№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Елдің ертеңі жастардың қолында

Елдің ертеңі жастардың қолында

ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман талабына сай бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында осыған бағыт көрсетті. Бұл – жастарға айтылған ақыл, берілген бағыт-бағдар деп қабылдаған жөн. Өйткені елдің ертеңі жастардың жүріп өтетін жолында, олардың бәсекеге қабылетті болуына байланысты.

Мемлекет басшысы айтқандай, Тәуелсіздік жылдарында талантымен таңдай қақтырған жас өрендердің тұтас легі өсіп-жетілді. Бүкіл әлемді аузына қаратқан ғажайып дарын иелері де бар. Жаңақорған топырағынан шыққан мұндай өнерлі жастар аз емес. Спорт, білім, өнер саласында танылып үлгерген азаматтар ауданның абыройын асырып келеді. Мәселен, балуандар мен боксшыларымыз әлемдік аренада ел туын көкке көтеріп жүрсе, түрік елінде ұлттық өнерді ұлықтап жүрген азаматтарымыз бар. Осындай талапты ұл-қыздардың жер жүзіндегі кез-келген елге барып, білім алуымен қатар мемлекеттің мерейін үстем етіп жүруі бұл Қазақстанның келешегінің кемелдігін көрсетеді.
Дегенмен осындай білімді жастардың шет ел асып, сол елдерде еңбек етіп жүруі де жаңалық. Олар да уақыты келе мол тәжірибе жинақтап, туған жердің түтінін қайта түтететін болады. Оған дәлел де жеткілікті. Мәселен, Кореядан кәсіп үйреніп келген жастар осы істі ауданда дамытуға ниетті. Яғни, шұлық шығару шағын кәсібін ашпақ, барлығы уақыт еншісінде. Мұның өзі үлкен жетістік, шынында дарынды жастардың бәрі шетелде жүрген жоқ. Ел ішінде де білікті әрі білімді өрендер жетіп артылады.
Қазір білім мен ғылымның алтын дәуірі. Жаңа технологияны меңгеру, сабақ берудің тың тәсілдерін игеру мен оқушылардың қарым-қабылетін ашып, бәсекеге қабылетті болуға бүгіннен дайындау өте маңызды. Сондай-ақ, ғылыми жобаларға тереңірек мән берген дұрыс. Физика, математика, химия мен биология, технология салалары бойынша ғылыми жобаларды жүзеге асыру табысқа бастайды.
Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан Президент азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынды. Бұл жастарға жалын беріп, жігерін жанитын қосымша күш болмақ. Бәрінен бұрын, Отанды сүю, елге қызмет ету, патриот болып қалыптасу ең асыл қасиет. Шындығында, адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген ұлағаты өміршең.
Егемен ел болғалы отыз жыл болды. Тәуелсіздіктің төл перзенті ретінде елдің өркендеуі жолында қызмет етуге дайынбыз. 30 жыл аз уақыт емес, осы жылдар ішінде ел өркендеудің жолына түсті. Елдің әлеуеті артып, экономикамыз алдыға жылжыды. Жастардың әр салаға серпін беруі, басшылыққа келуі қуантты. Сондықтан Мемлекет басшысы жастарға «кең байтақ Қазақстанды асқақ армандарың мен батыл жоспарларыңды емін-еркін жүзеге асыра алатын, табысыңа марқайып, әрдайым тілеуіңді тілейтін қасиетті Отаның ретінде бағалаңдар! Мен жаңа Қазақстан патриотизмінің жасампаздық құдіретіне сенемін» деп ізгі ниетін жеткізді.
Замандас-құрдастар, жастарға айтарым «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс. Сонда ғана «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырып, озық елдер қатарына қосылатын боламыз.
Ролан БІРЖАН
17 қаңтар 2021 ж. 661 0