№43 (8957) 9

09 маусым 2026 ж.

№42 (8956) 6

06 маусым 2026 ж.

№41 (8955) 2

02 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » БОЛАШАҚТА ҚАЙ МАМАНДЫҚТЫҢ БӘСІ БАСЫМ?

БОЛАШАҚТА ҚАЙ МАМАНДЫҚТЫҢ БӘСІ БАСЫМ?



Жаз мезгілінің алғашқы айы мыңдаған мектеп түлегі үшін жауапты кезеңмен тұспа-тұс келеді. Әр түлек үшін «Қандай мамандық таңдасам болады?», «Болашақта қай сала сұранысқа ие болады?» деген сұрақтардың маңызы зор. Бұрындары дәрігер, мұғалім, заңгер немесе экономист мамандықтары ең беделді кәсіптердің қатарында саналатын. Алайда бүгінгі технологиялық дәуір бұл түсінікті түбегейлі өзгертіп жатыр. Жасанды интеллектінің дамуы, роботтандыру, цифрландыру және ғылыми-техникалық прогресс еңбек нарығына жаңа талаптар қоюда. Кейбір мамандықтардың маңызы төмендеп, енді бір салаларға сұраныс күн сайын артып келеді. Біз қандай мамандықтардың бүгінгі күні сұранысқа ие екеін саралап көрдік.
                                                                 ТҮЛЕКТЕР НЕ ДЕЙДІ?
Мамандық таңдау – тек диплом алу емес, ол адамның бүкіл өмір жолын айқындайтын шешім. Сондықтан бүгінгі түлектер болашақтың беталысын, еңбек нарығындағы өзгерістерді және қоғам қажеттіліктерін ескеруі тиіс. Біз алдымен биыл мектеп бітіріп отырған жастардың пікірін білуді жөн көрдік.
No125 Садықбек Сапарбеков атындағы орта мектептің түлегі Диас Ержанұлы болашағын инженерлік саламен байланыстырғысы келеді.
– Мен физика пәнін таңдап отырмын. Бала кезімнен техникаға қызығамын. Қазіргі заманда құрылыс, өндіріс, энергетика, көлік салалары
инженерлерсіз дами алмайды.Сондықтан осы мамандықты таңдадым. Инженерлерге елімізде сұраныс көп деп ойлаймын, – дейді ол.
Шынында да, Қазақстанда соңғы жылдары өндіріс орындарын жаңғырту, жаңа зауыттар салу жәнеинфрақұрылымдық жобаларды
 үзеге асыру барысында инженер кадрларына қажеттілік артып келеді.Сарапшылардың айтуынша, алдағы
онжылдықта инженерлік бағыттағы мамандар еңбек нарығында ерекшесұранысқа ие болады.
 Ал No51 Мұхамеджан Қаратаев атындағыорта мектеп түлегі Батырбек Санжар ақпараттық технологиялар саласын таңдаған. ҰБТ-дан 120 балл жинаған талапкер Сүлеймен Демирелуниверситетінің «Ақпараттық жүйелер» мамандығына құжат тапсыруды жоспарлап отыр.
– Қазір барлық сала цифрлық технологияларғакөшіп жатыр. Сондықтан IT бағытында білім алу арқылы болашақта өз орнымды табамын деп
сенемін, – дейді ол.Осы мектептің тағы бір түлегі Нұржан Маратұлы Astana IT University оқу орнының «Ақпараттық
қауіпсіздік» мамандығын таңдаған. Оның пікірінше, ақпараттық қауіпсіздік – алдағы жылдары ең
қажетті салалардың бірі.
– Әлемде кибершабуылдар көбейіп жатыр. Мемлекеттік органдардың, банктердің, кәсіпорындардың ақпараттық жүйелерін қорғау
үшін білікті мамандар қажет болады, – дейді ол.
 Ал Әділжан Елданұлы азаматтық авиация саласына қызығушылық танытып, Авиациялықазаматтық академияның «Ұшу көлігін басқару және
пайдалану» мамандығын таңдаған. Біздің аңғарғанымыз, жастардың таңдауы әртүрлі болғанымен, олардың барлығын біріктіретін ортақ  мақсат бар. Ол – заман талабына сай білімалып, ел дамуына үлес қосу.
                                                    ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІ НЕНІ ӨЗГЕРТЕДІ?
Бүгінде әлем бұрын-соңды болмаған технологиялық өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Жасанды интеллект көптеген салаларда адамның жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, кейбір кәсіптердің орнын басып келеді.
Осы орайда біз өзіміздің ауданнан түлеп ұшқан, бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің«Қоршаған ортаны қорғауды  басқару және инженеринг» кафедрасының профессоры Ахан Әбжалеловтың қазіргі еңбек нарығындағы өзгерістер туралы пікірін білдік.
Ғалымның айтуынша, әр баланың өз қабілетіне сай мамандық таңдауы маңызды. Дегенмен технологиялық
өзгерістерді де назардан тыс қалдыруға болмайды.
– Әр оқушы талантты. Әркім өзінің бейіміне қарай мамандық таңдауы керек. Бірақ қазір жасанды интеллект өте қарқынды дамып жатыр. Соған байланысты көптеген кәсіптер өзгеріске ұшырайды. Еуропада, Жапонияда роботтар түрлі жұмыстарды атқаруда. Тіпті Астананың
өзінде қызмет көрсету саласында роботтар қолданыла бастады, – дейді профессор.
Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, алдағы жиырма жыл ішінде қазіргі кәсіптердің едәуір бөлігі автоматтандырылуы мүмкін. Әсіресе қайталанатын, бірсарынды жұмыстар роботтарға берілетін болады.
Сарапшылар бухгалтерлік есептің көптеген операциялары автоматтандырылатынын, логистика мен та- сымалдауда жүргізушісіз көліктердің үлесі артатынын, ал өндіріс орындарында роботтардың саны көбейетінін айтуда.
Осыған байланысты Ахан Әбжалелов математика, физика және информатика пәндеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.
– Қазіргі технологиялардың негізінде математика жатыр. Бағдарламалау да, жасанды интеллект те, инженерлік жобалар да математикалық есептеулерге сүйенеді. Сондықтан математикаға бейімі бар жастар осы бағытты таңдағаны дұрыс. Қазір еуропа елдерінде, Жапонияда
роботтар адамдарға қызмет көрсетеді. Демек болашақта даяшылардың жұмыссыз қалады. Сонымен қоса, алдағы уақытта Мәскеу мен Астананың арасында жүргізушісіз көлік қатынайтын болады. Демек болашақта жүргізушілердің де
жұмысы азаяды, – дейді ол.
                                                   БОЛАШАҚТЫҢ КІЛТІ – IT САЛАСЫНДА

Соңғы он жылдықта ақпараттық технологиялар әлемдік экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналды. Бағдарламашылар, деректер талдаушылары, киберқауіпсіздік мамандары, жүйелік инженерлер мен жасанды интеллект әзірлеушілеріне сұраныс күрт өсті.
Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалып отырған жоқ. Мемлекеттік қызметтердің цифрлануы, электронды сауда, мобильді қосымшалардың көбеюі және кәсіпорындардың автоматтандырылуы IT мамандарын еңбек нарығындағы ең қажет кадрлардың қатарына шығарды. Қазіргі таңда бағдарламалау тілдерін меңгерген мамандар халықаралық компанияларда қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігіне ие. Бұл
өз кезегінде жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.
Ғылым мен техникаға сұраныс артады Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Бақытхан Әбдікәрімов те техникалық бағыттағы мамандықтардың болашағы зор екенін айтты.
– Физика пәніне қызығушылық танытқан жастар үшінжасанды интеллект, бағдарламалық қамтамасыз ету,  есептеу техникасы, ақпараттық жүйелер, ақпараттық қауіпсіздік, энергетика сияқты салалар өте өзекті. Сонымен қатар геология, мұнай-газ, жылу энергетикасы, электр
энергетикасы бағыттарына да сұраныс жоғары, – дейді ғалым.
Қазақстан табиғи ресурстарға бай мемлекет болғандықтан, энергетика және геология салалары ұзақ уақыт бойы өз маңызын жоғалтпайды. Сонымен бірге жаңартылатынэнергия көздерінің дамуы жаңа мамандардың қалыптасуына жол ашуда.
                                                      СУ, АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖӘНЕ БИОТЕХНОЛОГИЯ ДӘУІРІ
Химия ғылымдарының кандидаты, PhD доктор Нұрғали Ақылбеков болашақта биотехнология, экология және су шаруашылығы салаларының маңызы арта түсетінін айтады. Ғалымның пікірінше, қазіргі әлемде азық-түлік қауіпсіздігі, таза ауыз су мәселесі және экологиялық тұрақтылық маңызды орынға шыққан.
– Әлемдегі басты мәселелердің бірі – су тапшылығы. Сондықтан су ресурстарын басқару, экология және биотехнология салалары сұранысқа ие болады. Сонымен қатар автоматтандыру, робот техникасы және жаңа технологияларды дамыту да маңызды бағыттардың бірі, –дейді ол.
Бүгінде көп мемлекеттер климаттың өзгеруімен күреске миллиардтаған қаржы бөліп жатыр. Сондықтан экология, гидрология, қоршаған ортаны қорғау және агроинженерия мамандарының қажеттілігі жылдан-жылға арта түсуде.

                                            ҚАЙ МАМАНДЫҚТАР ӨМІРШЕҢДІГІН САҚТАЙДЫ?
Мамандардың пікірінше, технология қанша дамыса да, кейбір кәсіптер өз маңызын жоғалтпайды. Олардың қатарында ең алдымен дәрігерлер тұр. Себебі адам денсаулығын толықтай роботқа сеніп тапсыру әзірге мүмкін емес. Сонымен қатар психологтар, ғылыми зерттеушілер, шығармашылық мамандық иелері және тәрбие саласының мамандары да қоғам үшін маңызды болып қала береді.
– Ақпараттық дәуірде жасанды интеллектің көмегімен көп жұмыстар атқарылады. Дегенмен адам саулығының сақшыларының орынын толықтай роботтар баса алмады. Өйткені адамның жанын адам ғана түсінеді, - дейді Нұрғали  Икрамұлы. Жасанды интеллект диагноз қоюға көмектесуі мүмкін, бірақ науқаспен қарым-қатынас жасау, күрделі шешім қабылдау сияқты міндеттерде адамның рөлі сақталады.
Иә, қазіргі әлем қарқынды өзгеріп жатыр. Бірнеше жыл бұрын сұранысқа ие болған мамандықтардың кейбірі бүгін өзектілігін жоғалтып жатса, жаңа кәсіптер пайда болуда.
Сондықтан мамандық таңдауда тек беделге немесе ата-ананың қалауына емес, еңбек нарығының сұранысына және өз қабілетіңізге сүйену маңызды. Ғалымдардың пікірін сараласақ, алдағы жылдары ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, инженерия, биотехнология, энергетика, экология және су шаруашылығы бағыттары ерекше маңызға ие болады. Дегенмен ең бастысы – адамның өз ісін сүйіп
атқаруы. Себебі сүйікті мамандық қана үлкен жетістікке жетелейді. Демек, бүгінгі түлек – ертеңгі инженер, дәрігер, ғалым немесе бағдарламашы. Ал олардың дұрыс таңдауы еліміздің болашағын айқындайтыны анық.

Айсұлу АЛДАНАЗАР

09 маусым 2026 ж. 30 0