» » Баға қайда барасың?

Баға қайда барасың?


Бұған дейін де нақтыланғандай ай сайын нарық бағамын бағамдауға мән беріп келеміз. Базарға арнайы барып, өткен аймен негізгі азық-түліктердің бағасын салыстырдық. Сонымен, базардың жайы қалай, тауарлардың бағасы тұрақты ма?


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет және ұлттық банк төрағасымен жиын өткізіп, халыққа үндеу жариялады. Мақсат – әлемдегі экономикалық жағдайды және оның Қазақстан экономикасына әсерін талқылап, алдағы жоспарларды жүйелеу болатын. Енді Үкімет азық-түлік, маңызды тауарлардың, қызмет бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуге уәде берді. Бақылау күшейеді. Бұл жөнінде алдағы уақытта арнайы тоқталатын боламыз.
Статистика комитетінің мәлім­деуінше, күнделікті тұтынатын тауар бір жылда 8,6 процентке өскенін хабарлады. Бұл құжат жүзінде ғана. Шын мәнінде, құбылмалы бағада шек болмай тұр. Нарықтағы тауардың бағасы қымбаттамаса, арзандаған жоқ.
Ақпан айымен салыстырғанда базардағы негізгі азық-түліктердің бағасының қатты қымбаттамағанын аңғардық. Бірақ көпшілік ет бағасына қатты алаңдаулы. Келісі 1800 теңгеден сатылып жатқан еттің бағасы тұрақталса деген көптің тілеуін естідік. Қалған азық-түліктің бағасы құбылмалы екені түсінікті. Бұл жолы алдымен көкөніс, оның ішінде анар мен ананас және лимонның бағасына бақылау жасадық. Құрамында адам ағзасына пайдалы дәрумендері көп бұл өнім түрлері халықтың қалтасына өте ауыр тиетінін түсіндік. Ал отандық өнімнің неге қымбат екенін ешкім де түсіндіріп бере алмады. Мәселен, күріш, ұн, нан, сүт, картоп пен жуа, осы сынды тауарлардың бағасы әлі де төмендей қоймапты.
Бір қызығы, Жаңақорғанда жыл сайын маусымдық кезеңде тонналап күріш өндіреміз. Өнім өзге өңірлерге немесе шетелге экспортталады. Солай бола тұра, күріштің жартысы басқа аймақтардан келеді. Сонда біз нарықтың қажеттілігін бағамдай алмаймыз ба? Әлде оның басқа себебі бар ма? Етке де осындай жағдай қатысты.
Қыс мезгілінде қолдың сүті литрі 300 теңгеден сатылды. Бізде ет өндірісі былай тұрсын қарапайым сүт өңдеу кәсібі әлі жолға қойылар емес. Жаңақорған кентінде наубайханалар саны көбейді. Сүйіншіледік. Қуандық. Бірақ нан бағасын тұрақтандыруда саны көп наубайхана дәрменсіз болып шықты.
Өткен жұмада аудан орталығында облыстан арнайы арзан бағада 20 тонна азық-түлік өнімі әкелінді. Картоп пен сәбіз 75 теңгеден, ал пияз 50 теңгеден сатылды.
– Бұл облыстағы бағаны тұрақтандыру қорынан алып келінген тауар. Мұндағы мақсат бағаны тұрақтандыру болатын. Сұраныс өте жоғары болды. Сондықтан мүмкіндігінше ай сайын өткізіп тұруға тырысамыз, – деді ауылшаруашылығы бөлімінің ста­тист маман Дәулет Оразбеков.
Осы ретте бір мысал келтіре кетейік, №3 мектеп-интернат жанында қияр өсіретін арнайы жылыжай бар. Қараша айынан бүгінгі күнге дейін оның жемісін оқушылар көріп келеді. Бірақ біздің кәсіпкерлер еңбекті көп қажет ететін саламен айналысқысы келмейді. Олар мал басын көбейтіп, бордақылап Түркістан мен Қарабұлақтың базарына пұлдауға ниетті.
Ақпан айының соңында азық-түлік инфлияциясын төмендету туралы ұлттық іс-қимыл жоспарын дайындау ұсынысын Премьер-министр қолдамады. «Қазір Үкімет агрологиялық орталықтарды салуды жүзеге асыратын аймақтарды анықтайды және олардың қызметіне жаңа талаптарды әзірлеуде. Ұзақ мерзімді кезеңде мұндай орталықтар желісін құру әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға және бір мезгілде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің табысын арттыруға мүмкіндік береді» – деді Асқар Мамин.
Сонда логистикалық орталықтар, яғни тауар сақтайтын қоймалар көбейсе, онда баға да тұрақтанады деген сөз. Бұл бастаманы бұған дейін ауданды басқарған Ғалым Әміреев те қозғаған еді. Үкімет отырысында экономист Мырзакелді Кемел бағаның тынысын желпіндіріп тұрған басты фактор – делдалдардың, алып-сатарлардың көлеңкелі бизнестің көлемін арттыруда деп түсіндірді. Әйтпесе логистикалық орталықтың жұмысы бұрыннан іске қосылар еді. Ол қалай жүзеге асады?
Күз қамын ерте көктемнен ойлайтын фермер логистикалық орталықтардың жергілікті филиалдарына барып, күзде қандай өнімді қанша тонна және қандай бағамен өткізу жайлы келісім-шартқа отырады. «Біз бұл шырмаудан логистиканың мүмкіндігін жүйелендіру арқылы шыға аламыз. Оның формуласы – логистика + фермер = баға. Үкіметтің фермер ұсынған баға мен дүкен сөрелеріндегі бағаның айырмасы 30 проценттен аспау керек деген тапсырмасын осындай жүйемен ғана орындай аламыз. Өзбекстаннан немесе ЕАЭО елдерінен келген азық-түлікті де формула арқылы шешуге болады» – дейді М.Кемел.
Өте орынды бастама. Тіпті әлеуметтік дүкендерді көбірек ашуға да болады. Түркістанда мұндай базарлар бар. Әзірге жанымызға желеу болып тұрған Өзбекстан, Қырғызстан және Беларусь тауарлары. Біз бұл елдерден бөлек, Ресейге де көп тәуелдіміз. Ресей экономикасының Қазақстан экономикасына ықпалы зор. Себебі Қазақстан Ресейдің экономикалық серіктесі әрі Мәскеу басқаратын Еуразиялық экономикалық одаққа кіреді. Бұдан бөлек, мұнай Қазақстан экономикасының негізгі табыс көзі саналады. Мұнай бағасы құлдыраса, теңге құнсызданып, долларға шаққандағы құны көтеріліп кетеді. Осының салдарынан елде азық-түлік бағасы да өсе бастайды.
Айтып-айтпа не керек, біз тауарды тұрақтандырудың жолын іздеп жүргенде баға баратын жеріне барады. Оның үстіне, бензиннің құны 150 теңгеден асып жығылды. Бұл алып-сатарлар мен делдалдарға таптырмайтын орай. Таяқтың қатты тұсы бұқара тиеді...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
11 наурыз 2020 ж. 446 0