№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Біздің Тұмарбай

ХХ ғасырдың 60 жылдарынан бастап Тұмарбаймен жақсы таныс болатынмын. Оны алғаш таныстырған белгілі ақын, Қорқыттанушы, үш одақтың мүшесі (Суретшілер, Журналистер, Жазушылар одағы) марқүм Сейсен Мұхтарұлы болатын. Ол сол кездегі «Красная звезда» совхозында мен аудан орталығында, Сейсен болса Кейден ауылынан еді. Бізді достастырған, етене жақын еткен шығармашылық болса керек.
Бұл жылдары Сейсен республикаға танымал ақын болса, әңгіме еткелі отырған Тұмарбай Жаненов өнерге жақын, соның ішінде радиотехниканы жетік меңгерген, оған қоса фото түсірудің қас шебері болатын. Тұмарбайдың бойындағы кісі сүйсінетін қасиетінің бірі – тиянақтылық, қолға алған жұмысында мін болмайтын. Досқа адал, бір сөзді, не болса соған ашуланып, дүрс кетуді білмеуші еді. Ол жылдардағы фото түсірушінің әрекеті, қазіргі кезеңнен тым бөлек болатын. Түсірген соң оны шығару, лабараторияда кептіру, қоспаларын дәл өлшеу секілді мың-сан жұмыстан соң барып еңбегі көрінетін. Қазіргідей жетілген, автоматтандырылған, компьютерленген заманнан әлдеқайда көш кері еді. Содан араға жылдар салып Тұмарбаймен аудандық «Коммунизм жолында» (қазіргі «Жаңақорған тынысы») бірге әріптес болып қызмет етуге тура келді. Ол газетке фото тілші болып орналасты. Мен газет редакторының орынбасары болатынмын. Бұл жылдары газетте журналист Қалжан Исмайлов, белгілі жазушы Жақсылық Рахматулла, Төлеуғали Отарбаев, ақын Әкім Мейірбеков, редакторлар Адырбек Сопыбеков, Құдабай Ертаев, баспахана директоры Қазақбай Әлібековтар қызмет еткен болатын.
Жасыратын не бар, ол жылдардағы газеттің шығарылуы, баспаханада беттеліп басылуы өте қарабайыр еді. Қазіргі замандағыдай компьютерленбеген, соңғы технологиямен жарақтындырылмаған. Әсіресе газеттің әр номеріне кететін әрбір сурет, ол асығыс салыну қажет болғанда, Тұмарбайдың іскерлігі осында байқалып жататын. Үнемі жолсапарда болатын. Ол бармаған ауыл, кеңшар, өндіріс орындары болған емес. Мерекеге, науханды жұмыстарға (күріш орағы, қызыл керуен, сабан той) байланысты суретті лабараторияда шығарылысымен Қызылордаға тартатын. Онда газетке кететін әрбір сурет клеще болып (қарапайым тілмен айтқанда темірдің бетіне басылып жасалатын суреттер) облыстық баспаханада жасалатын. КазТАГ-тың, ТАСС-тан келетін клищелер почта арқылы жеткізілетін. Аудан мен Қызылорда арасын жол қылып жүріп Тұмарбай кезінде мықты танымал фототілшіге айналған еді. Оның суреттері облыстық, республикалық, газет журналдарға үзбей жарияланып жататын. Осылайша ол елмен етене араласып, тіршілікпен бірге тыныстады. Бірқатар фотоэтюдтері облыстық газетте жарияланып байқаулардың жүлдегері атанғаны да бар. Сурет түсіргенде, әсіресе кейіпкерінің керемет тұстарын тауып, көріністерінің ұрымтал сәті мен жұмбақ бейнелерін дәл табатын. Тұмарбайдың тағы бір қасиеті ауданда тұңғыштардың бірі болып деректі фильмдер түсіруді қолға алғаны бар. Мәселен, Халық ақыны Манап Көкенов пен ақын-жыршы Есіркеп Көңқабаев және драматург-актер Әмір Мәжитов жайлы түсірген фильмдері әлі сақтаулы. Ал, «Сопаздың сазында» «Кең қорықта» өткізілген шопандар тойы жайлы деректі фильмінің орны бөлек. Тұмекеңнің тағы бір ерекшелігі арнайы оқып-курстан өтпей-ақ телевизорды, радиотехникалардың «сырқатын» дәл тауып жөндей алатынына таң қалатынбыз. Мұның сыры, бұл дүниелерге өздігінше қызығып көп оқып, ізденіп, жүретіндігінен екен. Егер кімде кім аудандық газеттің 1970-1988 жылдардағы нөмірлерін ашып қараса Тұмарбай марқұмның түсірген суреттерін көріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне қосқан үлесінің аз болмағанына көз жеткізер еді.
Тұмарбайды еске ала отырып бір ой мазалайды. Ол сол жылдардағы аудан тарихына қатысты көптеген оқиғалардың куәсі болған фото-тілші еді.
Соңында қалған мұрасы да жетерлік болуы мүмкін. Өкінішке орай, оны жинақтап, бір арнаға түсіріп, мұрағатқа өткізіп, не болмаса мұражайға тапсыру жағы кемшін жағдайда. Газет бетінде Тұмарбай мұрасынан алып, көне суреттерді жариялап жатса, олда артық болмас еді. Кезіндегі фототілшісін қастерлеп, құрметтегені болар деп білеміз. Тұмарбайдың өзі өмірден өткен мен көзіндей болып суреттері жаңақорғандықтардың әр үйінде болуы бек мүмкін. Оның атын өшірмейтін сол көне тарих бетіндей суреттері мен деректі фильмдері болмақ.
Газет өзінің алғашқы фототілшілерінің бірі Тұмарбайды ұмытпаса керек-ті.

Файзулла САХИЕВ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
ауданның «Құрметті азаматы»
24 қыркүйек 2019 ж. 564 0