Инвестицияны аграрлы салаға икемдесек
Ауылшаруашылығы саласы экономиканың негізгі драйвері екені сөзсіз. Егін шаруашылығы мен төрт түліктен түсетін табыс шағын және орта бизнестің бірегей бастамасы бола алады. Бұл біздің ауданның кәсіпкерлік саласында әлдеқашан дәлелденген. Өйткені, Жаңақорған ауданының негізгі кіріс көзі аграрлы саланың дамуында жатыр. Әсіресе, Сыр беткейдегі ауылдар ерте көктем мен ала жаздай егін шаруасын ширатса, күз бен қыста төрт түлігін түгендейді. Сондықтан жыл сайын егіс көлемін ұлғайтып, мал шаруашылығына дем беру ісі қолға алынуда. Ендігі мақсат инвестиция тарту мәселесі.
Сыр елі күріш көлемін кемітпей, қайта көсегесін кеңейтіп, мол өнім алуға жақсы жұмыс жасауда. Одан бөлек, әртараптандыру бағытына да басымдық берілуде. Қазір бақша өнімдеріне сұраныс артып, базар нарығында баға да қомақты болып тұр. Осыны ескерген дала диқандары дән себуді биыл ерте бастап, жақын күндері өнімдерін экспорттауға кіріседі. Бүгінге дейін Сырдың 15 мың тоннадан астам өнімі әлемнің 18 еліне экспортталып үлгеріпті. Оның басым бөлігі күріш өнімі екеніне дауа жоқ. Дегенмен қой шаруасына да сұраныс аз емес. Қой демекші, қойдың жүнінен, өзге малдың терісінен шикізат ғана, дайын өнім өңдеу идеясы қайта көтерілуде. Аудан кәсіпкерлері осы мәселені қолға алуда.
Арал ауданында қой жүні мен түйе терісінен дайын өнім шығаруды айналымға еңгізіпті. Бұл да өндіріс саласына тың серпін береді. Осы бағытта жаңақорғандық шағын бизнес өкілдері жоба дайындап, жыл соңына дейін іргетасын қалауды межелеуде. Оны да алдағы уақыттың еншісіне қалдырайық.
Жалпы биылғы жылы облыс бойынша барлығы 195,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру болжануда. Оның ішінде: дәндi дақылдар – 96,4 мың гектар, майлы дақылдар – 5,7 мың гектар, мал азықтық дақылдар – 73,7 мың гектар, картоп, көкөнiс, бақша – 19,8 мың гектар. Негізгі дақыл күрiштің көлемі 83,9 мың гектарды құрайды. Біздің ауданда мал азық дақылдары, әсіресе, шөп өнімі көбірек егіледі. Нарықтағы саудасы көңіл қуантады, өзге өңірлерге экспорт та қомақты. Сондықтан егіс көлемін кеңейту күн тәртібінен түспейді.
– Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мақсатында қосымша жерлер ашылып ұжымдық түрде 295 гектарға картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыру бағытында жұмыстар атқарылуда. Нақтырақ айтқанда, 845 адам отбасылық егістікпен айналысып, нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктермен өзін-өзі қамтитын болады. Бүгінгі таңға шаруашылық жетекшілерінің демеуімен 295 гектарға жуық егістік алқаптары шеңгел, жусандардан тазартылып, қоршалануда. Бұл жұмыстар мамыр айының аяғына дейін жалғасатын болады, – деді ауданның бас агрономы Талғат Зейдалиев.
Айта кететіні, өткен апта соңында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында өткен 4 айдағы негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша нысаналы индикаторлардың орындалуы талқыланды.
Штаб отырысынан кейін облыс әкімінің міндетін атқарушы Серік Қожаниязов мәжіліс өткізіп, биылға 424,2 млрд. теңге инвестиция тарту индикаторы бекітілгенін айтты. Алда өткен жылғы оң тәжірибені қайта жүзеге асыру міндеті тұр.
«Премьер-Министр өткен жылғы өңірге іссапары кезінде құны 1 млрд. теңгеден асатын 5-6 жобаны іске асыруды тапсырды. Сәуір айындағы актив отырысында облыс әкімі Қызылорда қаласының әкіміне 1 млрд. теңгеден асатын 1 жобаны, әр ауданның әкіміне 500 млн. теңгеден асатын 2 жобаны биыл іске қосуды тапсырған болатын. Оның орындалуы Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген Жалпыұлттық жобалар пулы аясында бақыланады», – деп ескертті Серік Салауатұлы.
Бір сөзбен айтқанда, аграрлы салаға инвестиция көбірек керек. Әсіресе, егін шаруасына инвесторларды тартып, аудандағы бақша, көкөніс өнімдерін импорттауды азайтып, қайта экспорт көлемін кеңейту керек. Бұл оңай шаруа емес, дегенмен, шағын кәсіптің көсегесін кеңейтудің бұл да бір тетігі.
Әлібек ТЕМІРБЕК