Халықтың әлеуметтік қорғалуы – басты назарда

Өткен жұма күні Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департамент қызметкерлері ауданымызға арнайы келіп, тұрғындармен жүздесті. Кездесуде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселелері ортаға салынды.
Жиынға аудандық көпбейінді орталық ауруханасының, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының аудандық бөлімінің, Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің қызметкерлері, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары қатысты.
Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Нариман Жахудаев жүргізді.
– Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары халыққа толық әрі түсінікті жетуі тиіс. Әрбір азамат өзіне тиесілі әлеуметтік көмекті қалай алу керектігін білуі қажет. Сондықтан мұндай ашық кездесулердің маңызы ерекше, – деді Нариман Үсенұлы.
Одан әрі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы Бекболат Шәріпбеков әлеуметтік саясаттың басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту екенін атап өтті.
– Әлеуметтік қорғау жүйесі – мемлекеттің ең маңызды бағытының бірі. Зейнетақы, жәрдемақы, арнаулы әлеуметтік қызметтер, медициналық-әлеуметтік сараптама секілді мәселелер әр отбасыға тікелей әсер етеді. Сондықтан тұрғындардың барлық сұрағына нақты жауап беру, олардың құқықтарын түсіндіру – біздің міндетіміз. Бүгін көтерілген әр мәселе назарға алынады, – деді Бекболат Жүнісәліұлы.
Кездесуде департаменттің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бас маманы Қанат Сарсенов хабарлама жасады.
Оның айтуынша, ҚР инфляция деңгейін ескере отырып, жыл сайын әлеуметтік төлемдердің мөлшері қайта қаралады. Мысалы «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш 4325 теңге болып белгіленді. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 9,1 пайызға жоғары. Осыған сәйкес ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңгені құрады. Ең төменгі жалақы 85 000 теңге, ең төменгі зейнетақы 69 049 теңге, ал базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңге болып бекітілді.
Қанат Мұратұлының айтуынша, жаңа жылдан бастап еңбек сіңірген жылдары үшін және жасына байланысты зейнетақы төлемдері 10 пайызға арттырылды. Қызылорда облысы бойынша бүгінде 89 550 адам зейнетақы алады. Сонымен қоса, жасына байланысты жаңадан тағайындалатын зейнетақыны есептеу кезінде ескерілетін ең жоғарғы табыс мөлшері 216 260 теңгеден 237 875 теңгеге дейін өсті.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері азаматтың зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді. Егер еңбек өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, төлем ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы көлемінде беріледі. Ал 10 жылдан асқан әр толық жыл үшін бұл көрсеткіш 2 пайызға өсіп отырады. Алайда оның жалпы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110 пайызынан аспайды.
Одан әрі департаменттің медициналық-әлеуметтік сараптаманың әдіснамалық және бақылау бөлімінің бас маманы Айзат Жолдыбаева мүгедектікті белгілеу және қайта куәландыру тәртібі жөнінде кеңінен тоқталды.
Оның мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша Қызылорда облысында мүгедектігі бар адамдар саны 34 872-ге жеткен. Бұл облыс халқының 4,1 пайызын құрайды. Нақтырақ тоқталсақ, жас ерекшелігіне қарай 19 393 адам – еңбекке жарамды жастағылар, 8 593 адам – зейнеткерлер, 6 886 адам – 18 жасқа дейінгі балалар. Ал мүгедектік топтары бойынша І топ – 4 643 адам, ІІ топ – 10 569 адам, ІІІ топ – 12 774 адам, 18 жасқа дейінгі балалар – 6 886 адамды құрап отыр. Яғни өткен жылмен салыстырғанда жалпы өсім 609 адамға жеткен. Әсіресе зейнеткерлер арасында мүгедектік санының айтарлықтай артқаны байқалады. Бұл созылмалы сырқаттардың асқынуына және қосымша аурулардың көбеюіне байланысты.
Айта кетейік, кездесу барысында тұрғындар сұрақтарын қойып, өздерін толғандырған мәселелерді тікелей жеткізді. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі азаматтар тарапынан қойылған сауалдардың басым бөлігі мүгедектік топтарын қайта қарау мәселесіне қатысты болды. Кейбір тұрғындар денсаулық жағдайы нашарлағанымен, жоғары топқа ауыса алмай жүргенін айтты. Тұрғындар тарапынан мүгедектікке байланысты медициналық қорытындылардың ұзақ уақытқа созылатынын алға тартты.
Бірнеше азамат мемлекет есебінен берілетін дәрі-дәрмектің сапасына қатысты сын айтты. Олардың сөзінше, соңғы уақытта тегін берілетін кейбір препараттар бұрынғыдай тиімді емес.
Әлеуметтік көмек көрсетудің мәні – тек құжат рәсімдеумен шектелмей, азаматтардың нақты қажеттілігін өтеуі қажет. Егер берілетін дәрі-дәрмек сапасыз болса, бұл қолдаудың тиімділігі де төмендейді.
Тұрғындардың көтерген мәселелерін мұқият тыңдаған Бекболат Шәріпбеков олардың ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
– Дәрі-дәрмек сапасына қатысты айтылған мәселелер өте маңызды. Бұл сұрақтарды құзырлы органдарға жолдаймыз. Азаматтардың денсаулығы мен әлеуметтік қорғалуы – басты назарда. Бүгінгі кездесуде көтерілген барлық ұсыныс пен сын-ескертпе хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыстар жүргізіледі, – деді департамент басшысы.
«Ордакент» ғимаратында өткен бұл кездесу әлеуметтік саладағы құрғақ статистика мен ресми есептен әлдеқайда маңызды болды. Тұрғындап өз тағдырын толғандырған сауалдарын қойды. Кейбірі зейнетақы мөлшерін нақтылады, кейбірі мүгедектік рәсімдеудің тәртібін сұрады, ал енді бірі сапалы дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмай отырғанын ашық айтты. Тұрғындардың сауалынан әлеуметтік қорғау саласында әлі де шешімін күткен мәселелер бар екенін аңғардық.
Иә, мемлекет тарапынан қолдау көлемі артып келеді. Зейнетақы мен жәрдемақы көбейіп, әлеуметтік қызметтер жетілдірілуде. Бірақ тұрғындар үшін бастысы сол көмектің шынайы өмірде тиімді болуы. Сондықтан мұндай кездесулердің мәні зор. Олар халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, нақты проблемаларды анықтауға жол ашады. Ең маңыздысы – тұрғындардың үні естіліп, олардың мәселесі жауапсыз қалмауы. Демек, әлеуметтік қорғау – цифрлар мен көрсеткіштердің жиынтығы ғана емес, әр адамның тағдыры, денсаулығы, күнделікті өмір сапасы. Келелі кездесуде көтерілген мәселелер осыны тағы бір мәрте айқындай түсті.
Айсұлу АЛДАНАЗАР




