Ірі қара пироплазмозы
Ірі қара пироплазмозы – Piroplasma bigeminum деп аталатын қарапайымды қоздыратын жіті ауру. Ол қызба, қаназдық, сарғыштану мен гемоглобинурия белгілерімен қатар жүрек-тамыр, ас қорыту және жүйке жүйелері қызметінің бұзылуымен сипатталады.
Қоздырғышы. Романовский әдісімен бояғанда пироплазмалардың цитоплазмасы көкшіл, ядросы қызғылт түске боялады. Әдетте эритроцит ішінде бір, екі, кейде одан да көбірек паразит болады. Паразит пішіні алмұрт, дөңгелек, сақина тәрізді және ұзынша сопақ. Қосарланған алмұрт тәрізділері жіңішке жақтарымен жалғасып, эритроцит ішінде сүйір бұрыш түзейді. Жалғыз орналасқандарының тұрқы 2,2-ден 6 мкм дейін, қосарланған алмұрт тәрізділерінің тұрқы 4,5 мкм-ге дейін. Аурудың бас кезінде дара, кейіннен жұптасқан түрлері көбірек кездеседі. Аурудың әрі дамуына байланысты, зақымданған эритроциттердің саны тез көбейіп, 5-15%-ға жетеді (сирек жағдайларда 40%-ке дейін).
Қоздырғыштың өсіп дамуы. Эритроцит ішіндегі пироплазма жыныссыз екіге бөліну арқылы немесе бүршіктену арқылы көбейеді. Пироплазмалар кене денесінде шизогония әдісімен көбейеді. Пироплазмалардың тасымалдаушысы – бір иелі Boophilus calcaratus, екі иелі Rhipicephalus bursa және үш иелі – Haemophysialis punctata кенелері. Piroplasma bigeminum паразитін кенелер трансовариалдық жолмен тасымалдайды. Boophilus calcaratus кенелері пироплазмаларды, әдетте, нимфа сатысында, ал H.punctata, R.bursa кенелері имаго сатысында тасымалдайды.
Эпизоотологиялық деректер. Пироплазмоз негізінен еліміздің Оңтүстік бөлігінде таралған. В.calcaratus кенелері негізінен Оңтүстік Қазақстанда кездеседі. Олар көбінесе ірі қараның қанын сорады да, басқа түлікке сирек жабысады. Жайылымда олар 35-40 күн өмір сүріп, ұрғашылары мыңдаған жұмыртқа салады. Олардан 2-3 апта ішінде алты аяқты балаң кенелер дамып шығады. Олар жұмыртқадан шығысымен ірі қара денесіне жабысып, паразиттік өмір сүре бастайды да, 3-4 апта ішінде нимфа және имаго сатыларына жетеді. Жылы кезеңде В.calcaratus кенелері үш ұрпақ беріп үлгереді. Осыған орай Оңтүстік өңірінде ірі қара мал арасында пироплазмоз 3 рет байқалуы мүмкін. Бірінші рет көктемде-сәуір, мамыр айларында, пироплазмоздың бұл толқыны өлім-жітімсіз жеңіл түрде өтеді. Екінші рет жазда шілде-тамыз айларында ауру кең етек алып, өлім-жітім көбейеді. Үшінші рет күзде-тамыз айының аяғынан бастап, қазан айына дейін байқалады. Бұл кезде ауру мал арасына көбірек тарайды.
Ірі қараны жасанды жайылымдарда, сондай-ақ таулы жайылымдарда (теңіз деңгейінен 900-1200м биіктікте) баққанда пироплазмоз ауруы болмайды, себебі бұл жерлерде жайылым кенелері жоқ.
Boophilus calcaratus кенелері тараған ареалдарда пироплазмоз көбінесе франсайеллезбен бірге кездеседі.
Ауру белгілері. Пироплазмоздың жасырын кезеңі 14-24 күн. Бір жасқа дейінгі төлде және жергілікті малда пироплазмоз әдеттегіден жеңілдеу өтеді.
Ауруға шалдыққан ірі қара малының ең алдымен дене ыстығы 41-42°С дейін көтеріледі де, осы деңгейден төмендемей тұрып алады. Ауырған мал қатты күйзеледі. Жемге сылбыр қарап, қатты шөліркейді. Сауын сиырдың сүті азаяды.
Тамыр соғуы минутына 100-120-ға дейін шапшаңдап, жүрек соғуы, тыныс алуы жиілейді. Ішектің жиырылып-созылуы аурудың алғашқы 1-2 күндері күшейеді, көздің кілегей кабығы алғашқыда қызарады, сонан соң бозарып, сарғыштанады. Екінші күннен бастап-ақ ауру мал басын салбыратып, күйзеледі, көзінен жас жиі ағады. Жем мен суға сылбыр қарайды, кейде мүлде жем жемейді. Мес қарынның қозғалысы сирейді. Несеп алғашында сары түсті, аурудың жіті түрінде 2-күннен бастап-ақ қызыл түске боялады. Гемоглобинурияға несеп шығарудың жиілеуі қосылады, 3-4 күннен соң ауру белгілері ең жоғарғы дәрежесіне жетеді. Бұл мезгілде мал қатты күйзеледі, жем-судан бас тартып, жатып алып тісін қайрайды. Мес қарын қозғалуын мүлде қояды немесе өте баяу қозғалады. Жүрек соғу ырғағы бұзылады. Несеп қоңырлау-қызыл түсті, жиі және аз мөлшерде шығады. Осы белгілері 5-7 күнге созылып, мал өлім-жітімге ұшырауы мүмкін. Егер күтімі жақсы болып, ауырған малға мезгілінде мал дәрігерлік көмек көрсетілсе, ауру белгілері бірте-бірте қайтып, мал пироплазмоздан айыға бастайды. Бірақ ауырып сауыққан малдың қаны бірден толыға қоймай, 2-3 айдан кейін ғана бұрышы қалпына келеді.
Малдың жалпы күйінің нашарлауы шыжыған күн көзінде көп тұрғанда, немесе алыс жерге айдағанда жиі кездеседі.
Өлекседегі өзгерістер. Кілегей және сірі қабықтары бозарыңқы, сарғыш тартқан және ұсақ нүкте тәрізді қанқұйылған. Сөл бездері ұлғайған. Талағы қызыл-қышқыл түсті, үлкейген, үстіңгі жағы қанталаған, ұлпасы жұмсарып босаңсыған. Бауыры үлкейген, қоңыр-қызыл түсті, ал кейде сары балшық түстес. Бүйректері үлкейген қыртыс қабаты мен жұмсақ қабатының шекарасы байқалмайды. Қуығы әдетте қоңыр-қызыл, сирек жағдайда қоңыр-сары түсті несепке толы. Жалбыршағы әдетте қатты, ішіндегі жемі құрғақ жентектелген. Өкпесі, өлексенің жатқан жағынан ісінген. Бронхтарында көпіршіген қызғылт түсті сұйық зат бар. Жүрек, әсіресе жүрекше үсті нүкте және сызықша тәрізденіп қанталаған. Жүрек еті оңай жыртылады, түсі қоңыр, әр жерінде қанталаған ошақтар бар. Жүректің ішкі жағы қанталаған, ішінде қан ұйыған.
Диагнозы. Пироплазмоздың эпизотологиялық деректерін ескереді. Ауырған малдың жайылымда болуы және аталған кенелердің мал денесінен табылуы, өткен жылдарда осы аймақта аурудың кездесуі еске алынады. Ауру малды тексеріп, қарағанда дене қызуының көтерілуі, қан аздық, кілегей қабықтарының сарғыштануы және гемоглобинурия сияқты белгілерді байқауға болады.
Өлекседе қан аздық, талақтың үлкеюі, қуығы қызыл түсті қанға толуы және жалбыршықтың тығындалуы байқалады. Дайындаған қан жағындысынан ауру қоздырғышы табылады.
Эпизоотологиялық сараптау және ауру белгілерін анықтау, қанды микроскопиялық зерттеу нәтижелерімен салыстыра келіп диагноз қойылады да, оның негізінде кажетті ем қолданылады.
Пироплазмоз кейде қараталақ, лептоспироз және т.б. аурулармен араласып кездесуі де мүмкін. Егер пироплазмоз қараталақпен араласып кездессе, айрықша дәрілер қолдану нәтиже бермейді де, мая тез арада өліп қалады.
Лептоспироздың пироплазмозбен ортақ белгісі – гемоглобинурия. Бірақ лептоспирозда дене қызуы қалыптағыдай, кілегей қабықтарының сарғыштануы өте анық, майтұмсық зақымданады, талағы үлкеймеген. Пироплазмоз бен лептоспироз аралас білінген жағдайда, дәрі күшімен қызба төмендетіледі және қанда пироплазмалар жоғалады, бірақ қызыл түсті несеп шығуы тоқтамауы мүмкін. Мұндайда лептоспирозға қосымша зерттеулер жүргізу шарт.
Емі. Ауру мал жайылымға шығарылмайды. Оларды сумен, жеңіл қорытылатын, балғын азықтармен қамтамасыз ету қажет. Рационға сүт сары суын немесе жаңа сауылған сүт қосуға болады. Ауруды емдегенде пироплазмоз бен франсайеллездің араласып келетінін ескеру қажет. Ол үшін арнайы химиялық препараттарды және симптоматикалық дәрілерді қолданады. Жүрек етіндегі болатын өзгерістердің алдын алу үшін алдымен симптоматикалық немесе ауру белгілеріне қарай ем жүргізіледі. Аралас инвазияда жақсы нәтиже беретін азидин (беренил) және диамидин дәрілері.
Димизон, Азидинді ауру малдың барлығына (қатты ауырған малға жарты доза мөлшерінде) тері астына немесе бұлшық етке 3,5 мг/кг мөлшерінде 7% ерітінді түрінде егеді.
Диамидин тері астына немесе бұлшық етке 1-2 мг/кг мөлшерінде 7% ертінді түрінде егіледі. Ем жүргізгеннен кейін оның емдік әсері 10-14 сағаттан кейін байқалады, ал нәтижесі келесі күні (24 сағ) ғана білінеді. Жануардың дене қызуы қалыптағыға дейін төмендейді, несебі мөлдірленеді, сондай-ақ жем жеп, су іше бастайды. Егер малдың күйі түзелгенімен, дене қызуы төмендемесе, міндетті түрде қаны зерттеледі. Ауру қоздырғышы табылса, емі осы әдіспен қайталанады. Егер паразит табылмаса, қосымша клиникалық зерттеу жүргізіледі.
Қызылорда облысының ветеринария
басқармасының «Жаңақорған аудандық
ветеринариялық станциясы» КМК