ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛЕТ – ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ ӨЗЕГІ

Бүгін «Руханият» орталығында аудандық коалиция төрағасы Ғалымжан Жарқынбек пен аудандық коалиция мүшелері Өмірсерік Тақырбасов, Серқожа Ыдырысов, Пахмадин Айнақожаев аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұжымымен, яғни әлеуметтік сала қызметкерлерімен мазмұнды кездесу өткізді.
Кездесудің басты арқауы – Жаңа Конституция және әлеуметтік әділетті қоғам қалыптастыру мәселесі болды. Себебі халықпен ең тығыз жұмыс істейтін, елдің мұң-мұқтажын бірінші болып сезінетін сала – дәл осы әлеуметтік сала. Зейнеткер, мүмкіндігі шектеулі жан, көпбалалы отбасы, жұмыссыз азамат – бәрінің тағдыры осы сала мамандарының жанашырлығына тікелей байланысты.
Жаңа Конституция жобасында адам құқығы, әлеуметтік қорғау, әділдік пен тең мүмкіндік мәселелері басты орынға шығарылған. Бұл – әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегін заң жүзінде нығайтып, олардың жауапкершілігімен қатар мәртебесін де арттыратын маңызды қадам.
Кездесу барысында қатысушылар Конституциядағы әлеуметтік бағыттағы өзгерістерге тоқталып, халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмыспен қамту тетіктерін жетілдіру, әлеуметтік қолдаудың әділ әрі ашық болуын қамтамасыз ету жайын талқылады. Сонымен қатар, әлеуметтік қызметкерлердің күнделікті тәжірибесі мен ұсыныстары да ортаға салынды.
Бұл басқосу – жай ғана пікір алмасу емес, әлеуметтік әділетті Қазақстан құру жолындағы нақты қадам. Себебі Жаңа Конституция қағаз жүзіндегі құжат қана емес, ол – халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған ортақ келісім.
Әлеуметтік сала қызметкерлері – қоғамның тірегі. Ал олардың еңбегі әділ бағаланып, құқығы қорғалған ел ғана шын мәнінде әділетті мемлекет бола алады.
#референдум
#референдум2026
#ЖаңаКонституция
#АтаЗаң




