№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Біздің Нәзен


Газеттің қарашаңырағын ортақ мекені санап, өз үйіне бас сұққандай еркін кіріп келе жататын кісілерге еріксіз жүрегің жылиды. Өйткені олардың дені былайғы жұрттан өзгешелеу, жан-дүниесі таза, қыбыр-жыбыр құмырсқа тірліктен бір саты биікте, қарақан бастың емес руханияттың жоғын жоқтап, ел-жұртының жағдайын күйттеп жүреді. Солардың қатарында аудан орталығына келгенде редакцияға бір бас сұғып кетуді парыз санап, тілші қауыммен есендесіп шығатын мына оқырманымыздың жөні бөлек.
Ол кезде Талап кеңшарының №3 фермасы саналатын Қосүйеңкі ауылынан шыққан озат шопан Сейілбек Елшімановтың ұлы Нәрзілданы көпке танытқан аудандық газет еді десек болады. Жаратқан ие оны сөйлеу қабілетінен кемдікке қиғанмен еңбекте қатарының алды етіпті. Әкесінің, одан соңғы әке ақ таяғын аманатқа алған ағасының жанында көмекші бола жүріп осы екі азаматтың да абырой биігінен танылып, құрметті атақтарды алуына көп бейнеттенді. Осындай ақ-адал еңбегінің арқасында аудандық, облыстық деңгейде өтетін комсомолдардың слеті мен конференцияларына Әзия, Айша, Шырынкүл Сәулебек, Қалмұрат сынды майталмандармен бірге бұл азамат қатар шақырылып, аты бірге аталып жүретіні есімізде қалыпты. Кейін шаруашылықтар жекешеленді. Әркім өз жағдайын күйттеп, жеке басы тіршілігімен әуре болып кетті. Баяғыдай редакция қоржынына келіп түсіп жататын хаттар легі де тиылды.
Бүгінде оқырманның дені интернет арқылы хат-хабар алмасуды қолай көретіндіктен редакцияға келіп жатуды да қажет етпейді. Бірақ, қалам ұстаған ағайын әдейілеп-ақ бұрылып, ойпікірімен бөлісіп, өзіне де, өзгеге де де бір міндеттің ұштығын арқалатып,тың мақсат пен идеяны жоспарламаса жүре алмайды. Солардың қатарында осы Нәрзілда ағамыз да баяғы әдеті есіне түседі ме, редакцияны бір үйі санап, кейінгі келген жастарды да жатырқамай, жазған-сызғандарын ұсынғысы келетін тәрізді. Бұ не қылған кісі, жан қалауы не, сыралғы біреу болмаса бүгінгі толқын мүлде түсінбеуі мүмкін. Тілі жоқ, тек ыммен, бет – жүзін мың құбылтып ынтамен жеткізген ишарасымен бар айтарын ақтарып салдым дегенмен мұңлық кеудені мұңсыз жұрт қайтіп түсінсін? «Бұл кісі қашан келсе де газеттің соңғы шыққан сандарынан артық тұрған данасын көп қылып қолына ұстатып жіберіңдер. Ол кісі газет оқиды. Соны іздеп келеді. Өзі жас кезінен жазуға құмар болып, мақалалары газет бетіне шығып тұратын. Сол жарқын шақтан қалған дағды, әдетінен жаңылмай жағалап келгенде ескі көзден ешкім жоқ, далаға келгендей болмасын, қолын алып, қолпаштап қойыңдар, – деп, іштегілерге барынша дайындап сыртынан таныстырып қойдым. Көзкөрген ретінде ол кісіге бар көмегім осы болды. Бүкіл жастық жалынын шаруашылықтың малын баққан әкесінің, одан кейін ағасының қарауында көмекші шопандыққа арнаған, бірақ қалайда уақыт тауып ауыл жаңалығынан қысқа хабар жазса да газетке беру үшін алыс шаруашылықтан алып-ұшып жететін елгезек жігіттің төбесін көргеннен редакциядағы Пахмаддин ағай, Мағираш апай сынды құрдастары «О, біздің Нәзен келді» деп еркелететін. Жарым жүрек сол ықыласты көзқарасты шын сезінгендіктен де одан әрі жазуға ұмтылып, одан әрі газетпен байланысын жалғастыра түсуге ұмтылатын болар. Өзін штаттан тыс тілші ретінде көтермелеген ұжымның бір мүшесіндей сезінеді ме, жоқ бірсарынды өміріне өзгеріс сыйлап, үміт пен сәуленің ұшқынын кеудеге жаққан киелі орын көре ме, бірі кіріп, бірі шығып жататын қарашаңыраққа бұрылмай кетпейді. Осыдан бірер күн бұрын редакцияға соққанында бұрынғы көздерден етене тұтатын болса керек, тура маған қарай жүріп, қолындағы жазған қағазын қолыма ұстатты. Онда өзінің өмірбаяны туралы жазылған екен. Бұған қосымша өзі бірнәрселерді түсіндірген болды. Не айтпақ екен? Мен туралы жазыңдар дегісі келді ме? Басымды изеп, түсіндім дедім. Байыптап ой жіберіп қарағанға, 1956 жылдың 18 шілдесінде туған ол биыл алпыстың сегізіне толады екен. Осы алпыс сегіз жыл арманы ішіне толып, көңіл сыры көкіректе көмілген мұңлы кеуденің шеменді жағдайы елдің көз алдында болар, бірақ қоғам қызметінде он екі мүшесі сау адамдармен қасқайып бір қатарда тұра білудің өзі тағдырдың ісіне, одан қала берді, өз-өзін қайрай білген қажыр-қайраттың күшіне келетін тәрізді. Бір ізгі ниетті екінші ниет табады. Жақын күндері осы кісінің ауылдасы, газетіміздің тұрақты авторы Қалмұрат Мұсабековтің желіде жариялаған замандас туралы шағын жазбасына көзіміз түсті.
«Біздің Нәзен» деген тақырыпта жарияланған жүрекжарды туындыны шып-шырғасын шығармай түгел баяндап шығар болсақ, ол былай деп толғанады:
«Жаратқан ие пендесін бір жағынан қысса да бір жағынан артық қылуды нәсіп ете ме, титтейінен тілі шықпай, мүмкіндігі тұсалса да табиғи сезімталдығының мықтылығымен өмір жолын жарқын жалғап келе жатқан Нәрзілдаға табиғат мінез байлығын аямай-ақ тарту еткен екен. Сәби кезінен тіл кемістігі жазмыштан асып кете алмайды екенсің. Бүлдіршін қасіреті атаанасының мейірім-шапағатымен жуылып-шайылып, қатарымен алқын-жұлқын алысып, ерке де, еркін өсті. Мектепте қатар оқи алмаса да зерек бала өздігінше талаптанып хат таныды. Қиялғажайып кітаптарды бірінен соң бірін оқып, өзі де жазыпсызып өз-өзін жетілдіруден жалықпады. Үй шаруасына да пысық өскен өрен әкенің қолын ұзартты. Қай істі де ыммен түсініп, үлкендердің қас-қабағынан байқап қалт жібермейтін қағылез бала кейін келе тай үйретіп, ат құлағында ойнап тақымы мықты шабандоз атанды.
Өзі үнемі көңілді жүретін ол қатарқұрбысының арасында әлдекімдерге пародия жасап, жұртты қыран-топан күлкіге көмгенде бірінші мақсат алдымен өзінің көңілін көтеру, ойға беріліп оңаша қалғанды ауыр санайтын аңқылдақ мінезінен болса керек. Әулеттің атакәсібі шопандықты меңгеріп, әкенің ала таяғы қолынан түспеген жігіт ойда жүрсе де, қырда жүрсе де қалтасынан қағаз-қаламы түспей, көңілге ұнағанын түртіп алып, аудандық газетке жолдап, ол шықса мәз болып бізге көрсеткенше асық болып тұратын.
Қысы-жазы мал баққанда қонышына газет пен журналды сала жүрер әдетінен жаңылмады. Жақын туыс болып келетін жазушы ағалары Дүкенбай мен Тынымбайдың кітаптарын жастанып өскенін де білеміз. Ауылдағы кітапхананың оқырманы қазір де көп уақытын сонда өткізіп келеді. Жары Әсия екеуі 2 ұл, төрт қызды өмірге әкелген бақытты жанұя. Әке шаңырағын күзетіп, әулеттің ұйытқысына айналып отыр. Қыздары тұрмыста. Ұлы Айдос белгілі кәсіпкер. Жүрегі жомарт жан қашанда қайырымды істердің басы-қасынан табылып келеді. Екінші ұлы Нұрдосы қолында. Атакәсібі – мал шаруашылығынан қол үзбеген жанұя осы кәсіпті күнкөріске айналдырып елді ет-сүтпен қамтамасыз етіп отырған жайы бар» деп жазады ол. Иә, ел ішінде осындай да жандар бар. “Адал еңбек адал табысқа негіз қалайды. Табысты адам жақсы өмір сүреді” деген асыл қағиданы өмір жолымен дәлелдеген Нәрзілда – Нәзен осындай жан.

Баян ҮСЕЙІНОВА
16 шілде 2024 ж. 663 0