БАЗАР БАҒАМЫ: БАҒА ҚАШАН ТҰРАҚТАНАДЫ?
Қоғамда азық-түлiк бағасын реттеп, тұрақтандыру соңғы жылдары басты назарда тұрған мәселе. Жылдың басында ең төменгі еңбекақы көтерілетіні белгілі болған еді. Мұндай ақпар нарықты мың құбылтатыны рас. Сондықтан қаңтар және ақпан айында құбылмалы базар бағасын әріптесім Әлібек Жарықбаев зерделеп нарықтың бағамына тоқталған еді. Енді 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің критерийі артпақ. Бұл да базардың бағамын өзгертетіні анық. Сол себепті, наурыз айындағы азық-түліктің бағамын бағдарладық.
«Үйдегi есептi – базардағы нарық бұзады» деген қазақта сөз бар. Сол айтқандай, базар бағасының тұрақсыздығы халықтың ұйқысын шайдай ашатыны үйреншiктi әдетке айналды. Әсiресе, жұртты алаңдататыны – күнделiктi тұтынатын азық- түлiктің бағасы. Базар бағамын аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің берген мәліметтері бойынша саралаудан бастасақ. Былтырғы жылы күріш бағасы 140-145 теңге сатылса, биыл – 190 теңге болып, 46 теңгеге қымбаттаған. Бірінші сортты ұн – ақпан айында 92 теңге болса, наурыз айында 102 теңгеге өсіпті, ал, нан – 60 теңгеден сатылуда. Ұн қымбаттаған соң, ұн өнімдерінің де қымбаттайтыны белгілі. Макарон бағасы ақпан айында 120 болса, наурызда 135 теңге, яғни, 15 теңгеге қымбаттаған екен. Сиыр еті – 1400 теңге болып қалыпты бағаны көрсетіпті. Тауық еті былтыр дәл осы уақытта 210-220 теңгеден болса, биыл наурыз айындағы бағасы келісі – 650 теңгеге өскен. Жұмыртқа – 21 теңге, пісте майдың – орташа бағасы 320 теңге, сәбіз – 200 теңге, пияз бағасы – 90, картоп – 80-85 теңге, қанттың келісі – 240 теңге. Қырыққабаттың келісі ақпан айында 100-120 теңгеден сатылса, наурыз айындағы бағасы – 230 теңгені құрайды.
Жұрттың көңiлiн күптi қылған базардағы азық-түлiк бағасын көршілес аудан Шиелімен де салыстырып көрдік. Ол жақта ет бағасы 1500 теңгеден, нан – 65, картоп пен жуа – 85-90 теңгеден сатылымда екен. Біздің ауданмен салыстырғанда айырмашылық 10-15 теңге арасы.
Құбылмалы сауда айналымында баға тұрақсыз болары түсінікті. Сатушылар Түркістан облысынан келетін жеміс-жидекті сатуда. Алайда, отандық өнімнің күн өткен сайын қымбаттауы әлі де шешілмеген түйін болып тұр. Ауданда төрт түліктің саны да артып келеді. Бірақ баға тұрақсыздығы әлі де болса көңілге қонбайды. Бұл қарапайым халықтың ғана емес, нарықтан нәпақасын тауып жүрген саудагерлерге де оңай тимесі анық. Саудагерлермен сөйлесу барысында осыны аңғардық. Олардың айтуларынша, көрші өңірлерден келетін тауардың қымбаттауы қалталарына ауырлық етуде екен.
Жалпы, азық-түлiк бағасын тұрақтандыруды ойластыру Үкімет тарапынан да қарастырылып жатыр. Азық-түлiк бағасын тұрақтандыру қорлары құрылып, базар бағамы жергiлiктi атқарушы билiктiң де бақылауында. Базардағы бағаның бетiмен кетпеуi үшін ауылшаруашылық өнiмдерiн өндiруде егiстiк жер телімдері беріліп, жер-жерлерде жылы жай салуға қаржылай несие беру қарастырылған.
Сәуір айының бірінен бастап көпбалалы отбасы алатын атаулы әлеуметтік көмек 70 пайызға, бірінші маусымнан бастап дәрігерлер мен мұғалімдер жалақысы да көтерілмек. Ендігі үмітіміз «Жуанның жiңiшкерiп, жiңiшкенiң үзiлетiн» кезеңi көктем басталғанда базарда сауда жасап отырған саудагерлер, алыпсатарлар адамгершiлiк арға сын боларын естен шығармаса екен.
Бiз жоғарыда жалақы, зейнетақы және жәрдемақы алатын азаматтар туралы баяндадық. Ал жұмыссыздар, кәсiпсiз жүрген тұрғындар мұндай жағдайда не істемек?
Лаура БИБАСАРОВА.