Соңғы жаңалықтар

Білім туралы құжаттарды тану

11 желтоқсан 2024 ж. 48

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «Жайлы мектеп» – жаңашылдық нышаны

«Жайлы мектеп» – жаңашылдық нышаны


Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» еліміздің барлық аймағында салынып жатыр. Оның екеуі біздің ауданымызда бой көтеруде. Құрылысы қарқынды жүріп жатқан Жаңарық ауылындағы «Жайлы мектеп» ғимаратын аудан әкімі Мажит Самитов аралап, мердігерлермен пікірлесті.


Аудан басшысы 300 орындық мектептің құрылысын көріп, сын-ескертпелерін айтты. Сондай-ақ құрылысқа жауапты тұлғаларға құрылыс сапасына мән беруді, жұмысшылар жалақысын уақытылы төлеу және нысандардағы жұмысты мерзiмiнде аяқтауды тапсырды.
Жаңақорған ауданында заманауи халық санының өсімі байқалады. Соңғы бес жылда бала туу көрсеткіші артқан. Мәселен, ауданда 2018 жылы 815 балаға туу туралы куәлік табысталса, 2022 жылы 2335-ке артқан. Ал, осы жылдың алғашқы алты айында 1220 туу туралы куәлікке өтінім қабылданған. Міне, осыдан-ақ алдағы жылдар­да мектеп санын ұлғайту қажеттілігі туын­дап отырғанын байқау қиын емес. Сондықтан болар, заманауи қажеттілікті қамтамасыз ететін бірнеше мектептер салу жоспарланды. Ұлттық жоба аясында салынатын «Жайлы мектеп» Жаңақорған кентіндегі Саяжай ықшам ауданында және Жаңарық елді-мекенінде бой көтеруде.
Республика көлемінде осы жоба арқылы салынып жатқан мектептердің көлемі мен сый­ымдылығы әркелкі болғанымен бәрі заманауи келбетке ие. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалалар мен ауылдарда салынатын мектептер сыртқы жағынан да, ішкі жабдықталуы мен конфигурациясы жағынан да бірдей. Бұл қала және ауыл оқушыларына сапалы білімнің бірдей қолжетімді болуына жол ашпақ. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Нарымбет Сәрсенбекұлының пікірін білген едік.
– Ұлттық жоба аясында ауданда екі мектептің де құрылысы аяқталуға жақын. Бұл білім беруде жаңа бағыт пен өрлеудің даңғыл жолын қалыптастырады. Біз заманауи мектепте дәріс беретін ұстаздарымыздың әдіс-тәсілді меңгеру бағытында біліктілігі мен тәжірибесін арттыруына барынша қолдау жасап отырмыз. Ашығын айту керек, зияткерлік қарым-қабілетке ие, жаңа бағытты толық меңгерген білікті ұстаздар іріктеудеу өтеді. Бұл білім инновациясын одан әрі жетілдіруге жол ашады, – деді.
Жаңарық ауылындағы 300 орындық мектеп жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Екі ауысымда 600 бала білім ала алады. Бас мердігер – «Алтын Айдарлы» ЖШС-мен нысанды жобалау және салу бойынша келісімшартқа қол қойылды. Бүгінде мектептің сыртқы қасбеттерінің жұмыстары жүруде. Құрылыс мекемесі басшысы Ерғали Егізбайұлы:

– Ауыл балалары заман көшінен қалмай, білім бәсекесінде көш ілгері болуы үшін шалғай ауылдарда да «Жайлы мектеп» жобасымен мектептер салынуын құптаймыз. Жаңарық ауылында заманауи келбетке ие ерекше мектеп құрылысын бастадық. Мектеп үйі білімгерге өте ыңғайлы жан-жақты зерттелген әрі практикада сыналған жобамен салынуда. Бригадамызға кәсіби мамандар мен жауапкершілігі мол азаматтарды жасақтадық. Белгіленген уақытта мектепті аяқтауға мүмкіндік мол, – дейді ол.

«Жайлы мектеп» құрылысына тапсырыс беруші «Samruk-Kazyna Construction» АҚ учас­кенің әлеуетін зерттеп, мердігерлерді анықта­ды. Жаңақорған кентінің «Саяжай» ықшам ауданында 600 орындық мектеп құрылысы осы жылдың соңына дейін толық бітуі тиіс. Мұнда екі ауысымда 1200 бала білім ала алады. Бас мердігер – «АманҚұрылыс» ЖШС-мен нысанды жобалау және салу бойынша келісімшартқа қол қойылған еді. Бүгінде мектеп құрылысының 80 пайыз жұмысы атқарылған. Қызу жұмысқа кіріскен мекеме басшысы Әділхан Маштаевты құрылыс учаскесінде жолықтырдық.
– Осыған дейін түрлі деңгейдегі мектептерді салып жүрміз ғой. Бұл мектептің құрылысы өте ерекше, жанға жайлы сәулет өнері деуге болады. Жайлы мектептердің ауданы қарапайым орта білім беру мектептерімен салыстырғанда 15-20% үлкенірек болады, ал техникалық жарақтандырылуы 4 есеге артады. Қысқасы, шәкіртке де, ұстазға да ыңғайлы мектеп болады, –деп мектеп жобасын тәтпіштеп түсіндіріп берді.
Түсінгеніміз, жаңа мектептерде робото­техника кабинеттері, STEАM-зертханалар, хореография залы, үш коворкинг (бастауыш сынып оқушылары, жоғары сыныптар мен мұғалімдер үшін) және басқа да қосымша мамандандырылған кабинеттер болады. Сондай-ақ, бастауыш сыныптар және орта буын мен жоғары сыныптардың асхана, спорт залдарына бөлек блоктар қарастырылған. Оқу кабинеттері интерактивті тақталармен және компьютерлермен жабдықталатын болады.
Әр оқушының жеке шкафы болады. Әр қабатта ауызсу тетіктері орнатылады. Жалпы алғанда, мектепте оқушылардың қолайлы жағдайда сапалы білім алуы қамтамасыз етілу керек.
Жайлы мектептерде ерекше қажеттілікте­рі бар балалар үшін де барлық жағдайлар жасалатын болады. Оқу орындары пандустармен және лифтімен жабдықталады. Есіктер кең, жеке әжетхана мен жуыну бөлмелері заман талабына сай.
Мектептердегі жиһаз бен ноутбуктерге, компьютерлерге, интерактивті тақталарға және басқа да электрондық өнімдерге арналған тех­никалық жабдықтарды мердігер ұйымдар ЕРС келісім шарттар шеңберінде өздері сатып алады. Яғни, жеке лоттар болмайды, конкурсты жеңіп алған компания объектіні салып қана қоймай, оны ЖСҚ-ға сәйкес толығымен жабдықтап, дайын күйде тапсырады.
Айтпақшы, «Жайлы мектеп» жобасының ішкі экономикамызға да айтарлықтай әсері бар. Мәселең, құрылыс материалының 65 пайызы аудан төңірегінен тасымалданған. Әрі мектепке қажетті жиһаздардың 95 пайызын жергілікті кәсіпкерлер орындауда. Сондай-ақ құрылыс жұмысына жергілікті халықты тартуға көңіл бөлінуде. Бұл жұмыссыз жүрген жерлестерге үлкен мүмкіндік. Ұлттық жоба аясында салынатын қос мектеп құрылысы ұдайы назарда.

Мақпал МАРҚАБАЙ
30 қараша 2024 ж. 122 0