Жыл түйінделіп, жаңа міндеттер белгіленді
Бұған дейін әр ай сайын аудан әкімдігі мәжілісінің күн тәртібіне қойылған басым бағыттарды егжей-тегжей жазып, газетке арқау еттік. Өзекті мәселелер терең талданып, бағыт-бағдар айқындалған-ды. Бұл жолғы мәжілістің де салмағы ауыр болды. Өйткені таразыға жылжабар көрсеткіштер салынды. Ауылшаруашылығы, оның ішінде егіннің өнімділігін арттыру, мал басының шығынын азайту, қыс ауасында жылытуға ерекше көңіл бөлу, ауданда салауатты өмір салтын ұстанатын адамдардың санын арттыру мәселесі қаралды. Модераторлық еткен аудан әкімі Руслан Рүстемовтің талап пен талғам тұрғысындағы ойлары активке келген ақжағалыларды іске сергек қарауға үндегенін түсіндік.
Сонымен, 2021 жылдың 11 айының қорытындысы түйінделіп, жеткен жетістік пен орын алған кемшілікті саралаған мәжілістің мән-маңызын тарқата талдай түссек...
Алдымен аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев мінбеге көтеріліп, атқарған жұмысы жайында баяндады.
– 2021 жылдың қаңтар-қараша айында ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 22 548,6 млн теңгені (99,7 пайыз) құрады. Оның ішінде егін шаруашылығы 12 115,2 млн теңге (97,3 пайыз), мал шаруашылығы 10283,3 млн теңгені (102,5 пайыз) болды. Ауылшаруашылығы саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1347,6 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,8 есеге артты. Тамақ өнімдерін өндіруде де осындай өсім байқалды.
Егін шаруашылығы саласына тоқталатын болсақ, 37445 гектарға дән тасталды. Дәндi дақылдардың көлемі 12651 гектарға, оның ішінде, күріш – 6998 гектарға, күздік бидай – 4592 гектарға, жаздық бидай – 225 гектар, жаздық арпа – 50 гектар, дәндік жүгері – 526 гектар, тары – 260 гектарды құрады. Майлы дақылдар – 2054 гектар, оның ішінде, мақсары – 2009 гектарға, күнбағыс – 45 гектарға дән тасталып, өнім жиналды. Жаңа жоңышқа – 5370 гектар, ескі жоңышқа – 14262 гектар, сүрлемдік жүгері 31 гектар болды. Картоп, көкөнiс, бақша көлемі – 3077 гектарды құрады.
Бидай дақылы өткен жылмен салыстырғанда өнімділік 10-15 центнерге төмендеді, – деді сала басшысы.
Аграрлық ауданда жетістіктер аз емес. Оған біздің етіміз үйренген. Кемшіліктерді бағдарлап, себебі мен салдарын анықтап отырмасақ, құр мақтанмен ұзаққа бара алмаймыз. Аудан әкімі Руслан Рүстемұлының сөзінен осыны ұқтық.
– Біздің аудан аграрлы аудан. Осы уақытқа дейін ауылшаруашылығы саласында бірде-бір жыл немесе айдың көрсеткіші төмен болған жоқ. Үнемі бақылап отырамын. 9 айдың қорытындысымен 97,3 пайыз болып, межеге жетпедік. Жұмыс жүйесіз, жоспарсыз жүруде. 1427 гектарға артық өнім еккеннің не керегі бар, егер өнімділік төмен болса. Демек суды ысырап етіп жатырмыз деген сөз.
Сырдария – трансшекаралық өзен. Биылғы су тапшылығы келер жылы қайталануы да әбден мүмкін. Осыны қаперге алып, егінді әртараптандыру және суды аз қажет ететін дақыл түрлеріне басымдық беруді жалғастыру керек. Осы бағытта шаруаларға түсіндірме жұмысын жүргізуге міндеттісіз.
Ауылшаруашылығы өнімнің нарықтағы бағасымен статистикалық мәлімет сәйкес келмейді. Мәселен, базардағы картоп пен жоңышқа піресінің бағасы статистикадағы дерекпен бірдей емес. Неге? Халықтың сенімсіздігі осындай дәйек пен деректен туындайды. Қараша айында өткен мәжілісте Статистика басқармасымен, Мемлекеттік кірістер басқармасымен мәліметті біріздендіру қажеттілігін тапсырдым. Бұл жұмыс әлі өз деңгейінде орындалмай отыр. Оны мал шаруашылығындағы екі түрлі дерекке қарап айтуға болады. Сіз бір цифр айтасыз, басқарма бөлек цифр ұсынады.
Шаруа қожалық басшылары иелігіндегі малды міндетті түрде сақтандыру қажеттілігін, көктем-күз айындағы жайылымын белгілеу, ауылдық округтердегі тұрғындарды аяқ сумен қамтамасыз етуге берілген сегіз насостың тұрақты жұмыс істеуін назарда ұстау керек.
Білемін, биыл ауыл шаруашылығы үшін өте қолайсыз жыл болды. Мұндай жаппай құрғақшылық бізде 30 жылдан астам уақыт болмаған. Дегенмен, азық-түлік тауарларының нақты теңгерімін бақылап отыру өте маңызды. Ол үшін біз ауылшаруашылығы өнімдері өндірісінің нақты көлемін білуге тиіспіз. Өкінішке орай, қазір ауылшаруашылығы өнімдері туралы статистикалық деректерде үйлеспейтін, бір-бірінен алшақ ақпарат бар, – деп ауданның бас менеджері сала басшысына жұмысты сапалы орындауды тапсыруға жіте көңіл бөлуді тапсырды.
Келесі кезекте аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Сапарбаев атқарылған істерді баяндады. Бұл бөлімнің жұмысы ауқымды, әрі маңызды деуге болады. Биыл кент және ауылдық округтерде көшелер орташа жөндеуден өтіп, көпірдің құрылысы басталды, елді мекенді газдандыру ісіне қан жүгірді. Осы бағыттағы жұмыстарды пысықтап қою өте орынды.
– Ауданда әлеуметтік-мәдени маңызы бар 144 мекеме бар. Ауданның қазіргі таңда газдандыру үлесі халық санына шаққанда 38,8 пайызды құрайды. Жаңақорған кентінде газ құбыры жүйелерінің ұзындығы 284,5 шақырым құрайды. Оған аудан орталығындағы 5717 тұрғын үй, 124 коммуналдық-тұрмыстық нысан қосылды.
2021-2022 жылдарға арналған жылу беру маусымында тұрғындар үшін 19000 тонна қатты отын және әлеуметтік ұйымдар үшін 5900 тонна қатты отын, 841 тонна сұйық отын пайдалану жоспарланды. Ауданға 34990 тонна көмір жеткізілді. Бұл жалпы қажеттіліктің 140,5 пайызын құрайды. Әлеуметтік мекемелерде 3000 тоннадан астам көмір және 400 тоннадан астам сұйық отын қоры бар. Жылу беру маусымының соңына дейін ауданға тағы 7000 тоннаға жуық көмір жеткізіледі, – деп сөзін аяқтады сала басшысы.
Аудан әкімі жылу беру маусымын өз дәрежесінде ұйымдастыру керектігін алға тартып, қыс қаһарына мінгенде қауқарсыздық танытып жүрмеуді ескертті.
– Желтоқсан айы келіп, күн суыта бастады. Биылғы күз жайлы болып, шуақты күндер қараша айының соңына дейін созылды. Сөйтіп жылыту маусымына дайындалуға қосымша мүмкіндік берді. Білім саласы облыстық білім басқармасының теңгеріміне өткенімен мектеп пен балабақшада біздің балалар білім алуда. Оқыс жағдай болмасын. Бола қалса «облыстан мамандар қашан келеді?» деп отырмаймыз ғой! Іске кірісіп, шұғыл шешудің жолын қарастырып қою маңызды. Әсіресе, балабақшаларда ешқандай мәселе орын алмауы керек, – деді Руслан Рүстемұлы.
Күн тәртібіне сай аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Махмұд Рахымжанов спорт саласындағы жетістіктерді саралады.
– Аудан бойынша 64 дене шынықтыру ұжымы спорттың 26 түрімен 29644 адам тұрақты спортпен шұғылданады. Бұл – аудан тұрғындарының 34,4 пайызын құрайды.
Жыл басынан бері саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында 121 спорттық іс-шара өткізілсе, оның ішінде, жастар арасында – белбеу күресі, көкпар және аударыспақтан үш Қазақстан Республикасының чемпионаты, екі республикалық турнир, 10 облыстық, 106 аудандық деңгейде жарыс өтті. Оған 9360 спортшы қатысты.
Ауданда бұқаралық спортты дамытуға арналған 385 спорттық нысан қызмет етеді. Биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде 5 спорт кешені пайдалануға берілді. Бұл бағдарлама аясында Сунақата, Төменарық, Сүттіқұдық, Ақүйік, Жаңарық, Қыркеңсе, Қожакент, Қандөз ауылдық округінде бір-бір спорт кешені есігін ашса, Жаңақорған кентінде екі спорт кешені бұқаралық спорттың дамуына мүмкіндік ашты.
Жыл басынан бері біздің спортшылар ел біріншіліктерінде (еркін мен қазақ күресі, белбеу, самбо, дзюдо, гір спорты, қол күрес және волейболдан) 96 медаль иеленді. 13 спортшы Ұлттық құрама сапына енсе, 47 спортшы облыстық құрама команда да өнер көрсетеді, – деді ауданның спорт менеджері.
Бұл салада жеткен жетістік аз емес, дей тұрғанымен, кемшіліктер де бар.
– Спорт саласында үлкен жетістіктерге жеттік. Оған қуанамыз, әрине! Алайда көп ауылдық округтегі балалар алаңдары мен төселген газондардың тозығы жеткен, қараусыз жатыр. Ие жоқ. Иесіз дүние тез тозады. Мысалы, Қожакент, Қандөз, Нәлібаев, Өзгент, Аққорған, Жаманбай батыр, Қосүйеңкі, Сунақата ауылындағы жасанды жасыл желекті алаңдар әбден тозған. Ауыл әкімдері не спорт нұсқаушылары ешқандай мән бермейді, жандары ашымайды. Осыны басшылыққа алып, өзің жұмыс жасауың керек, – деді аудан әкімі.
Жастардың салауатты өмір салтын ұстануға аудандық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, барлық елді мекенде жасанды жасыл алаңдар салынды. Бұған қатты қуандық. Өйткені онда түрлі деңгейдегі спорттық жарыстар ұйымдастырылып, жастардың бос уақытын сапалы өткізуіне жағдай жасауға әбден болады. Түпкі мақсат та осы тұғын. Бірақ нәтиже көңілді көншітпей тұр. Бірнеше жылда алаңдар ескіріп, газондар көкке ұшып, қоршауы әр жерден тесіліп, елсіз, иесіз жердегі қараусыз нысандай тұр.
Аудан әкімінің осы тұрғыдағы ескертуі өте орынды. Бірақ сала басшысы жауапкершілікті ауылдық округ әкімдеріне, ауыл басшылары орталыққа ысырып, жауапкершілікті мойнына алуға мүдделі емес. Бұл – спорт саласына ғана қатысты нәрсе емес. Барлық салаға ортақ. Оған екі мекемедегі бір деректің екі, кейде үш түрлі болатыны дәлел.
Жылжабар мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Руслан Рүстемов:
– Тәуелсіздіктің 30 жылында жеткен жетістігіміз аз емес.
Уақыттың өзі еңбек пен тәжірибенің ұштасуы жетістікке жеткізетінін көрсетіп отыр. Тірлігі тіктеп, шаруаны дөңгелетуді мақсат еткен әрбір адам үшін елде мүмкіндік көп. Осындай жақсы жобаларды, беріліп жатқан мүмкіндіктерді қарапайым халыққа түсіндіре білуіміз керек. Әлемді жайлаған коронавирус дамуға зор кедергі келтірді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың табанды жұмысының нәтижесінде қиындықты еңсеріп келеміз.
Биыл «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ұжым болып бірлесіп, берекелі бастамаларды халықтың игілігіне айналдырдық. Ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, халықтың талабын орындауда инфрақұрылымды жетілдіру өте маңызды. Әсіресе, автомобиль жолдары мен елді мекендердегі көшелерді орташа жөндеу, көпір құрылысы, елді мекендерді газдандыру, ауыз судың сервистік желісін жүргізу және т.б тыңдырымды тірлік бар.
Шешімін таппаған және шешіліп жатқан мәселелерді, сондай-ақ, алдағы жоспарды пысықтап, ел ертеңіне лайықты іспен барғанымыз абзал. Бұл – биылғы аудан әкімдігінің соңғы жиыны, сіздердің отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, істеріңізге береке тілеймін, – деді.
Аудан әкімі жылжабар жиында салалық орынбасарлары мен бөлім басшыларына, кент, ауылдық округ әкімдеріне кемшіліктерден сабақ алып, жұмысты жүйелей түсуде нақты тапсырма жүктеді. Оның ішінде, егінді әртараптандыру, суды аз қажет ететін дақыл көлемін ұлғайту жөнінде жоспар әзірлеп, ұсыныс енгізуді, аудандағы барлық мекеменің 2021-2022 жылғы жылу маусымын қатаң қадағалау, ауданның даму бағдарламасындағы индикаторлардың толық орындалуын қамтамасыз етуді қаперге салды.
Әсел РЗАЕВА