№43 (8957) 9

09 маусым 2026 ж.

№42 (8956) 6

06 маусым 2026 ж.

№41 (8955) 2

02 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » АУЫЛДАН ШЫҚҚАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

АУЫЛДАН ШЫҚҚАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ



Жуырда Мысыр елінің астанасы Каир қаласында жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында пара пауэрлифтингтен әлем чемпионаты өтті. Тартысты додада Сыр елінің мақтанышы Фариза Төлжан ересек әйелдер арасында 50 келі салмақ дәрежесінде үш тәсілдің қорытындысы бойынша 285 келі нәтижемен әлем чемпионы атанды.
Қазақ елінің туын әлемдік аренада абыроймен асқақтатқан чемпионымыз Фариза Төлжанды сырбойылық жанкүйерлер «Қорқыт ата» әуежайынан сән-салтанатымен қарсы алды. Салтанатты шараға жас спортшылар, жаттықтырушылар, спорт саласының қызметкерлері
мен БАҚ өкілдері қатысты. Өз кезегінде батыр қызымыз Фариза Төлжан қолдау білдірген барша сырбойылықтарға ризашылығын
білдіріп, алдағы дүбірлі додаларда ел намысын абыроймен қорғауға сенім білдірді.
Ол – пауэрлифтинг әлеміндегі ерекше жарқыраған жұлдыз. Оның күші тек білегінде ғана емес, ең алдымен, жүрегінде, қайсар мінезі
мен жігерінде жатыр. Спорттағы табысы оңай келмегенін бәрі біледі, бірақ ол әрбір кедергіні болаттай мінезі мен тынымсыз еңбегінің арқасында бағындырып келеді. Міне, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Фариза Төлжан жеңіс тұғырынан бұрын өз қорқынышын жеңіп, шыдамдылықтың шыңына жеткен қазақтың қайсар қызы. Ол пауэрлифтингті таңдады, ал пауэрлифтинг оны чемпион етті.
Жаңарық ауылының тумасы Фариза Төлжан құдайдың қарым-қабілеті қонған жан.
Қырмызы күнінен-ақ қалың жұртшылықтың таңданысын туғызған ол пауэрлифтингке келгеннен кейін өзін толағай күш әлемінің бір таланты ретінде таныды. Бастапқыда қатарымен ойнап-күліп, қамсыз жүрген қыз бойжете келе зілтемірді бағындыруды шын мақсат етіп, өмірін
спорттың осы бір ауыр атлетика бағытына арнапты. Таңдаған жолы тасада қалдырмай, бойына булыққан күшінің
арқасында бойжеткен бүгінге дейін біраз белесті бағындырып үлгерді.
Ол 2016-2017 жылдары Астана қаласында өткен ҚР чемпионатына қатысып 3- орын алып, қола медальды иеленсе, 2019 жылы Ақтөбеде күміс, 2020 жылы елордада ҚР ның спартакиадасында 1-орын алып, алтын медальды иеленді. 2022 жылы Талдықорғанда өткен ҚР ның командалық чемпионатында және Ақтау қаласында 1-орынға шығып, алтын алқаны иеленсе, 2022 жылы Оңтүстік Кореяның Пхентхек
қаласында өткен Ашық Азия және Океания чемпионатында 3-орынды алып қоланы қанағат тұтыпты. Одан әрі Грузияда өткен әлем кубогынан 2 күміс, және 3 қоланы иеленіп оралса, 2023 жылы ҚР жазғы паралимпиада ойындарында 1 орын алып, тағы бір мәрте алтыннан алқа тағынды.
Болашағын ауыр атлетикамен ұштастырған арманы асқақ аруға биылғы жылдың да бергені мол. Ол биыл Таразда өткен ҚР командалық
чемпионатында да жүлделі 1-орынды еншілеп, еңбігінің жемісін көрді.
Темірді қолмен емес, жүрекпен көтеру керек, Фариза әрбір жаттығуын осындай ұстаныммен бастайды. Ол үшін спорт – жігер мен мінездің
шыңдалатын алаңы. Күш-қуатының арқасында ол чемпион атанып, талайдың таңдайын қақтырды. Оның басты мақсаты өз ішіндегі
шекараларды бұзып, жаңа белестерге жету. Оның әрбір жетістігі – өзінің талмас еңбегі мен қажырлы күшінің нәтижесі. Ол үшін қиындық
деген тек уақытша тосқауыл.
Ең бастысы, алға ұмтылу, армандарға жету жолында ешқашан тоқтамау. Зілтемірші қыз әуелі Жаратқанның, одан қала берді үздіксіз еңбек пен қажыр қайраттың арқасында табысқа жетіп отыр. Оның үлкен жеңістеріне тілекші тағы бір тұлға – Фаризаның бапкері
Бақытбек Рысбаев. Ол тек жаттықтырушы емес, жеңіс жолына бағыттаушы ұстазы.
Ол шәкіртінің күшімен қоса ішкі сенімін де қалыптастыра білді. Бұл туралы Бақытбек Болатбайұлының өзі былай дейді:
– Әу бастан Фаризаның қайрат-күшімен қатар, рухының мықтылығына сүйсінемін. Ол өзінің қажыр қайратының арқасында кейбір
адамдардың бойындағы мүмкіндіктердің шын мәнінде шексіз екенін көрсетті. Фаризаның нағыз күші қайсар жүрегі мен темірдей
табандылығында, – дейді бапкері ҚР-ның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бақытбек Рысбаев.
Фариза – жігер мен қайсарлықтың айқын үлгісі. Зілтемірші қыздың жүріп өткен жолы бізге бір нәрсені үйретеді: Шын мәнінде
шектеулер біздің санамызда ғана. Нағыз күш деп ешқашан берілмеу және алға ұмтылуды айтамыз. Рухы мықты, ерік пен жігері қайраулы қыздың әлі де талай биіктікті бағындырарына сенім мол.

Мақпал ПӘТЕНОВА

09 маусым 2026 ж. 29 0