Іркіліс іс ілгері баспайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес» деп жұмыстың барысы емес, нәтижесі болуға тиіс екенін ескертіп, ертеңгі болашаққа еркін жол ашуды мақсат тұтты. Расында өңірдің өркендеуі үшін, ортақ мүдде орайы алға озу үшін іс пен сөздің үйлесімі артып, тиімділігі табысты болуы керек. Бүгінгі байыпты бастамалардың, бағыт-бағдардың басты бетбұрысы – халықтың игілігіне сай ілкімді істер пайдалы әрекетке айналғаны жөн. Сондықтан аудан әкімдігінің мәжілісі өткір, әрі өзектілігімен маңызды, мәнді, әлеуетті.
Аудан әкімі Руслан Рүстемовтің төрағалығымен өткен бұған дейінгі де, бүгінгі де мәжілістер ауданның дамуы мен жаңаруы жолына бар күш- жігерімізді сарқа жұмсауға үндеумен қатар жауапкершілікті жіті сезінуге жетелеп отырады. Халық қызметшілерін ширата түсіп, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген даналық сөзін дәріптеп берді.
ӘРТАРАПТАНДЫРУ ӘРҚАШАН ӘЛЕУЕТТІ МӘСЕЛЕ
Күткендегідей, күн тәртібі көтерген келелі талаптың бірі бойынша алдымен ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев мінбеге шықты. Ол аграрлы аймақтың күзгі жиыны мен биылғы болжамның орындалу барысын негіздеп:
– Биыл су тапшылығына байланысты 1346 гектарға күріш кем егіліп, жалпы 6998 гектарды құрады. Егін жаман болмады. Науқандық жұмыстар бірқалыпты жағдайда жүргізіліп келеді. Негізі 27 тамыз бен 29 қыркүйек аралығына дәнді дақылды ору және бастыру графигі бекітіліп, сол бағыттағы серпінді іс нәтижесіз емес. Бүгінде 5700 гектар күріш орылып, 5100 гектары бастырылды. Әр гектарынан 55 центнерден өнім алынуда.
Көктемде Шардара су қоймасынан Сырдария өзеніне су кеш түсіп, соның салдарынан 22 сәуірден 31 мамырға дейін диқандар күріштікті суға бастырды. Бұл біршама кедергі келтірді. Әсіресе, ауыспалы егіс танабындағы жоңышқалықтар өз дәрежесінде суарылмай қалды, – деді.
Жаңақорған жұрты егін шаруашылығына бейімделген. Оның ішінде Сыр беткей тұрғындары ризық-несібесін жерден айыруға дағдылы. Әуелден көктемнен кетпен-күрегін сайлап, күзгі егін жинау кезеңіне дейін дала кезеді. Ал, сол шаруаларға бағыт беріп, бүгіннің бағдарын ерте бастан ескертіп отыру керек еді. Аудан басшысы Руслан Рүстемовтің ауылшаруашылығы бөлімінің басшысын сұрақтың астына алуының бір сыры осыдан көрінді.
– Орын алған аяқ су тапшылығы бүгін-ертең шешіле қоймайды. Бұл – мемлекетаралық мәселе. Әлі де қиындықтар еселеп туындауы мүмкін. Сол себепті суды аз қажет ететін дақыл түрлеріне басымдық беріп, оның көлемін ұлғайту керек. Бұл бағытта қандай жоспар түзілді? Ғылымға негізделген нақты ұсынысыңыз бар ма? – деп сұрақты төтесінен қойды аудан әкімі.
– Тапсырмаға сәйкес жыл сайын суды аз қажет ететін дақыл түрлеріне басымдық берудеміз. Биыл 45 гектар күнбағыс, 553 гектар картоп, 610 гектар көкөніс, 2009 гектар мақсары, 1914 гектар бақша дақылы егілсе, алдағы жылы да оның көлемін кемітпей, арттыру жолында жұмыс істеудеміз, – деді сала басшысы.
Қазір Шардара су қоймасынан Сырдария өзеніне секундына 30 текше метр су жіберілуде. Мұндай деңгейдегі су көлемі бұрын-соңды болған емес. Мәселенің ұшы – Орта Азияның таулы аймағына қардың аз түсуі мен су көздеріндегі су деңгейі алаңтарлық жағдайда. Бұлай жалғаса берсе Сыр диқандары шұғыл түрде егінді әртараптандыруға бірыңғай бетбұрыс жасауы тиіс болады. Басқа амал жоқ. Күрішсіз де күн жоқ. Ол егілмесе топырақ тұзданып, сорлану қаупі бар. Қалай болғанда да тығырықтан шығатын жолды табу керек-ақ.
– Ауданның климаттық жағдайы жылыжай кешенін дамытуға қолайлы. Кент орталығы газбен қамтамасыз етілген. Соған сай үстін-үстін тапсырма да беріліп келеді. Бірақ бұл жұмыстар өз дәрежесінде жүргізілмей, сөз күйінде қалуда. «Бір ауыл – бір жылыжай» жобасы аясында жұмысты ұдайы үйлестіруді айттым. Жылыжай үшін жер учаскелерін анықтау айтылды. Енді не кедергі? – деген аудан басшысының уәжіне жер қатынастары бөлімі:
«Тау беткейге газ желісі барса, күре жолдың екі жиегінен жер ашып, жылыжайды дамытуға мүмкіндік бар» деген көрінеді.
«Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген жауапқа аудан басшысы қанағаттанбай: – Бұл жауап емес, Оңал Жанатұлы! Сіз сала орынбасары ретінде ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік бөлімдерінің жұмысын үйлестіруіңіз қажет. Әлгіндей бассыз-көзсіз болжаммен ұзаққа бармаймыз. Наурыз айында берілген тапсырма бойынша қанша учаске анықталды?
Соған сай ауыл шаруашылығы, жер қатынастары бөлімі тиімді учаскелерді анықтаса, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі Қаржыбек Тәжібайұлы, аудандық жұмыспен қамту орталығы Жаңабек Оразбекұлы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандағы филиалымен бірлесіп, осы саланы дамытуға жұмылып жұмыс жасауға болмас па еді? – деген аудан әкімі жауапты сала басшыларының татымсыз тірлігін тығырыққа тірей түсті.
Дәл қазір аудандағы ең күрделі жағдай – Қырдан Сырға келген төрт түлікті ішер сумен қамтамасыз ету. Осыған алдын ала алаңдаушылық білдірген аудан әкімі осы жылдың 2 қыркүйегінде «Малдың амандығы – жанның амандығы» атты Үндеуін жолдағаны белгілі. Онда: «Ауылдық округ әкімдері өзара келісім негізінде Сыр бойындағы күріш орағынан босаған егістік алқаптарға тау беткейден түскен малды орналастыруға мән беру маңызды. Сондай-ақ, ауылдық округ әкімдері шаруа қожалық төрағаларымен бірлесіп, Қызылқұмның етегіне, одан әрі тереңдей көшуге қамданып, ондағы ескі құдықтарды анықтап, жай-күйін білуге міндеттеймін. Бұл бастаманы жүзеге асыруға көнекөз қариялардың ақыл-кеңесін пайдалана отырып, құм ішіндегі ескі қыстау құдықтарының санын анықтап, түгендеуді қолға алуымыз тиіс» деген болатын. Әкім осы бағыттағы жұмыстардың жай-жапсарын сұрады.
– Аудан бойынша 8482 жеке қожалық пен 682 шаруа қожалығындағы 335 мыңнан асатын уақ мал мен 100 мыңға жуық ірі қара малдың Сыр беткейдегі егістік алқабына орналасқан малшыларды түгендеу, мал суаттарының орнын айқындау бойынша құрылған жұмысшы топтардың анықтамасымен 22 құдық қазылу керек деген тоқтамға келдіңіздер. Қазіргі қолданыстағы құдықтар саны 30 екен. Сонымен тығырықтан шығып кете аламыз ба? Оңал Жанатұлы, қауіп қандай? Саланың орынбасары ретінде осыған не ұсынысыңыз бар?
Сіздердің ақпарларыңызға құлақ ассам, барлығы жақсы. Осыдан 2-3 күн бұрын қабылдауыма шаруа қожалық басшылары келді. Олар төрт түліктің ішер суына алаңдаушылық білдірді. Осы құдықтарды шаруалар айтқандай, 1,5 ай бұрын қазуды неге бастамадыңыздар? Бұл жөнінде 2 қыркүйек күні фейсбуктегі парақшамда үндеу жарияладым. Онда қауіпті алдын алу айтылды. Сіздерге тапсырма да бердім. Алайда ұзын арқан, кең тұсаумен желіп жүріп, мән бермедіңіздер. Соның салдарынан қиындыққа тап келдік. Қазір жоспарланған құдықтың қаншасы қазылды? Бұл жөнінде нақты ақпарат бере аласыздар ма? – деп жауап күтті ауданның бас менеджері.
Қазақта «Мал ашуы – жан ашуы» деген, отарға, табынға, үйірге ие кісі қиындықтан именбей еңбектенеді. Қол жайып отыратын жаймашуақ мизамды уақыт кешірмейді. Осыны түсіністікпен қабылдаған бірнеше кәсіпкер тік скважина қазуды қолға алды. Оның бағасы да қол жетімді, қазір мал суы оңды шешіліп жатыр.
Мақала баспаға дайындалып жатқанда 22 құдықтың 15-і қазылғаны белгілі болды.
Қаныбек ӘБДУОВ,
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ