» » Жаңақорған күрішшілерінің биылғы жоспары күріштің өзінен 7500-дей гектарға жуықтайды

Жаңақорған күрішшілерінің биылғы жоспары күріштің өзінен 7500-дей гектарға жуықтайды

  Сыр диқандары жерге дән себуді бастады. Өткен аптада аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Дала күні» шарасына қатысып, жаппай күріш егу науқанының басталғанын хабарлады. Алқапқа алғашқы дән себу жұмысына жаңақорғандық шаруалар да білек сыбана кірісті. Дән сеуіп, суға бастыру жұмысы да жандана түсті. Дала еңбеккерлерінің тыныс-тіршілігін бағдарлап көрген болатынбыз.
Канал қазылып, жер тегістеу жұмысы аяқталып, шаруалар толық дән себу жұмысына кірісті. Елдегі төтенше жағдайға байланысты бірнеше саланың жұмысы баяулады. Дегенмен ауылшаруашылығы, оның ішінде егінші қауымның шаруасы қазір қызған шағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та аграрлы салаға басымдық беруді тапсырды. Отандық өнімнің өрісін 2,5 есеге ұлғайтып, экспорт көлемін арттыруға жұмыс жасауды жүктеді. Сыр шаруалары биыл былтырғы межеден асуды көздеп отыр. Ал Жаңақорған күрішшілерінің биылғы жоспары күріштің өзінен 7500-дей гектарға жуықтайды.


– Соңғы мәлімет бойынша аудан көлемінде 350 гектарға күріш дәні себіліп, соның 150 гектары бастырылды. Егінші қауымға берілетін дизель отыны мен тыңайтқыштардың мәселесі шешілді, енді суды жүйелеп алсақ болды. Биыл шаруашылықтар көбіне «Маржан» сортына басымдық беруде. Сондай-ақ «Ай-Керім» сорты да қолданысқа енгізіле бастады. Күрішшілер биылғы межені еңсеріп, егін бітік шығады деген жоспарымыз бар, – деді ауданның бас агрономы Дәурен Абибуллаев.
Сырдың оңтүстік аймағы егінге қолайлы, өйткені мұнда ауа райы ертерек жылып, күн көзі көбірек түседі. Күрішті суға бастырудың да өзіндік тәсілі бар екен. Ең бастысы, жер тегіс болғаны дұрыс дейді агрономдар. Осы орайда, ой қоса кеткенді жөн көрдік. Қармақшы ауданында Ақтөбе деген ауыл бар. «Ақтөбе и К» ЖШС деген шаруашылық бүтіндей ауылды жұмыспен қамтып отыр. Жылына 2 мың гектардай күріш өндіруді меже еткен қожалық төрағасы Нұрлан Іздібаевтың тәжірибесі шынында ойланарлықтай. Олар жылына өнімнен рекорд жасап келеді.
– Өнімді мол алатынымның құпиясы қарапайым. Мен әрбір атыздың төрт сағасына да дренажерлер қазып қоямын. Себебі, келесі атыздың немесе каналдан келетін судың ызасы өтпеуі керек. Егер ыза өтіп кететін болса аптап ыстықта атыздың жартысына дейін күрішті өлтіріп аламыз. Ал ыза су дренажерге жиналып арнайы қазылған орынға барып құйылып отырады. Екіншіден, мен жерді лазер арқылы тегістеймін. Бұл көп уақытты қажет етеді, төзімділікті талап етеді, себебі бір атызды тегістеу үшін бір күн уақыт кететін кездері болады. Алайда, оның тиімділігі сол, жер тегіс болып, су бір деңгейде жатады. Жалпы, дренажердің арқасында менің өнімім мол болуда, – деді Н.Іздібаев.
Біздікі жай ой салу ғой, аудандағы бас аграном айтпақшы, биыл шаруашылықтардың бірнешеуі сорт жаңарту жұмыстарына назар аударуда. Оның ішінде 9 шаруашылық «Ай-Керім» күрішін өндіруге ниетті. Бұл жөнінде күрішті қолданысқа енгізген келінтөбелік аграном Керімхан Егізбаев:
– «Ай-Керім» сортының қолданысқа енгізілгеніне де көп бола қойған жоқ. Соның өзінде сұраныс жыл сайын артып келеді. Биылдың өзінде облыс көлемінде 30-дан аса шаруашылық өнімін өндіруге ниетті. Аудан бойынша 9 қожалық сынақтан өткізіп көрмек. Оның ішінде «Түгіскен ТШ» ЖШС-да бар. Біз тек тұқым алу жұмысымен айналыссақ, өңірдегі өзге шаруалар күрішті ақтап, тауарға айналдыруды ойластыруда. Қазір 80 гектар жерге күріш дәнін тастадық, жалпы меже 150 гектардан асырамыз, – деді ғалым.
Қызылорда қаласындағы күріш ғылы­ми-зерттеу институтының зерттеуінен өткен бұл сортты 50 гектарға тәжірибе ретінде дәнін тастап көрген «Түгіскен ТШ» ЖШС биыл егіс көлемін арттыруды көздеп отыр. Бұл аудан күрішшілерінің еңсерген тағы бір биігі болмақ. Алайда диқандар биыл су мәселесі бүйірден қыспаса деген тілегін жеткізуде. Әйтпесе сусыз күріш ысырап болатыны түсінікті. Биыл көктемнің кеш келуіне байланысты диқандар кешеуілдеп қалады демесек, жалпы жұмыс жүйелі. Шаруалар мүмкіндігінше былтырғы межеден озуға тырысып көрмек.

СӨЗ СОҢЫ. «Таяқ жерге тасталды», демекші егін егу басталды. Дән себілді, күріш бастырылды, енді тек өнімнің күтімі ғана қалды. Егінші жылда арманда, балықшы күнде арманда, иә жылдап күткен еңбектің жемісі ақталып, диқандар мол өнім алады деп сенім білдіреміз.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
28 сәуір 2020 ж. 577 0