ҚАЗАҚ МҰНАЙЫНЫҢ ҚАРА НАРЫ

Елімізде мұнай кенішін зерттеп, оны ел игілігіне бағыттап, ғылыми дәреже мен данққа бөленген азаматтар саусақпен санарлық. Осындай мақтаулы мамандық иесі, жерлесіміз, мұнай-газ саласының дамуына еңбек сіңірген қайраткер, профессор Қойшыбай Үсенұлы туған жеріне арнайы атбасын бұрып, Жаңақорған халқымен кездесті.
Туған жеріміздің төл перзенті Қойшыбай Үсенұлының өмірі мен жеткен жетістігіне арналған көрмені кітапхана қызметкері Замира Садықова таныстырды. – Қойшыбай Үсенұлы 1944 жылы 2-ші наурызда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Талдысу ауылында дүниеге келген. 1964 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтына «Мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау» мамандығы бойынша оқуға түсіп, мұнай саласының маманы атанады. Жоғары оқу орнын бітірген ол 1969 жылы Жаңаөзен қаласының «Өзен бұрғылау жұмыстары» басқармасында бұрғылаушының көмекшісі болып еңбек жолын бастайды. Бұрғылау шебері, учаске бастығы және өндірістік-техникалық бөлім бастығы сынды еңбек сатыларынан өтіп, өз саласының майталманы атанады. 1981-1982 жылдары Мәскеу қаласындағы Г.В.Плеханов атындағы халық шаруашылығы институтында қайта даярлаудан өтіп, өзінің кәсіби біліктілігін арттырады, – деді кітапханашы.
Қаратаудан түлеп ұшып, Маңғыстау өңірінің мұнай саласының дамуына жалынды жылдарын арнаған жерлесіміздің әр күні ізденіспен өткенін байқадық. Ғылым жолындағы тар жол тайғақ кешуден өткен бейнеткештігі өз саласының үздік маманы, үлгілі тәлімгері болуына жол ашқаны айқын Жаңаөзен қаласының «Құрметті азаматы», Жаңақорған ауданының «Құрметті ардагері», «Философия докторы», Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің «Құрметті профессоры» Қойшыбай Үсенұлын құрметтеген кеште арнайы сөз алған Жаңақорған аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Берденұлы мұнайшығалым Қойшыбай Үсенұлының еңбегіне айрықша тоқталып өтті. – Қаратау баурайында қарапайым отбасында тәрбиеленіп, ғылым саласына бет алған ауыл баласының өмір дерегінен нағыз қайсарлықтың, еңбекқорлықтың үлгісін көруге болады. Қиындықты өзінің табандылығы мен білімділігінің арқасында жеңіп, көп кедергінің жібін үзген еңбегінің арқасында бүгін елінің ықыласы мен құрметіне бөленді. Міне, осындай біртуар перзенттің болмысынан өзінің ісіне деген шексіз сүйіспеншілікті аңғардық.
Бүгін тұсауы кесілгелі тұрған кітабында ғалым-профессордың талай жылғы тәжірибесі, ізденіс жолы баяндалған, – деді ол. Ұлттық мүдде тақырыбын көтеріп жүрген қаламгер, филология ғылымдарының магистрі, «Ақын Өтежан Нұрғалиев» медалінің иегері, бірнеше республикалық байқаулардың жеңімпазы Үмітбек Бағдат мұнайшы ғалымның ғылымдағы жаңалықтарына тоқталды. – Қойшыбай Үсенұлы өзінің еңбек жолында Жетібай бұрғылау жұмыстары басқармасының бас инженері, Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасының бастығы, «Қазақстан Каспийшельф» Акционерлік Қоғамының Ақтау филиалының бас директоры қызметтерін атқарып, өзі тізгінін ұстаған әрбір мекеменің жұмысының жандана түсуіне ықпал етті.
Сонымен қатар, ол Маңғыстау облысы, Ақтау қаласындағы «Қаражанбасшельф» АҚ компаниясына басшылық етіп, одан әрі «Аджип ККО» компаниясының үкіметпен байланыс жөніндегі кеңесшісі қызметтерін абыроймен атқаруының арқасында еліміздің мұнай саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ғалым-профессор ғылым саласының ілгерілеуі жолында да ілкімді істердің атқарылуына ұйытқы болды, – деді ол. Келесі кезекте сөз алған Қызылорда облыстық «Белбеу күресі» федерациясының президенті, Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» Мадияр Ахметұлы мен еңбек ардагері Айдар Әуелбекұлы, кеш иесінің бауырлары Тұрсынбай мен Қалыбай Үсеновтер кейіпкердің бала жастан білімге құштар болғанын тілге тиек етті. Әншісазгер Сауранбек Еркінбекұлы, дәстүрлі ән өнерінің майталманы Мұхтар Дәрібаев әннен шашу шашты. Қарапайым кен бұрғылаушыдан басқарма бастығына дейінгі жолда қажырлы тер төккен Қойшыбай Үсенұлының ерен еңбегі тарихтың құнды деректерінде алтын әріппен қатталары ақиқат. Мұнай-газ саласының құрметті ардагерлері мінберіне көтерілген ғалым туған жері Жаңақорғанға келіп, еліне есеп берді. – Адам баласы алдына үлкен мақсат қойса, Жаратқан да оның жолын ашық ете береді екен. Бар ғұмырымды жаңа мақсаттарға жетуге, жаңашылдықтарды меңгеруге арнадым. Жоғары білім алып, ғылым жолына бет алдым. Елуден асқан жасымда шетел тілдерін меңгеріп, халықаралық дәрежеде ғылымға үлес қостым. Қиындықты еңсеру үшін адамға ең алдымен батылдық, тәуекелділік қажет.
Бүгінде жастарға қандай білім аламын десе де жағдай қарастырылған. Жасанды интеллект заманы келгелі әр салада қарқын артты. Қазіргі жастар қытай тілін де игергені жөн. Қытай елінің экономикасы бізден 100-150 жылға алға озды. Дамыған мұсылман мемлекеттерінен 60 жылға артта қалыппыз. Мұның бәрі жалқаулықтың, масылдықтың зардабы. Бір қынжыларлығы, білдей дипломы бар мамандардың өзінде іскерлік, жаңашылдық жетіспей жатады. Әрбір жастың жеке дара дамуы еліміздің дамуына жол ашатынын ұғынған жөн, –деді профессор. Қазіргі таңда Қойшыбай Үсенұлы «Ер түріктің бесіг»і атанған Түркістанның төрінде өмірлік серігі Орынша апа екеуі ұрпақтарымен бірге бақытты да баянды ғұмыр кешуде. Күміскүл, Майра, Айгүл сынды қыздарын өсіріп, жетілдірді. Бүгінде олардың әрқайсысы өздері таңдаған салаларының білікті мамандары. Ұрпақ сабақтастығының өзегі болып отырған ел ағасы Қойшыбай Үсенұлының тағылымды өмірі туралы жазылған «Қашаған мен қайраткер» атты кітап күрделі теңіз кен орындарын игеру және теңіздегі операцияларды қамтамасыз ету саласында терең білімі мен білігі бар мұнайшылар тобының қосшысы да, басшысы да бола білген кейіпкер келбетін қамтиды.
Мақпал Пәтенова




