№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңақорғанда нан неге қымбаттады?

Жаңақорғанда нан неге қымбаттады?

1 қазаннан бастап облыс орталығында 1-сортты бөлке нан бағасы 60 теңгеден 65 теңгеге көтерілді. Бұл жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбәраков хабарлады. Ал Жаңақорған нарығында 75 теңгенің бөлке наны 85 теңгеге жетті. Берекелі күз айында базар бағасы әлі де құбылып тұр. Оған нақты көз жеткізу үшін нарық бағамын бағамдадық.


Тапқан табысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсайтын тұрғындар жалақы қолға тиісімен-ақ, үйдегі бар-жоқты түгендеуге кіріседі. Қазақстандық сарапшылардың есептеуінше, азық-түлікке айлықтың 60 проценттен астамы жұмсалады екен. Ал жыл сайын азық-түлік бағасының өсуін ескерсек, бұл көрсеткіштің көлемі артпаса кеміген жоқ.
Жыл басынан бері солтүстік өңірлерде астық бағасының қымбаттауынан бірінші сортты бидай ұнынан жасалған нан бағасы 4,2 процентке жоғарылады. Сондай-ақ экспорт үлесінің ұлғаюынан бағасының қымбаттауына себеп деп болжануда. Биыл астық өсіруші өңірлерде құрғақшылық дәнді дақылдың көлемі 15 процентке азаюына әкеліп соқтырды. Бұл жөнінде ҚР Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров өткізген брифингте белгілі болды.
Шыны керек, жаңақорғандықтар сауда үйлерінен қажеттісін алуға машықтанды. Онда іздеген тауардың сан түрін табасыз. Тек баға тұрақсыз. Сондықтан алдымен сауда орталықтарының есігін аштық.
– Күнделікті тұтынып жүрген тауар бағасының қымбаттауына алаңдамаушы едік. Өйткені маусымдық тауарлардың бағасы құбылмалы келеді. Енді нан бағасының 85 теңге болуы қалтаға ауыр тиюде. Оның үстінен ұнның да бағасы шарықтап барады, – деді көп балалы ана Бақтыгүл.
5-10 теңге қымбаттау түк емес секілді көрінгенімен, қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиері анық. Ал күнделікті тұтынатын басқа тауарлар ше? Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне жүгінсек, бірінші сортты ұнның 1 келісі 110 теңгені көрсетіп тұр. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 процентке өскенін көрсетеді. Ал базардағы ең жоғары сортты ұнның бағасы 7000 мыңнан кем емес. 70 теңге деп көрсетілген нан бағасы базарда 85 теңге, арнайы наубайханалардан 75 теңгеден арзанын таппайсың. Бұған сәл кейінірек тоқталамыз. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда күріш 30 процентке, сиыр еті 14, тауық еті 23 процентке өскен. Жұмыртқаның да жағдайы мәз емес. Бір жыл бұрын бір данасы 19 теңгеден сатылған жұмыртқаның құны 23-24 теңгеге жетті. Сүт, картоп, қант та қымбаттаған, тек сәбіздің бағасы арзан. Өткен жылы 130 теңгеден сатылған сәбіз 100 теңгеге түсіпті. Сиыр мен жылқы еті былтыр 1500 теңге болса, биыл 1800 теңгеге жетті. Сарапшылар мен сатушылар келер жылы еттің келісі 2000 теңгеге жетеді дегенге саяды. Сыр өңірінің төрт түлігінің басым бөлігі біздің ауданда деп мақтансақ та, бағаның өсуіне Шиелі мен Түркістанның нарығы әсер ететіні белгілі. Ал жұмыртқаның қымбаттауы түсінікті. Көрші өңірлерден келетін тауық өнімі біздің нарыққа қарағанда қымбат.
Енді нанға қайта айналып келейік. Біз осы тақырыпты желеу етіп орталық базарға жол тарттық. Сұхбат беруден бас тартқан алып сатарлардың айтатын уәжі наубайханашылар бағаны өсірген. Ал нан пісіретіндер ұнның қымбаттауын алға тартады. Әрине қос тараптан да кінә іздемейміз. Өзбекстан, Қырғызстаннан келетін жеміс-жидек пен киім-кешектің қымбаттауымен доллар немесе бензин бағасының қымбаттауын түсіндіретін басшылық ұн бағасының өсуінің де өзіндік себебі барын айтады. Бензин демекші, қазір жанар-жағар май нарықтағы құнынан арзандап келеді. 92 бензин 150 теңгеден 145-ке түсті.
Айтпақшы, облыс орталығында нан бағасы неге арзан деген сауал болуы мүмкін. Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қ.Мүбәраков: «Жыл басынан бері өңірлік тұрақтандыру қорына 2700 тонна ұн сатып алынып, әлеуметтік нан пісіретін наубайханаларға төмен бағада берілуде, атқарылған шаралар нәтижесінде облыс нан бағасының ең арзан өңірлер қатарында СҚО мен Тараздан кейін үшінші орынға ие болып отыр» – деді.
Егер облыс астық өндіруші өңірлердің қатарына жатпайтындығын ескере отырып, қалыптасқан жағдайды оңтайлы шешу үшін тұрақтандыру қоры арқылы астықты қайта өңдеуші кәсіпорын, наубайханаларын арзандатылған ұнмен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданған жағдайда мүмкін нан бағасы арзандап қалар деген көптің үміті басым. «Қыстың қамын жаз ойлайтын» халықтың тілеуі нанның бұдан әрі қымбаттамауы.
P.S.: Нан неге қымбаттады? Осы сұраққа жауап іздеуге тырыстық. Мекемелер мен нан өндірушілердің пікірін ортаға салдық. Қалғанын оқырмандардың өзі сараптар.
12 қазан 2019 ж. 1 369 0