеттік демалыста екенін білдік.
– Өзім әкеден жетеу екенмін. Бәрі кішкентайында қызылшадан шетінеп кете берген ғой. Мен де бес-алты жыл аяққа тұрып кете алмай әрең адам болыппын. Түркістаннан келген өзбек емші бір келі сынап беріп үш-төрт ай соны ішкізіпті. Содан тәуір болыппын. Кейін екінің бірінде баспа ауруым тамақтан ұстап, аптатып, ота жасатамыз деп оныншы сыныпқа дейін қиналдым. Ауылымыздың жанында дариядан айына екі рет пороход өтетін. Он-он бес матросы бар. ХТЗ тракторының бөлшегін тасиды екен. Жүгіріп шығып бір шелек керосин алып қаламын. Орнына ит берем. Үйде екі шелекте, бірінде су, бірінде керосин, сырттан жүгіріп шөлдеп кіріп білмей қап керосинді сімірмеймін бе, үш-төрт күн жүрегім айнып жүрді. Бірақ сен көр, мен көр, тамағым баспа ауруынан айықты. Кейін тағы осындай екі-үш кісі керосин ішіп ангинадан жазылды. Қазіргідей күйдіріп жіберер қышқыл емес, жұмсақ тигендей, әйтеуір өзіме ем болды, – деді ол.
Науқас әке, жас бала, қорғансыз ана. Нешеме күндер асқатықсыз қара суға қамалған күндерді еске алған қария бәрінен қараңғылық, надандықтың салмағы ауыр екенін санаға түйіпті. Қарасаңшы, қолдарына тапсырып кеткен шұбатылған қағазға түсініп қарамаған. Сөйтсе, онысы теміржол ардагері отбасына тегін азық-түлікке берілген талон екен ғой.
– Теміржолда жұмыс істеп соғыстан броньмен қалған әкем үш жылдай төсек тартып жатып 54- жылы қайтыс болды, – деп жалғастырды қария сөзін.
Осының алдындағы қыста біз тұратын Аққұм аралын су алды. Жұрттың бәрі бас сауғалап кеткен. Үйдегі бас көтерер жалғыз мен, ол кезде тоғызыншыда оқимын. Ауру әкемді шанаға салып мұз үстімен сүйрегенде қара терге малшынып, ол аязбен сүңгі боп қатып, Ызғар елді мекеніне он сағатта жетіппін. Алдымен жеткен ағайын қасы-кірпігіме дейін аппақ мені танымай «қар адамы» деп шатасты. Әкем онды бітірер жылы қайтыс болды. Жағдайымыз ауыр, шешем диірмен тартады, мен кесек құйып жүріп, қолымда кітап, емтиханға дайындалып жүрмін. Гүлманов Махмұт деген ағайымыз бар еді, тарихтан да, жаратылыстанудан да сабақ беретін өзі. Осы сабақтардың барлығын беске оқыдым. Су алғанда құлап қалған қоржын тамымызға үкімет 100 сом шығарды. Соны алып оқуға Ташкенге аттандым. Ауылдан Ералы Мұхамеджанов, Жамур Шәмшідін, Бектұр Оспанов деген балдар бар қасымда, бәрі емтиханнан құлады. Мен өтіп кеттім. Ташкенттегі Орта Азия политехникалық институтының филология факультетінде топ бастаған серкедей он шақты баланың алдында жүретін Ислам Каримов ойымда қалды. Бұл факультетте қазақ баласына орын жоқ екен. Қандай факультетке ауысасың дегенде баяғыда қарашаүйде әкемнің қасында жатып небір қиялға түсер сәттерім еске түсті. Ауыл қарияларының «Осы Шалғаядағы ауылда қар тұрмайды. Неліктен екен?» деген сауалына жауап табатын геолог болсам деп армандадым. Астында қорғасын бар жердің температурасы жоғары болады екен. Оны кейін оқығанда білдім, - деп бір түйіп қойды қария әңгімесін.
Оқуды бітіріп келген соң төл мамандығы бойынша талмай қызмет еткен еңбек адамының кен кәсіпшілігінің өркендеуіне қосқан еңбегін жаңа жоғарыда айттық.Титтейінен тырнағын салған тажалдың торын тырмысып үзіп шығып, одан кейін де етінің тірілігімен қатарынан озып, туған жердің қазба байлығының кәдеге асуына таудай үлесін қосқан тарланның еңбегін бағалап, елеулі наградаға ұсынсақ жараспай ма? Бұған «Шалқия Цинк ЛТД» ЖШС-ның бүгінгі басшылығы қалай қарайды? Кейін шаммен іздесек те таппай қалар асылдарымызды көзі тірісінде бағалап, төрге оздыру – келешек өзіміздің де мерей мінберімізді бекемдейтін биік құрмет екенін ұмытпайық.

                                                                                                                                              Баян ҮСЕЙІНОВА
11 тамыз 2025 ж. 1 226 0