Соңғы жаңалықтар

Білім туралы құжаттарды тану

11 желтоқсан 2024 ж. 48

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Адалдықты ту еткен тұлға

Адалдықты ту еткен тұлға


Жастайынан жетімдіктің тауқыметін тартып, екі жасында анадан, алты жасында әкеден айрылып, жалғыз жұбанышына айналған асыл әжесінен де ерте көз жазып қалуы жүректі жаралады. Жетімдіктің қамытын киіп, тағдырдан нендей теперіш көрсе де қайыспаған ұл жас жігіттік жасқа келгенде соғыс басталып, қолына қару алып, майданға аттанады. 1942 жылы соғыстың бел ортасына түсіп, неміс әскерімен күн-түн шайқасты. Жаумен кезекті шайқаста жараланып ес-түссіз жатқан солдат госпитальге жеткізіледі. Сонда үш ай бойы етігін шешпей шайқасқан солдаттың дәрігер аяғындағы шылғауын шешкенде қос аяғының терісі сыпырылып түсіпті. Ауруханада аштықтың зардабынан ісініп кеткен адамдарды да көп көреді. Бұл – жауынгер Әбіласан Әшірбековтің басынан өткен оқиғаның бір желісі.


Еңбек және соғыс ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Әшірбеков Әбіласан ағайдың шаңы­рағына соғып, жары Зиякүл Әбубәкірқызымен әңгі­мелесіп отырмыз. Өмірлік жолдасы һәм мыңдардың аяулы ұстазы Әбіласан аға жайында еске алғанда апайдың жанарындағы жарқылдан қадірлі азаматқа деген қалтқысыз құрметін танығандай болдық.
Әбекең тура мінезді кісі еді. Жұмысқа өте талапшыл болды. Бірақ өте сыпайы болатын. Біреу туралы теріс пікірге жоқ еді. Екеуміз нешеме жыл отасқанда бір рет те жүз шайысып көрмеппіз. Біреуге сын айтқанда бөтен адамды мысал ете отырып жұқалап жеткізгенде көздегеніне дәл тиетін. Есті адам содан-ақ түсінеді ғой, - деп бастады апай әңгімесін.
Әшірбековтер отбасында тәрбиеленген он ұл-қыздың барлығы бүгінде өмірден өз орнын тапқан азаматтар. Барлығының бойында әкеден қалған асыл қасиет бар. Ол турашылдық, адалдық, тазалық.
–Әбекең өте таза кісі болды. Үнемі есіктің алдында аяқ киім тазалағыш орнында тұруы тиіс. Балалардың аяқ киімі лас болып, шашылып жатқанды ұнатпайтын. Әрдайым тазалықты сүйді. Перзенттерінің барлығы әкесіне қарап бой түзеді. Барлығы тура жолды таңдап, өз істерімен айналысуда. Аллаға шүкір, ешқайсысы әке ұстанған қағидадан қалыс қалған емес. Ата-ана үшін ең үлкен бақыт осы. Барлығының турашыл мінезді, адал еңбегіне сиынған тәртіп-дағдыдан таймауын әке қанынан сіңген қасиет деп білемін, – дейді апамыз.
Әбіласан ағай жұмыстан қолы қалт еткенде жұбайына өміріндегі ерекше оқиғалардан сыр шертеді екен. Соғыс біткен соң Вена қаласының маңындағы қыстаққа аялдаған. Сонда елдің шетінде мал бағатын шаруаның жалғыз үйіне бас сұғып, мал қорасына дейін жарық барып тұрғанына таң қалады. Сол қалада жүргенінде бес-алты әскери адам неміс отбасының үйіне аяқ киімдерін шешпей кіріп барады. Сонда үй иесі жасы жетпістен асқан қарияның бұлар бүлдірген еденді ақ шүберекпен сүртіп жүргенін көріп, өздері қатты қысылған екен. Міне, ол кісінің тазалыққа деген құрметі осыдан басталған болса керек.
1945 жылы Австрияның Вена қаласында партияға өтеді. Партиялық билетті алуға үш солдат бара жатқанда, «тырс» еткен дыбысқа жалт қараса қасындағы орыс жігіт сұлап жатыр екен. Жан-жағын шолып шығып, ешкімді таппайды. Демінің таусылған жері сол болса керек. Соғыстан аман қалған жігіт бейбіт күнде көз жұмды. Соғыста мұндай да өкінішті жағдайлар көп болған.
Госпитальдан шыққан соң Сталинград қаласын жаудан қорғауға аттанады. Қаланы жаудан аман алып қалу үшін 3 қорғаныс бекеті болған екен. Әбекең 3-ші қорғаныс бекетінде болған. Бірінші қорғаныста тірі жан қалмай барлығы мерт болса, екіншісінде бірен-саран жаралылар аман қалған. Ал, үшінші қорғаныстың солдаттары жауды қаладан қуып шыққан. Қорғаныс бекетінде солдаттар түнде суыққа үсіп қалмау үшін жерді терең қазып паналап, жан сақтаған сәттердің қаншасы басынан өтті.
Бұрындары ФЗО деген болатын. Ол жұмысшы дайындайтын курс. Сол заманда халық арасында ФЗО-ның балалары бұзық деген түсінік қалыптасқан еді. Онда оқитындар кілең қара көйлек, қара шалбар, қара фуражка киіп жүреді. Әбекең де сонда білім алыпты. Оқып жүрген уақытында қарын аш, кейде базар жағалап, көшеде ілінгенмен жүрек жалғап жүріп, бір күні соқыршек болып көшеде құлайды. Сол уақытта Бердиев деген дәрігер бұл кісіні тауып, ота жасап аман алып қалған екен. Сол кезде ауруханада қасында орыс бала жатыпты. Оған күнде егелері екі жұмыртқа қайнатып әкеліп жегізеді екен. Соған қатты қызығып, “менің артымнан да осылай біреу іздеп келсе ғой” деп жатқанында есіктен әкесінің інісі кіріп келіпті. Қолында талқаны бар. Бауырын іздеп келіп отырған көкесінің бірнеше жамау түсіп, аяқ киім сиқынан айрылған мәсісіне көзі түскенде іші қанжылап «Осыдан ақша тапсам ағама мәсі әперемін», – деп өзіне серт берген екен. Кейіннен педагогикалық училищеде оқып жүріп, үлкендерді сауаттандыру ісіне мұғалімдікке тартылып, ақша жинап, ағасына мәсі, үстіне бешпет әкеліп береді. Сонда ағасы бүкіл ауылды жинап, тамақ беріп, «Інім жетілді, маған осындай сыйлық әкелді» деп қатты қуанған екен.
Ол кездері Қосүйеңкіге тура қатынайтын көлік жоқ. Онда бару үшін Аққұмнан түсіп, ары қарай жаяу баратын болған. Бір күні ауылына бару үшін Аққұмнан түсіп жаяу келе жатса, жолдың жағасында қақпанға бір қоян түсіп қалыпты. Айдалада бәрібір ит пен құсқа жем болады ғой, одан да мен үйге ала кетейін деп әлгі қоянды ағасының үйіне алып барған. Сонда ағасы «Балам, кісі ақысын жеуге болмайды. Ол қақпанды да азық қылу үшін біреу орнатты ғой, апарып ақысын сол қақпанға қыстырып кел», – деп қолына 3 сом беріпті. Сонда пәленбай шақырымдағы Аққұмға қайта барып, әлгі 3 сомды қақпанға қыстырып келген екен. Міне, адалдық пен турашылдық тәрбие сонау бала күннен осылай бастау алған.
– Мен жоғарыда өрбіткен оқиғаның барлығы Әбекеңнің жастық шағында орын алған ғой. Біз отасқан 40 жылда ол кісі өте іскер адам болды. Жұмысына адал болатын. Халықтың қамын қатты ойлайтын еді. Сол еңбегі ескеріліп талай марапаттар да алды.
Әбекеңнің бәрінен бұрын өзі басшылық еткен аудан орталығындағы №3 мектеп-интернатында айқын қолтаңбасы қалды. Білім ошағын түгелдей өзінің тәртіп-талабына келтірді. Мұны өзі де көңіліне тоқ санап, кәдімгідей марқайып отыратын. «Маған халықтың ыстық ықыласы жетеді. Халық менің жұмысыма риза болып, «Әшірбековтің мектебі» деген ат берді, соның өзі мен үшін үлкен мәртебе» дегені әлі есімде, – деді Зиякүл Әбубәкірқызы.
Апамызбен әңгіме барысында қоғам қайраткерінің ерлігімен елі үшін еткен еңбегі көз алдымыздан кинодағыдай зырғып өте шықты. Жер бетінде бүгінгі тыныштық бен бейбіт өмірдің осындай тұлғалардың арқасында аман тұрғаны көңілді толқытты.

Айсұлу Алданазар
30 қараша 2024 ж. 145 0