№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Тұғыры биік тұлға


“Мал өсірсең қой өсір-табысы оның көл көсір” дейді қазақ даналығы. Қойшылық кәсіптің шаш-етектен бейнетін көре жүріп, табысқа кенелгендер қатарында өзіміз де бармыз. Қысы-жазы көз алдымызда ұстап, қатарын шашау шығармай қолдан бермеуге тырысатын қой түлігінің табысы да жетерлік. Күн шыға өріске айдаған малмен бірге өріп, қараңғы түнде жайбарақат жусаған жануарды ит-құстан қорып, таң атқанша көз ілмейтін шопан еңбегін қалайша бағаламасқа?!


Кеңес өкіметі тұсында мал шарушылығына, оның ішінде қой басын көбейтуге ұдайы көңіл бөлінді. Мемлекет тарапынан азық-түлікпен, жем-шөппен, техникамен қамтамасыз етілді. Жоғарғы жетістікке көп жеткізген озат шопандардың үнемі еңбегі жоға­ры бағаланды. Жаңақорған ауданындағы кеңестік шаруашылықтар қаракөл қойын өсіріп, мемлекетке бірыңғай сапалы қаракөл елтірісін өткізумен айналысты. Солардың ішінде Бірлік кеңшары асыл тұқымды қаракөл елтірісін өндіретін бірегей шаруашылыққа айналды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Әбдіқалық Жаппаров осы шаруашылықтың Қосүйеңкі бөлімшесіне қарасты №3 фермада аянбай тер төгіп, еңбегі жанған біртуар азамат.
Әбдіқалық ағамыз 1940 жылы дүние есігін ашты. Сондықтан да пешенесіне бақытты балалық жазылмады. Ерте есейіп, еңбекке ерте араласуына тура келді. Ауылдағы жетіжылдық мектепте білім алып, он жеті жасында әкесі Жаппардың ақ таяғын қолына алды. Бала кезінен әке тағылымын бойға түйіп өскен ұлан қиындыққа мойымады. Сол кездері атағы алға озған ағалары – Қазақстанның еңбек сіңірген мал өсіру шеберлері, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегерлері Рәш Мырзахметов пен Әбсадық Сәдібековтердің іс-тәжірибелері жас түлектің талабына дем берді. Жас болса да сол еңбек ерлерінің қапталында намысқа тырысып, ет, жүн, қаракөл елтірісін өткізуде жарыстастар арасында ұдайы көш басынан таныла білді. Жұбайы, көмекші шопан Ұлбосын екеуі қоғам малын көз қарашығындай сақтап, абырой биігіне қол артты. Отбасында 2 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірді. Аңқылдаған ақкөңіл Ұлбосын апамыздың арқасы ғой, қысы-жазы қонаққа құшағы ашық, кең дастарханы жаюлы, қазаны қайнаулы, сары самаурыны екі иінінен демалып тұратын. Арысы алыстағы ақын-жазушылар, берісі ел сыйлаған ардақтылардың осы апамыз­дың қолынан дәм татпағаны кемде-кем. Осылардың бәріне үлгере жүріп отағасының тірлігіне тірек болған Ұлбосын апаны да еңбектің ері деуге болады. Жары, аудандық кеңестің депутаты болған Әбекең зәуімен аудан орталығына жиі жолға шығып кеткенінде қос ұлы Жақсылық пен Әлімханды жанына ертіп жонда жойылған қой отарынан шашау шығармауға тырысты.
Осы мақаланы жазу үстінде Әбдіқалық ағамыз туралы біраз дәйек іздеп, музей аралап, ұл-қыздары­нан мағлұмат жинақта­дым. Әбекең мемлекеттік марапаттардан кенде емес екен. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетісітіктер көрмесінің бірнеше мәрте жүлдегері, Социалистік жарыстың жеңімпазы, аудандық, облыстық кеңестің депутаты, аудандық партия комитетінің мүшесі болып сайланыпты. Қазақ КССР жоғары кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталуы және «Құрмет белгісі» ордені еңбек адамының маңдай терінің шынайы өтеуі сынды өзгеше биік тұр. Сол кездегі аудандық, облыстық мерзімді басылым­дар­да суреті басылып, мақалалары жарияланып, іс-тәжірибесі кеңінен насихатталыпты. Әбекеңнің бүкіл еңбек жолы жайлы шағын мақаламызда айтып тауысу мүмкін емес. Әбдіқалық ағамыз қандай дәрежеде болса да айтуға тұрарлық тұлға.
Кеңшардың бүкіл мүлкі жекешелендіріліп үлкен ұжым таратылғанша аянбай еңбек еткен Әбекең құтты таяғын тапсырып, құрметті демалысқа шықты. Перзенттер қызығына кенеліп, немере сүйді, шөбере көрді. Алланың жазуы, 2009 жылы ауыр науқастан өмірден озды. Үлен ұлы Жақсылық Алматыда жеке кәсіппен айналысады. Жаны жомарт, қайырымдылығы мол азаматтың жәрдемін көргендер алғысын жаудырып жатады. Қарашаңырақта қалған ұлы Әлімхан аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде жауапты қызметкер. Қыздары Роза, Фарида, Рашида, Мая, барлығы бір-бір отаудың иесі. Ұрпақты ұрпақ жалғайды десек, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Әбдіқалық Жаппаров ағамыз жолы ұзақ, артында ізі қалған, еліне елеулі, халқына қалаулы болған арда азамат, тұғыры биік біртуар тұлға деп жарқын сеніммен айтуға болады

Қалмұрат Мұсабекұлы,
Қосүйеңкі ауылы

21 шілде 2024 ж. 911 0