№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Баға ырыққа бағынбай тұр

Баға ырыққа бағынбай тұр


Жанар жағар-май, электр жарығы, азық-түлік, газ, жалпы алғанда коммуналдық қызмет түрлері жыл басынан бері қымбаттады. Әсіресе, бензиннің құны шарықтап барады. Қымбатшылық бүйірден қысса да, жалақының көтерілетін түрі жоқ. Тек кейбір мемлекеттік қызметкерлер, оның ішінде ұстаздар мен медицина қызметкерлерінің жалақысы жоғарылады. Ал айлығы күнделікті ас-ауқатынан аспайтын қарапайым қазақ үшін базар бағасының құбылуы ауыр тиюде. Біз мән-жайды толық түсіну үшін әр тауар түрін таразылап көрдік.


Алдымен азық-түліктен бастайық. Осыдан бір ай бұрын базар жағалап, нарыққа талдау жасаған болатынбыз. Бір айдың ішінде аса қымбаттауды көрмедік, бірақ халықты қуантатын да өзгеріс жоқ. Базар жағалағанның шағымына құлақ түрсеңіз, отандық өнім бағасының қымбаттағанына наразы. Мұны сарапшылар әр түрлі пайымдайды. Жуырда Ұлттық экономика министрі азық-түлік бағасының 9 процентке өскенін хабарлаған болатын. Ал Алматы әкімдігі бағаның өсуіне өзге елдердің, әсіресе Қытайдың еш қатысы жоқ дейді. Өйткені өзіміз өндіретін тауарлардың мұнай мен доллар бағамына қатысы жоқ.
Жұмыртқа, картоп, жуа, ұн және өзге де тауарлар өзімізден шыққанымен құны шарықтап тұр. Енді бір сәт аудандағы базар бағасын бағдарлап көрейік. Өткен айдың осы кезеңімен салыстырғанда бағада қатты өзгеріс жоқ. Ұн мен қанттың құны қалыпты. Арзандағанды қойып, баға тұрақтылығын сезінудің өзі бір ғанибетке айналды. Саудагерлер жеміс-жидектің қымбаттауын доллармен есептейтін, енді қытай шекарасының жабылуынан көріп отыр. Ал еттің жыры бір бөлек. Бұл тақырып айта-айта жауыр болды. Қазір төрт түлігі түгел біздің ауданда ет бағасы түстіктегі малы бізден 3-4 есе аз аудандардан қымбат десек өтірік емес.
Президент жақында Қазақстан қымбатшылықтан Еуразиялық одақта рекордсмен атанғанын айтты. Бұл ретте қымбатшылыққа астықтың бітік шықпауы және аз өнімнің әлемдік нарыққа көптеп сатылуы себеп. Біздегі еттің қымбаттауы да осы экспорттың салдарынан, көрші өңірлерге, одан қала берді Араб Әмірлігі мен өзге де елдерге қойды тірілей экспорт жасауға құмармыз. Бұл азық-түлік бағасының көтерілуі – ұлттық қауіпсіздікке нұқсан. Біріншіден, ол халықтың тұрмыс сапасын төмендетіп, кедейлер қатарын күрт көбейтеді. Сырттай шүкір, киіміміз бүтін, тамағымыз тоқ дегенімізбен бай елдермен қазақты салыстыруға мүлдем келмейді. Айырмасы жер мен көктей. Екіншіден, бұл – қалың бұқараның билікке деген сеніміне селкеу түсіріп, наразы күштердің қарасы қылаң беруі мүмкін. Үшіншіден, тұтынушылар табысы азайған әрі жоғарыдан тоқпақ жеген шағын және орта бизнесті көлеңкеге кетуге мәжбүрлейді.
Кедейшілік – ел экономикасын кері тартатын кесел. Еуропалық одақта мына әдістеме қолданылады. Егер отбасы табысының 50 проценті азық-түлік өнімдеріне жұмсалса, ол кедей болып есептеледі. Осындай отбасыларды кедейшілік құрдымынан алып шығуға нақты бағдарланған бағдарламалар мен көмек арқасында бүгінде ЕуроОдақтың 11 елінде кедейшілік жоқ. Басқа еуропалық елдерде кедейшілік көрсеткіші 1-3 процент қана. Бізге оларды өзімізбен салыстырудың қажеті жоқ. Қазақстанда айлығы асынан артылмайтын отбасылар көп. Дерек көздердің айтуынша, әлеуметтік маңызды тауарлар бағасы 2019 жылы орташа 10,4 процентке өскен.
Отандастарымыздың басым бөлігінің айлық табысы бүгінде – 50 мың мен 200 мың теңге аралығында. Ал жалақының медианалық мөлшері 43 мың теңгені құрап отыр. Демек, халықтың тең жартысы бұл көрсеткіштен де аз табыс табады деген сөз. Әсіресе, Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облысы тұрғындарының күнкөрісі тым төмен деңгейде. Аталмыш өңірлердегі отбасылардың дені көпбалалы болғандықтан, жан басына шаққандағы кіріс көлемі тіпті төмен. Сарапшы Сергей Домнинның болжамынша, 2020 жылы Қазақстанда азық-түлік, коммуналдық қызмет және отын түрлерінің бағасы шарықтайды. Спикер табыстың өсуі халықтың әл-ауқатының артуына алып келмейді, қайта кедейліктің бұдан әрі өсуіне және теңсіздіктің күшеюіне соқтырады деп есептейді. Сондықтан мамандар қорқынышты жағдайды реттеу үшін мемлекет нақты шаралар қабылдау қажеттігін алға тартты.
Енді электр энергиясының өсуіне тоқталсақ. Биыл жарыққа төлейтін өтемақы құны 4 процентке қымбаттады. 1 қаңтардан бастап жаңақорғандықтар 1 кВт электр энергиясы үшін 17 теңге 25 тиын төлейді. Баға өткен жылмен салыстырғанда 45 тиынға қымбаттаған.Осы орайда Алматымен өзімізді салыстырмалы түрде алып қарайық. Қазір оңтүстік астана тұрғындары 1кВт электр энергиясы үшін 17 теңге 12 тиын төлейді. Енді есептей беріңіз, елдегі ірі мегаполиспен біздегі айырмашылық сәл ғана болғанымен, біздегі жарық Алматымен мүлде салыстыруға келмейді. Әкімдердің есепті кездесуінде аудан әкімі Сұлтан Мақашов осыны басты мәселе етіп көтерді. Неге?
Себебі, қазір аудандағы көп елді мекендер жарықтан әбден таршылық көріп отыр. Бірақ төлейтін ақша мынадай. Аудан орталығына шалғай ауылдар ақшасын төлеуге қиналмайды, тек жарықтан таршылық көрмесек дейді. Осыған дейінгі әкімдердің құрғақ уәдесінен шаршаған ауылдағы ағайын енді Сұлтан Ысқақұлынан үлкен үміт күтеді. Бұл бұл ма, бензиннің бағасы айды аспаннан бір-ақ шығарды.
Мұнай арзандаған сайын, қымбаттайтын жанармай бұл жолы да сол жүрісінен жаңылған жоқ. Ең өтімді бензин маркаларының құны бірден 10 теңгеге қымбаттады. Яғни, көп тұтынатын «Синойл» май құю бекетінде АИ-95 пен АИ-92 қымбаттап жатыр. АИ-95 бұған дейін 147 теңге болса, бүгіннен бастап 157-ге жетті. Ал АИ-92-нің құны 145 теңгедан 155-ке жетті. Кейбір жанармай құю бекеттеріндегі сұйық отынның бағасында сәл ғана қымбаттау бар. Бұл біздің аудандағы бензиннің хал ахуалы.
Айта кетсек, бұған дейін Үкімет бензин құнын реттеуден бас тартып, бағаны еркін жіберген болатын. Енді оны тоқтату немесе бағаны тұрақтандыру жоғары биліктің қолынан келе қоймас. Мұнайға бай елдің қатарында жүрген Қазақстанда келер жылдың соңына дейін баға 200 теңгеге жетеді деген ақпар бар.
– Шыны керек баға күрт өсті. Нәпақасын такси қызметінен тауып жүрген жүргізушілерге және қарапайым халыққа бұл өте ауыр тиеді. Мүмкіндік болса енді осы бағаны тұрақтандырса, – деді такси жүргізушісі Алихан ағамыз.
Тек қана көгілдір отынның бағасы тұрақты әзірге. Қатты отынның машақатынан құтылған жаңақорғандықтар еш болмаса газ бағасы қымбаттамаса дейді. Бірақ халықпен санасып жатқан, тілегіне құлақ асар ешкім жоқ.
Жалпы алғанда коммуналдық қызмет түрлерінің қымбаттауының бір көрінісі осы. Қымбатшылық қысқан қоғамда қарапайым халық жұмыссыздықтың азайып, жалақының өсуін тілейді.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
---
11 ақпан 2020 ж. 679 0