Мәртебесі биік марапат
Аудан экономикасының табысын еселеуде және халыққа қызмет көрсетуде энергетиктердің еңбегі зор. Әрі энергетика саласы – қашанда әлеуметтік сала мен индустрияны алға жылжытушы күш. Осы тұста, аудандағы энергетика саласының майталман маманы Нұрділлә Алтыбаев ағамыз Жаңа жыл қарсаңында қос марапатқа ие болды.
«KЕGOC» АҚ Оңтүстік аймақтық электр желілерін басқару мекемесінің Жаңақорған филиалының башысы қызметін абыройлы атқарып жүрген Нұрділлә Абділләұлының саладағы еңбек өтілі қырық жылдан асады.
Ең алғаш еңбек жолын қарапайым инженерліктен бастаған білікті басшы аудандық электр торабы мекемесінде жемісті жұмыс жасады. Қажырлы еңбегінің арқасында инженерлік жұмыстан бас инженерлік қызметіне дейін көтерілді. 2005 жылдан бастап, «KЕGOC» АҚ Оңтүстік аймақтық электр желілерін басқару мекемесінің Жаңақорған филиалының басшысы.
Нұрділлә Абділләұлының қырық жылдан аса табан аудармай елге еткен еңбегі еленіп, марапат биігінен көрінді. Оның бірі, «Еңбегі сіңген энергетик. Қазақстан Электр энергетикалық Қауымдастығы» төсбелгісі. Екіншісі, энергетика саласын қарышты дамытудың үздік жобасына айналған «ГОЭЛРО жоспарына 100 жыл» медалі. Айта кету керек, Жаңа жыл қарсаңында қос марапатқа ие болған Нұрділлә Алтыбаев бұған дейін де Қазақстан Электр энергетикалық Қауымдастығының «Құрметті энергетик» төсбелгісі мен бірқатар басшылықтың грамоталарына лайықты деп табылған.
Әбдісамат ӘБДІШ