» » Жаңауылдық кәсіпкер ауданда жоқ кәсіп түрін бастады

Жаңауылдық кәсіпкер ауданда жоқ кәсіп түрін бастады


Бүгінде мемлекет тарапынан жергілікті жерлерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға баса назар аударуға көңіл бөлінуде. Оған қоса Сыр елінде үшжылдық «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып жарияланғаны тағы бар. Бұл да болса кәсібін дөңгелеткісі келген ынталы кәсіпкерлерге үлкен демеу. Жаңа жобаларды жергілікті жерде жүзеге асыруда Жаңақорғанда ілкімді істер бар. Соның бір айқын дәлелі – аудан орталығында құрылыс және ауылшаруашылығы мақсатында қолданыталтын  рабица-тор өндіру цехы іске қосылды.

Отбасылық бизнестің көркін қыздырған жаңауылдық Сейдахмет Сарбасов жетекшілік ететін шағын цехқа барып, қарбалас жұмыстың қарекетіне қанықтық. Бақсақ, бұрындары қалалық жерден келетін тор сым өнімі біздің аудан тұрғындарына қолжетімді бола түсіпті. Жаңа өнімнің өзге де біз білмейтін ерекшеліктерін Сейдахмет ағамыздың өзі айтып берді. Кәсіпкердің айтуынша, бизнестің бұл түрін бастамас бұрын осы саланың қыр-сырына әбден қанығып алған. Екі жыл бойы зерттеп, бизнес-жоспар жасайды. Алайда рабица-тор өндіретін жобасы мемлекет тарапынан қолдау таппай қалады. Кедергіге мойымаған  Сейдахмет ағамыздың жолы оңынан болып, қызылордалық досы қаржылай көмек қолын созады. Осылай Ресейдің Челябинск қаласына аттанып, рабица-тор өндіруге қажетті станок шығаратын компанияға  барады. Жаңа технологияға негізделген құрылғыларды көзімен көріп, автоматтандырылған «MODUL Б-747» аппаратын  1,5  млн теңгеге сатып  алады.
– Рабица-тор – бүгінгі заманғы әмбебап құрылыс және ауыл шаруашылығы мақсатында қолданы­латын материал. Әсіресе жеке тұрғын үйлер мен мекемелер тарапынан сұраныс бар. Мұндай жоба Жаңақорғанда жалғыз. Шикізатты Қызылорда, Алматы қаласынан аламыз. Келешекте темірдің отаны саналатын Қарағанды облысының Теміртау қаласынан алуды жоспарлап отырмыз. Тапсырыс көп түскен жағдайда тонналап алуға тура келеді. Қазір біз биіктігі 1,5 метр болатын 10 метрлік ораманы 6500 теңгеден сатудамыз. Тұрғындар үшін 50 метрге дейін осы бағаны ұстансақ, одан көп алатындарға көтерме бағамен түсіріп берудеміз. Жалпы тапсырыс берушінің тапсырысына қарай, яғни, сым тордың биіктігіне байланысты теңгесі де көтеріледі. Дейтұрғанмен қатып қалған баға жоқ. Ел игілігіне жұмыс істегендіктен, келісіп, халыққа қолжетімді қылуға тырысудамыз, – дейді Сейдахмет Сарбасов.
Кәсіпкер заманауи құрылғыны Ресейден сатып алғаннан кейін, арнайы цех ашқан. Өйткені, стандартқа сай сапалы өнім шығару үшін барлық техникалық шарттарын сақтау қажет. Өзге өңірлердегі секілді ашық алаңқайда емес, арнайы жел өтінен таса кешенде жұмыс істеуде.  Сөз басында отбасылық бизнес деп бекер айтпадық. Өйткені, бұл кәсіпке Сейдахмет ағамыз жетекшілік еткенімен негізгі жұмысты ұлы Алмат Сарбасов істейді. Сымды стандартқа сай кесіп, аппаратқа орналастыру, оны тапсырыс берушінің талғамына сай сапалы шығару Алматтың мойнына жүктелген.
– Бұл толықтай автомат­тан­дырылған станок. Қажетті өлшемді аппараттың смарт экранына енгізсеңіз болғаны, ары қарай сымды өзі тоқып шығады. Күніне 200-250 метр тор сым тоқимыз. Айына жобамен 560 орам сым орауға қауқарлы. Яғни, 5,5 шақырым. Бұл дегеніміз шамамен айына 4 тонна, 600 кило қара металл жұмсалады деген сөз. Электр қуатына да көп шығын кетпейді. Айына 15-16 кВт. Біздің мақсат – тұрғындарға сапалы тор сымын шығару, – дейді Алмат Сейдахметұлы.
Иә, ендігісі тек отандық өнімге қолдау көрсету. Тақырыпқа тұздық болсын. «Біз өз кәсіпкерлерімізді қолдауда, әрқайсымыз отандық өнімнің тұрақты әрі белсенді тұтынушысы болуымыз керек. Бұл біздің бойымыздағы патриоттық рухты қалыптастырып, жани түседі. «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиеттің болуы шарт. Олар: сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан». Бұл Тұңғыш Президент Жолдауынан үзінді.
Айтқандай, Сейдахмет ағамыз тағы бір Жаңақорғанда жоқ кәсіптің түрін бастап кетті. Өзі тұратын Жаңауыл мөлтек ауданындағы «Әлімкөл» көлі маңынан аукцион арқылы 10 соттық жер сатып алып, тереңдігі 2-3 метр келетін жасанды көлшікке 2500 шабақ тастап, келешегі балық шаруашылығын бизнес көзіне айналдыруды көздеп отыр. Әзірге жан-жағын тегістеп, жеңіл көлікке жол ашып, арасын Әлімкөлмен байланыстыруға әрекет етуде. Егер қаржы қолбайлау болмаса, кәсіпкер бұл жерді көршілес Шиелі ауданындағы Бәйгеқұм демалыс кешені секілді көлге шомылып, балығын аулап, катамаранмен серуендеуге болатын демалыс орнына айналдыруға таптырмас жер екенін тілге тиек етті. Әрине, жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы аясында жергілікті билік не қаржы институттары тарапынан қызығушылық танытып, қолдау көрсетілсе шынында демеуге тұрарлық жоба.
   

Әбдісамат ӘБДІШ. 
15 ақпан 2020 ж. 1 147 0