Соңғы жаңалықтар

Білім туралы құжаттарды тану

11 желтоқсан 2024 ж. 48

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Киікке де қамқорлық керек

Киікке де қамқорлық керек


Қазіргі таңда әлемдегі киіктің 98 пайыздан астамы Қазақстанды мекендейді. Экология және табиғи ресурстар министрлігінен алынған мәліметке қарағанда, кешенді мемлекеттік қорғау шаралары нәтижесінде киік саны 2003 жылы 21 мың болса, биылғы төлдерді қоспағанда 2,8 миллионға жеткен. Бұл керемет нәтиже, дегенмен киіктің шектен тыс көбеюі кейбір өңірлерге кері әсерін тигізуде дейді сарапшылар. Қалай десек те киік киелі жануар, оны қорғау, пана болу азаматтық парыз деп білеміз. Біздің ауданда бұл тіршілік иесі көп деуге келмейді, бірақ соны да табысқа айналдырғысы келетіндер бар.


Біз бұл мақаланы жазу барысында аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік КММ директорының орынбасары Ермұханбет Баязитовпен байланысып, заңдылықтар мен аудандағы ахуал туралы білдік.
– Қазіргі таңда қолданыстағы Заң талаптарына сәйкес заңсыз аңшылықпен айналысу немесе дериваттарын заңсыз қолға түсіру, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау немесе жоюмен айналысатын тұлғаларға қатысты заң бар. ҚР Қылмыстық Кодексінің 337 және 339 баптарына сәйкес мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға дейінгі мерзімге айырады. Одан бөлек 3 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзету жұмыстарына, болмаса 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Ол жағдайлар сәйкес келмеген жағдай 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, – деді Е.Баязитов.
Бір бас киік аңының серкесі үшін табиғатқа келген залалды өтеу соммасы 5 млн 538 000 мың теңге, аналығы мен төліне 3 млн 876 мың 600 теңгені құрайды. Сонымен қатар, сотты болған азаматтардың қылмыстық әрекеттер объектісі, қылмыс жасау қаруы, пайдаланылған көлік құралдары тәркіленеді. Ақкиіктерді атуға, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға тыйым салынған. Түзде жүрген дала жануарына жауапты мемлекеттік қызметшілер барына қарамастан заңсыз аңшылыққа шығатындар әлі де тыйылмай тұр. Бір қуантарлығы, биыл іс тіркелмепті, сонда да барынша қамқор болуға тиіспіз.
Иә, қазақ өзіне жақын тұтып, аялап, кие санайтын жануардың бірі осы киік жануары. Қызға «Құралай» деп ат қою, елден ерек сүйкімдіні «киіктің лағындай» немесе «құралайдың көзіндей мөлдір» деген әдемі теңеулер халқымыздың сайын даланың еркесіне деген ерекше көзқарасынан, оны жанына жақын тұтқанынан туса керек. Киік қазақ секілді сайын даланы еркін мекендеп, судың тұнығын ішіп, ауаның тазасын жұтып, көшіп-қонып жүреді. Әсіресе, құмда көп мекендейді, олардың ерекше қасиеті сертіне адал болуында. Олар ешқашан төлі мен жанындағы серігін қиындыққа тастап кетпейді. Аталығы аңшыларды өзімен ертіп, басын қатерге тігуі мүмкін, бірақ перзенттерін оңайлықпен алдыра қоймайды.
Халқымыз мамырдың аяғына таман соғатын суық желді «Құралайдың салқыны» деп бекер айтпапты. Өйткені бұл уақытта күтпеген жерден ызғарлы суық келіп, жаңбыр мен қар араласып жаууы мүмкін. Дәл осы кезеңде киіктер төлдейді. Киелі жануар алдын ала шыбын-шіркей жоламайтын, үнемі жел есіп тұратын беткейді таңдайды. Ақбөкен басқа жануарлар секілді шаранасын жаламай, лағын бірден төпелеп тұрған жаңбыр суының астына тосып, өзі де жаңбыр суына тазаратын көрінеді. Шарананы желдің өзі кептіреді.
Киіктің тағы бір ерекшелігі, жетімін жатқа қалдырмайтын қазақ секілді жетім қалған лақтарды далаға тастап кетпейді. Маң далада аналық алдынан маңырап шыққан жетім лақты емізіп, бауырына басып, өзімен бірге қалдырмай ертіп жүре беретін мейірімді жануар деседі. Сонымен бірге ақбөкеннің ен далада ойнақтап жүрген мыңдаған лақтың ішінен өз төлін адаспай табатын қасиеті тағы бар. Ақын Сәкен Сейфуллин киікті адам баласына теңегенін де білеміз. «Ақсақ киік» өлеңінің жолдарын білмейтін қазақ жоқ шығар.
«Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім,
Өзге аңға жануарды тең көрмедім.
Көздері мөлдіреген ақбөкенді
Адамның баласынан кем көрмедім», – деген жолдардан жануарға деген ерекше сүйіспеншілікті байқауға болады.
Олардың тағы бір ерекше қасиеті, ұрғашы киіктер іштегі төлінің ұрғашы немесе еркек болып туылуын өздері реттейтін көрінеді. Егер араларында текелері азайып бара жатса, сол жылы кілең еркек лақтарды өмірге әкелетін, өз өсімін өзі бақылайтын жер бетіндегі бір ғана жануар осы киік. Осыдан кейін Құдайдың құдіретіне таң қалмай көріңіз!
Ақбөкендердің айрықша қасиетінің бірі – мәрттігі мен сертке беріктігі. Олар соңынан қуған қуғыншы – ажалдың алдын кесіп өтуге ұмтылып, ақыры бір кесіп өтеді екен. Егер аяғы сүрініп сұлап түссе, жанары мөлтілдеп жата береді. Тіпті алқымына пышақ тақасаң да ажалының көзіне тура қарап, тұяқ серіппейтіні киіктің киелілігінің бір дәлелі. «Ажал ауызында жатқан киіктің тұңғиық көзіне қарау мүмкін емес» дейді табиғат жанашырлары.
Мамандар ақбөкендердің 87 түрлі өсімдік түрімен қоректенетінін алға тартады.
Халықтық медицинада киіктің мүйізінен тұяғына дейін ем болатыны содан. Өсімдікті жыл мезгілдеріне сай талғап, таңдап жейтін кірпияз жаратылыс иесі. Бұл да киіктің киелі жануар екенінен хабар беріп тұрғандай. Осыларды ескерген броконьерлер оңай олжаға кенелгісі келеді. Киік мүйізінің салмағы жасы мен дене салмағына байланысты болады. Мүйіздің бір келісі қара базарда болжам бойынша 2-3 мың долларды құрайды. Ал Қытай нарығында тіптен 7-8 мың долларға жетеді. Мәселен, 2018 жылы дамыған Сингапурде жүргізілген сауалнама бойынша халықтың 13 пайызы киік мүйізінен жасалған дәріні қолданатыны белгілі болған.
Қорыта айтқанда, киіктің киесін білдік, ал, иесі дархан дала екенін ұмытпайық. Сондықтан, дала сұлуына мүмкіндігінше қамқор болу туған жердің перзенті ретінде бір парызымыз деп білген жөн.

Әли ТЕМІРБЕК


30 қараша 2024 ж. 201 0