Соңғы жаңалықтар

Білім туралы құжаттарды тану

11 желтоқсан 2024 ж. 48

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Экология тұрақтылығы тазалықтан басталады

Экология тұрақтылығы тазалықтан басталады


Тазалық төріңде тұрсын дегенді жиі айтып жүрміз. Тазалық әуелі өзге үшін емес, өзіміз үшін керек екенін ұмытып кететініміз бар. Соңғы жылдары тазалық мәселесіне қатты көңіл бөлініп келеді. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы осының айқын көрінісі. Бұл бағытта Сыр өңірі, оның ішінде жаңақорғандықтар да бұған қырын қарамай, барынша ат салысуда. Әсіресе, кенттегі тірлік тоқтаусыз жүргізілуде. Өйткені, үйге келген қонақ алдымен ауланың тазалығына қарайтынындай өзге өңірден келгендер ең бірінші орталықтың тазалығына мән береді. Бір ғана мәселе бар, ол тазалық мәдениетін қалыптастыра білу.

Облыс көлемінде жасыл екпелерді көбейту арқылы да экологиялық жағдайды жақсарту бойынша жұмыстар атқарылуда. Қызылорда облысының елді мекендерін көгалдандырудың және жасыл аймақтар құрудың 2021-2025 жылдарға арналған өңіраралық жоспарына сәйкес 2024 жылы елді мекендер аумағында 87,8 мың дана, жасыл аймақ құру бойынша 33,4 мың дана ағаш көшеттері егілген. «Таза Қазақстан» республика­лық экологиялық бағдарламасын аясында іс-шаралар жоспары бекітіліп, экологиялық жобалар жүзеге асуда.
Шыны керек, кент келбеті жылдан-жылға көркейіп келеді. Тазалығы да көзге көріне бастады, мемлекеттік қызметкерлерден бастап, жұрт болып жұмылып тазалыққа ден қойып жатыр. Тек тұрмыстық қалдықтардың шашылғаны тыйылмай тұр. Темір тұлпарды тізгіндеп, аудан орталығын түгелдей аралап шыққанда байқағанымыз, пластикалық құтылар мен шыны ыдыстардың шашылып жатқаны. Одан бөлек қайта өңдеуге келетін қаншама заттар қажетке емес, қоқысқа кетіп жатыр. Қазір әрбір тұрмыстық қалдық пұл болып тұрғанын білеміз, білсек те оны қажетімізге жарата алмай отырмыз. Яғни, тиісті мекемелерге өткізіп, пұлдауды ар санап жүргеніміз рас. Осыдан 20 жыл бұрын темір-терсек, шыны ыдыстары мен пластикалық құтыларды өткізіп, тиын табатынбыз. Бүгін біз мақаланы осы мәселе төңірегінде тарқатпақпыз.
Қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі жиі-жиі көтеріліп, бұл туралы жазылып та жүр. Мемлекет басшысының ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу туралы тапсырмасына баса мән беріп отыр. Осыған сәйкес, Сыр өңірі алдағы 2 жылда құны 43 млрд 122 млн теңгені құрайтын 10 жобаны іске асырмақ. Аталған жобалар аясында өңірдің барлық аудандары мен облыс орталығы, Қызылорда қаласы толық қамтылады. Бүгінгі таңда инвесторлар анықталып, қалдықтарды сұрыптау және өңдеу саласында 9 жоба «Жасыл даму» акционерлік қоғамының қаржыландыру механизмі арқылы іске асырылады. 1 жобаны іске асыруға облыстық бюджеттен 475 млн теңге қаржы қаралды. Бұл аймақ басшысының 9 айды қорытындылағандағы мәлімдемесі.
Жобалар толық жүзеге асқан жағдайда 500 тұрақты жұмыс орны ашылады және қалдықтарды өңдеу үлесі 30,1 пайыздан 33,6 пайызға ұлғаяды деп күтілуде. Бүгінгі таңда 9 жобаның 8-і бірінші кезеңінен өткізіліпті. Қызылорда облысының аумағында стихиялық қоқыс орындарын жою мақсатында тұрақты түрде жергілікті әкімдіктермен және экология, полиция органдары, еріктілер мен қоғам белсенділерінің қатысуымен бірлескен мониторинг жұмыстары жүргізіліп келеді. Бізде де қоқыс тастайтын арнайы полигондар бар, бірақ ол ақылы. Соған қарамастан күніне қаншама қоқыс төгіліп жатады. Кейде тұрғындар ақылы қызметті қиынсынып, кенттің айналасына күл-қоқыстарды төгіп кетеді. Арасында жоғарыда айтқандай қайта өңдеуге келетін қалдықтарды көреміз.
Жыл сайын елімізде 4,3 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық жиналып, соның небары 12 процентке жуығы ғана қайта өңделеді. Қалғаны қоқыс полигондарына көміледі екен. Елімізде тұрмыстық қалдық тасталатын 3 мың 520 полигон бар, соның 18 проценті ғана тиісті талапты сақтауда. Қоғам белсенділері және экологтар заңсыз қоқыс алаңдарының азаймағанын айтып, дабыл қағып жатқаны тегін емес. Бір ғана шешім, ол қоқыстарды сұрыптап, қайта өңдеп, қолданысқа енгізу. Бұл тұрғыда біздің ауданның мүмкіндігі тек қалдықтарды жинап, сұрыптап, өзге өңірлерге тасымалдау. Соның өзі үлкен олжа болып тұр.
Жаңақорғандық кәсіпкер Насырла Мурзаев бірнеше жылдан бері тұрмыстық қалдықтар, оның ішінде шыны ыдыстар, пластикалық құтылар, қағаздарды жинап, тұрғындардан сатып алып, көршілес өңірлерге өткізіп, кәсіп етіп жүр. Шағын шаруасын отбасылық бизнеске айналдырған ағамыздың кәсібін көруге арнайы барып, сұхбаттасып қайттық.
– 10 жылдан астам уақыт тұрмыстық қалдықтарды жинап, Шымкент қаласындағы зауытқа өткізуді қолға алдым. Бұл ісіме бала-шағам жәрдемдесуде. Қарамағымда тағы 2-3 жұмысшы бар. Күнделікті жұмыста макулатура, бөтелке, шыны, баклашка, салафан пакеттерді жинап, сұрыптаймыз. Бір ай бойы жиналған қоқысты сұрыптап, ретке келтіреміз. Былтырғы жылға қарағанда биыл жұмыс жақсы жүруде. Өткен жылы 2-3 айда бір өткізетінмін. Биыл ай сайын 10-15 тоннадан кем өткізіп жатқанымыз жоқ. Тұрғындар да, тазалық мекемелері де үйренді. Күнделікті жиналған қоқыстарды өткізіп тұрады. Тіпті, Байкенже, Сунақ ата, Шалқия, Бірлік ауылы тұрғындарының жинап қойған заттарын айына бір рет барып жинап кетеміз, – дейді кәсіп иесі.
Отбасылық кәсіппен нәпақасын тауып отырған Мурзаевтар отбасы қазіргі таңда айлық табысының да жақсы екенін жасырып қалмады. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліпті. Мемлекеттен көмек алуға мүдделі. Ағамыз балаларын да осы кәсіпке икемдепті. Бұл кісінің айтары көп, жастар мен мектеп оқушылары тиыннан тау тұрғызуға болатынын білмей жүр деп қынжылады.
Осы тақырыпта аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшысы Асылжан Жолдасбековтің ойын білген едік.
– Қалдықты қайта өңдеу, сұрыптау ісін қолға алғысы келетін жандар болса бағыт-бағдар беріп, қолдауға әзірміз. Қалдықтарды өңдеу бизнесінен жақсы табыс табуға болады. Қайта өңдеу – болашақта керек кәсіптердің бірі. Қайта өңдеу ісін бастау көп капиталды қажет етпейді. Орташа қаражаттың өзімен бизнесті бастап кете аласыз. Кішкентай инвестициямен бастауға болатын қайта өңдеудің ең тиімді 50 бизнес-идеялары мен мүмкіндіктері бар. Қалдықтарды қайта өңдеу бизнесін бастайтын болсаңыз кәсіптің орнын, қалдықтарды қалай және қайдан жинауды, оны қайда сатуды жақсылап зерттеп алған жөн. Мысалы, алюминий құтыларды қайта өңдеуге инвестиция салғыңыз келеді делік. Толық жұмыс бастап кетуге капиталыңыз болмаса да, ірі фирмалар үшін қолданылған құтыларды жинау арқылы қаражатыңызды еселеп алуыңызға болады. Бұл идея өзі тұратын өңірді немесе бизнесін бастауға таңдаған аймақты жақсы білетін адамдар үшін тиімді, – дейді.
Біздің бүгінгі көтеріп отырған тақырыбымыз тазалық мәдениетін қалыптастыра отырып, қайта өңдеуге қажетті қоқыстардан әжептеуір табыс табуға болатынын жеткізгіміз келді. Жоғары айтқан кәсіп иесі егер көп көлемде тұрмыстық қалдықтар болса келісіммен тиеп алып кететінін жеткізді. Мәселен, мекемелерде қағаздар, ірі сауда үйлерінде шыны ыдыстар мен бутылкалар болса пұлдауға дайын. Соның салдарынан көше қоқысқа айналып кететінін мойындауымыз керек. Енді оны сәл уақыт бөліп жнақтасаңыз, аздаған тиын-тебен қалтаңызға түседі. Бұл тазалыққа жақсы, екіншіден, өзіңіздің де бір жыртығыңызды жамайды. Қысқаша айтқанда, аудан тазалығын толық ретке келтірмейінше тазалық акциялары жалғаса береді.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
30 қараша 2024 ж. 128 0