Соңғы жаңалықтар

№36 (8950) 16

16 мамыр 2026 ж.

№35 (8949) 13

13 мамыр 2026 ж.

№34 (8948) 9

09 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » Дән себілді, диқандардың жайы қалай?

Дән себілді, диқандардың жайы қалай?


Бірер күннен кейін Сыр диқандары дән себуді, күріштікті суға бастыруды толықтай түйіндейді. Одан кейін күзге дейін дәнді күтіп-баптау жұмыстары жалғасады. Соңғы кездері су тапшылығына байланысты оңтүстік өңірлердегі шаруалар бақша дақылдарына басымдық беріп, өнім көлемін көбейтуді көздеп отыр. Өйткені су мәселесі бірер жылда шешілетін шаруа емес. Бұл – әлемдік проблема. Апта басында өткен Үкімет отырысының басты тақырыбы аграрлы саланың хал-ахуалы болды. Мал шаруасының ширап келе жатқаны белгілі, енді егін шаруасын еселеп өндіру жоспары тұр. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы, яғни, аграрлы сала ел экономикасының негізгі драйверіне айналуы тиіс.

Алдымен Үкімет басшысы Олжас Бектенов кадрлық өзгерістерге тоқталып, жаңа қызмет­ке келіп жатқан әріптестеріне сәттілік тіледі. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша министрлікте атқарылып жатқан жұмыстардың есебін тыңдады. Сондай-ақ бірнеше облыс әкімдерінің есебі тыңдалды.
Қазақстанда егіс науқанының мониторингі үшін ЖИ элементтері бар цифрлық платформа енгізілуде. Цифрлық технологияларды пайдалану және тұқым сапасын қадағалауды күшейту шаралары өсімдік шаруашылығының тиімділігін арттыруға негіз қалайды. Осы мәселе төңірегінде саланы цифрландыру және агротехнологиялық іс-шараларды қамтамасыз ету туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов баяндаманы жасады. Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрілігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп егін егу барысы туралы деректерді жинауға арналған платформа әзірлеп шығарған. Платформа қазір пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Болашақта өндірісті талдау және болжау үшін жүйеге жасанды интеллект элементтері енгізіледі. Сонымен қатар тұқым сапасын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тыңайтқыштардың ішкі нарықтағы бағасы да белгілі бір межеде бекітілді.– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сәуір айы­нан бастап элеваторларды салу мен жаңғыртуды жеңілдік­пен қаржыландыруға өтінімдер қабылдау басталды. Біз осы тапсырманы жүзеге асыру бойынша Жол картасын әзірледік. Онда негізгі қаржыландыру критерийлері мен астық сақтау нысандарын салу және жаңғырту жөніндегі индикаторлар көзделген. Қаржыландыруды толық қамтамасыз ете отырып, элеваторлардың қуатын 1 млн тоннаға дейін кеңейту жос­парланып отыр, – деді Азат Сұлтанов.
Дала еңбекерлеріне аяқсудан кейін негізгі мәселе – жанар-жағар майдың бағасы. Биыл шаруалар үшін дизель отынының бағасы литріне 263 теңге деңгейінде бекітілген екен. Алайда түпкілікті бағаны өңірлік операторлар анықтайды, ол литріне 281 теңгені құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді. Министрдің айтуынша, 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына қажетті дизель отынын жеткізу үшін Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері бірлесіп жоспар бекіткен. 1 ақпан мен 30 маусым аралығына 402,2 мың тонна дизель отынын бөлу кестесі қабылданған.
Өңірлер үшін дизель отыны орта есеппен литріне 281 теңге болады. Бұл нарықтағы бөлшек бағадан шамамен 15%-ға төмен. «Жанармайдың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін бақылау шаралары күшейтілген. Атап айтқанда, жеке ПИН-кодтар енгізу, дизель отынын түске бояу және электрондық шот-фактура жүйесінде арнайы виртуалды қойма құру тетіктері қолданылып отыр», деді министр.
Ведомство мәліметінше, жоспарланған көлемнің бір бөлігі жеткізілген: 402,2 мың тоннадан 204,8 мың тоннасы немесе 51% жөнелтілген. Жалпы іріктеу көлемі 729 мың тоннадан 602 мың тоннаға дейін қысқарып, 127 мың тоннаға немесе 21%-ға азайған.
Үкімет отырысында есеп берген облыс әкімдері қатарында Мұрат Ергешбаев та баяндама жасады. Аймақта вегетациялық кезеңге арналған су лимиті 3 млрд 250 млн текше метр болып бекітілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 650 млн текше метрге аз. Осыған байланысты 185,8 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған.
Мемлекет басшысының су үнемдеу тапсырмасына сәйкес, биыл күріш алқабы 10,9 мың гектарға қысқартылып, 70 мың гектар болды. Кейінгі төрт жылда күріш көлемі 19 мың гектарға немесе 21%-ға азайған. Қажетті 65 600 тонна тыңайтқыштың 97 пайызы сатып алынды. Ауыл шаруашылығы техникалары 100 пайыз дайын. Көктемгі егіске мемлекет тарапынан 10144 тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, кестеге сәйкес жеткізілуде.
– Қысқартылған күріштің орнына суды аз қажет ететін дақылдар, оның ішінде жүгері 15 мың гектарға егіледі. Күріш себу 22 сәуір күні басталып, бүгінде 35700 гектары егілді. Маусымның 1-не дейін аяқталады. Көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүргізілуде, тұқыммен 100 пайыз қамтамасыз етілген, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте осы және өзге де мәселелер талқыланып, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктелді. Жасалынған жұмыстар мен алдағы межені айқындады.
«Шаруашылықтарды вегетациялық кезеңде суармалы сумен қамтамасыз ету ерекше бақылауда болуы тиіс. Су лимитінің магистральді және шаруашылықаралық каналдармен егіске алынуына, ауыспалы егіс тәртібінің сақталуына тұрақты мониторинг ұйымдастырыңыздар. Аймаққа келген су көлемін бақылауда ұстап, есебін қатаң жүргізу, вегетация кезеңінде су шаруашылығы нысандарының, насостардың үздіксіз жұмыс істеуін қадағалау керек. Аз қамтылған азаматтарды жұмысқа тарту арқылы әлеуметтік тәуелділікті азайту, мүгедектігі бар және көпбалалы отбасыларды қорғау бағытындағы жұмыстарды күшейту маңызды. Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру, дәрімен қамту және материалдық-техникалық базаны жақсарту арқылы медициналық көмекті қолжетімді ету керек», – деді аймақ басшысы.
Бұдан бөлек, өңірдегі құрылыс нысандарының сапасын қадағалау, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, тозған электр және жылу желілерін азайту, газбен қамту көрсеткішін арттыру тапсырылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және инклюзивті білім беруге жағдай жасаған мектептердің үлесін ұлғайту жүктелді.
Енді ауданға оралайық. Жаңақорған ауданы бойынша биылғы жылы 35 621 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Негізгі дақыл – күріш көлемі 6 300 гектарды құрайды. Жауапты сала мамандары күріш дақылының барлық көлемі лазерлі тегістеуден өткізілгенін жеткізді. Қазірге дейін себілген 3 мыңға жуық күріштік толықтай суға бастырылған.
Көктемгі дала жұмыстары үшін мемлекеттен 1200 тонна арзандатылған дизель отыны шаруашылықтардың электронды тапысырысы негізінде бөлініпті. Облыс көлемінде жеткізуші операторлар болып «Жаңақорған OIL» ЖШС мен «Жібек Жолы LTD» ЖШС болып жылда белгіленеді.
– Биылғы жылы аудан бойынша барлығы 2 000 гектар жерге су үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланды. Оның ішінде 555 гектар көлемі тамшылатып суару әдісі арқылы егіледі. Атап айтқанда «Қызылорда крахмал-сірне» ЖШС 350 гектарға жүгері дақылын тамшылатып суару әдісі арқылы егуді меже етті. Қазір келісім-шарт жасалды. Сол секілді «Horasan Group» ЖШС 100 гектар аумаққа жүгері дақылын егуді жоспарлап, қол қойды. Одан бөлек аудан бойынша 1 445 гектар бақша дақылдары пленка асты әдісі арқылы егілетін болады. Сондай ақ, отбасылық егістіктер көлемін 434 гектарға егу жоспарлануда, – дейді ауданның бас аграномы Талғат Зейдалиев.
Мемлекет тарапынан қолдау барын да білеміз. Мәселен, биыл аудан бойынша көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Кең дала 2» бағдарламасы негізінде бүгінгі күнмен 13 шаруа қожалығы 312,6 млн теңге несие алса, «Қамқоршы» ЖШС несие серіктестігі арқылы 2 шаруа қожалығы 72 млн теңге несие рәсімдепті. Ал орақ науқанында субсидия мәселесі де назардан тыс қалмай­ды. Бәрінен бұрын негізгі мәселе аяқсудың аздығы біраз шаруаны ойландырып отыр. Қалай дегенде де биылғы меже де жоспардағыдай болуы тиіс. Қалғаны уақыттың еншісінде.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
16 мамыр 2026 ж. 34 0