Соңғы жаңалықтар

Білім туралы құжаттарды тану

11 желтоқсан 2024 ж. 48

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ГҮЛЗАРЛАР – КЕНТ КЕЛБЕТІ

ГҮЛЗАРЛАР – КЕНТ КЕЛБЕТІ


Соңғы кезде Жаңақорған кентінің көшелері де, қоғамдық-көпшілік орын саналатын орталық алаңдары да көріктеніп, кең тыныс алатындай тазалық талаптары орнығып келеді.


Бұрынғыдай жағалай «жасанды гүл» орнатып әуреге түспей-ақ, таби­ғи гүлдердің сан алуан түрі жапырақ ашып, кенттің сәнін кіргізуде. Кенттің басты көшесі – “Хорасан Ата” даңғылының бойында көз арбаған әсем гүлдердің сан түрін кезіктіруге болады. Алыс-жақыннан келген меймандарымыздың да ықыласты лебізі, оң бағасы осының дәлелі. Көше бойлай жасыл желекті қуалаған көбелек көңілді сергітетіні рас. Кент орталығындағы ірі мекеме орындары, кәсіпкерлік субъектілердің ғимараттары, мектептер мен балабақшалар маңы да келбеттеніп келеді. Орталық саябақ, Көкен батыр аллеясы, Теміржол бекетінің маңы және Жастар аллеясында гүл көшеттері отырғызылып, айрықша күтімге алынған. Су көздері орнатылып, айнала гүлзардың уақытылы суарылуы, топырағының минералды тыңайтқышпен қоректенуі жолға қойылған. Осы іспетті қоғамдық орындар көгалдандырылып, табиғат-анаға жан-жақты қамқорлық жасалуда. Бұл жөнінде кент әкімінің орынбасары Ағжан Тұрғанбаев:
– Кентті көгалдандыру мен гүлдендіру күн тәртібінен түскен емес. Өйткені туған жер, өскен ортаның ажарынан-ақ даму деңгейіміз, әдебіміз бен мәдениетіміз көрініс табады. Осы себепті биыл жасанды емес, шынайы гүлдерді өсіріп, баптауды жөн көрдік, – деді.
Биылғы гүл егу ісінен жергілікті кәсіпкерлер де қамқор қолдауын аямады. Қомақты қаражатқа орталық алаңда 8 гүлзар, кент әкімдігі алдында 3 гүлзар жасалып, Көкен батыр ескерткіші маңындағы аллеяға гүл отырғызылды. Орталық алаңдағы гүлзарға 870 түп роза, 244 түп канн, 4554 түп барқыт гүлі жерсіндірілді. Гүлзарларға жағалай газон төселді. Гүл көшетін сатып алу, егу, баптау жұмысын «Батыржан» ЖШС-нің қызметкерлері және қоғамдық негізде қызмет етушілер атқарды.
Кәсіпкер Олжас Пазылов: «Сәуір айынан бастап жұмысқа кірістік. Қаражат уақытында бөлініп, мауымдық жұмыс өз уақытында жүрді. Туған елге, жерге қызмет ету – азаматтық борыш. Кенттің гүлденген қалалардың тізіміне енуіне тілекшіміз, – дейді.
Кент алдындағы 3 гүлзар тамаша кескінмен көрік беріп тұр. Әрқайсысында 224 түп роза, 32 түп канн, 4100 түп барқыт бар. Әрбір гүлзарға суағарлар жасалып, суғару мәселесі шешілген. Осы маңнан өткендер әсем саябақта бірге суретке түсіп, әлеуметтік желіде жылы лебізін білдіріп жүр. Әсерлі жазбаларға көз жүгіртсек, Әсел Бақбергенқызы: «Туған жеріме бірнеше жылдан кейін оралып тұрмын. Бес жыл бұрынғы Жаңақорғанмен қазіргіні салыстыруға келмейді. Кенттің ажары кіріп, құлпыра түскен. Демалыс орындары ашылып, саябақтар қатары артқан. Көше жарықтандырылып, әр түрлі түсте жанған шамдары да көңілімізді биіктетті. Қаншама жұмыс орындары ашылып, тұрмыс жағдайы түзелген. Тұрғын үйлердің инфрақұрылымы жақсарғаны көрініп тұр. Таза суы мен газы да адамға жайлылық сыйлайды, –деп пікір білдіріпті.
Расында, күнделікті күйбен тірліктен айналамыздағы оң өзге­рістерді аңғара бермеуіміз мүмкін. Зер салған адам Жаңақорғанның көрікті өңірге айналып бара жатқанын аңғарады. Мереке күндері ғана мән берілетін ескерткіш алаңдарына да жан бітіп, жыл бойы күтім жасалып келеді. «Таза Қазақстан» акциясы ай сайын ұйымдастырылып, әр сенбілік кент тазалығына арналды. Соның нәтижесінде көше жасарып, кент келбеті айшықтала бастады. Биыл “Жеңіс” паркінде 550 түп роза, 32 түп канн, 150 түп барқыт сәнге сән қосты. Су құбыры тартылды. Бұл маңда да адам қарасы көбейіп, тамаша табиғат аясында серуендеуде. Солардың бірі Азамат Қайыржан: «Кент жыл сайын дамып, өсіп-өркендеуде. Кенттің шеткі аумақтарында тұрғын үйлер, көрікті жаңа ғимараттар мен әсем скверлер кентке ажар қосуда. Бұл да тамаша тынығуға, серуендеуге мүмкіндік», – дейді.
Кенттегі және аудан төңірегіндегі гүлдер көшеті «7 кz» Сыр табиғаты» ЖШС-тің тұқымбағынан алынуда. Мұнда тұрғындарға гүл көшеттерін, жеміс-жидек, декоративтік ағаш көшеттерін ұсына алады. Алыстан арбаламай, өзіміздің кенттен көшет алуға мүмкіндік бар. Тек өз ауламызды көркейтейік деген ізгі ниет болса болғаны.
Көшетті кәсіпке айналдырып, халыққа сапалы өнім ұсынып отырған кәсіпкер Амантай Сарбасов: «Биыл 40000 түп гүл өсіріп, көбін кент орталықтарындағы мекемелерге ұсындым. Одан бөлек Шиелі, Қызылорда жіне Түркістан қалаларынан сұраныс болды», – дейді.
Туған жердің түрленуіне қызмет етіп, жан-жақты көңіл бөліп жүрген кент әкімі Асқар Ибрагимовтың еселі еңбегін атап өткен жөн. Бұқаралық мәдениеттің көрінісі кенттің келбетінен аңғарылатынын жүрекпен қабылдаған адам өзінің киелі мекенінің қасиетін арттырып, барын бағалайтыны анық. Әрбір тұрғын өзінің аядай ауласын кір-қоңнан таза ұстап, жасыл желекке толтырса, кенттің көркі одан сайын құлпыра түспек.

Мақпал МАРҚАБАЙ
30 қараша 2024 ж. 121 0