№100 (8914) 31

31 желтоқсан 2025 ж.

№99 (8913) 27

27 желтоқсан 2025 ж.

№98 (8912) 23

23 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Шағын бизнеске қолдау көбейді

Шағын бизнеске қолдау көбейді


Соңғы жылдары елімізде орта және шағын кәсіпкерлікті қолдауға арналған түрлі бағдарламалар қабыданып келеді. «Ауыл аманаты» жобасынан бастап субсидиялар мен қайтарымсыз қаржылар және қаржы ұйымдары арқылы берілетін несиелер өндіріс саласының өркендеуіне үлкен үлесін қосуда. Одан бөлек, инвестиция саласы екі есеге өскен. Енді келер жылы «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын енгізу көзделуде. Бұл бағдарлама өңірлерде, әсіресе ауылдық жерлерде және шағын қалаларда бизнес қажеттіліктерін дер кезінде өтеуге бағытталады. Бұл да жеңілдетілген несие есебінде берілуі мүмкін. Мұның да өзіндік талаптары болады. Осы және өзге де мәселелер апта басында өткен Үкімет отырысында қаралды.


Алдымен Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндама жасады. Ол 2026 жылғы меженің белгіленгенін жеткізді. Бюджетке 4 трлн теңге түседі деген жоспар бар. Бұл қаржы отандық бизнесті дамытуға жұмсалады екен. Ал оның 400 млрд теңгесі өңірлердегі шағын бизнесті қолдауға бөлінеді. Бұл үшін «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылмақ. Оның игілігін ауыл шаруашылық шикізатын қайта өңдеу, наубайхана, жиһаз және құрылыс өндіру секілді тез нәтиже беретін әрі жылдам жүзеге асатын жобаларды қолға аламын дейтін азаматтар көре алады. Ескеретіні, бір жобаға берілетін несиенің шекті мөлшері – 200 млн теңге. Мөлшерлемесі – 8.8 пайыз. Мерзімі үш жылға дейін.
– Бұл қосымша қаржы ресурстары Президент пен Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, бірінші кезекте, қазақстандық бизнесті дамытуға және қолдауға бағытталатын болады. Салық базасын кеңейту қағидаты бизнес субъектілерінің кірісін арттыруымен бірге жаңа фискалдық саясаттың айқындаушы элементтері­нің бірі болып табылады, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары.
Осы орайда, Қаржы министрлігіне «Іскер аймақ» бағдар­ламасын қаржыландыруды қамтамасыз ету тапсырылды. Бағдарламаны жергілікті бюджеттер есебінен де қоса қаржыландыру көзделуі қажет. Өңір әкімдіктері бірінші деңгейдегі субсидияларды (бюджеттің 70%-ы) бөлу үшін аудандардың ерекшелігін ескере отырып, барынша қысқа мерзімде басым салалардың тізбесін әзірлеу керек.
– Енді қосымша 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндеттемелер сомасы 1 млн теңгеден аспайтындар үшін мүлік, көлік және жер салықтары бойынша ағымдағы төлемдерді тоқсан сайын тапсыру міндеті жойылады. Кәсіпкер жыл қорытындысы бойынша бір декларация тапсырып, оларды сол кезде төлейтін болады., – деді ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев.
Ресми дерек бойынша бүгінде елімізде 2 млн-нан астам шағын бизнес субъектісі жұмыс істейді. Онда 4 млн азамат жұмыспен қамтылған. Үкімет басшысы бұл кәсіп иелерін қолдау үшін салықтық есептілік 30%-ға, салықтар мен алымдардың саны 20 пайызға қысқаратынын айтты. Бұл кәсіпкерлердің есеп беруге жұмсалатын уақытын азайтып, бизнесін дамытуға көбірек көңіл бөлінуіне ықпал етеді.
– Біз жоспарлы салық тексерулерінен толық бас тарттық. Адал бизнес салық органдарының келуін күтпей, алаңсыз жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Айыппұл салуға емес алдын-алуға баса назар аудару, ықтимал заңбұзушылықтар орын алған кезде алдын ала хабардар ету тетігі енгізіледі, – дейді Премьер-министр.
Сондай-ақ Үкімет басшысы жаңа Бюджет кодексіне сәйкес шағын бизнестен түсетін барлық салық түсімі әкімдіктердің иелігінде қалатынын атап өтті. «Жаңа Бюджет кодексі шағын бизнестен түсетін барлық салық түсімін әкімдіктердің иелігінде қалдыруды көздейді. Енді әкімдер әрбір кәсіпкердің табысқа жетуіне мүдделі болады. Өйткені ол жергілікті бюджет кірістерінің өсуіне тікелей ықпал етеді», – деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, салық төлеуші енді «Цифрлық бюджет» арқылы өз аударымын көре алады. 2026 жылдан бастап Қазақстанда салық борышы үшін шоттарды бұғаттау ережелері өзгереді. Басты мақсат – кәсіпкерлерге артық салмақ салмай, салық төлеу үдерісін қарапайым, түсінікті және әділ ету деп түсіндіреді атқамінерлер.

Аймақтағы ахуал

Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев мәжіліс өткізіп, шағын бизнесті қолдаудың оңтайлы әрі тиімді тетіктері арқылы кәсіп иелерін сүйемелдеудің маңызын атап өтті.
– «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында қаржылдандыру үшін экономикалық қызметтің басым түрлерінің тізбесін айқындап, тиісті ұсыныс енгізу керек. «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктері бірлесіп, «Ауыл аманаты» жобаларын осы бағдарлама арқылы қаржыландыруды кеңейтуі тиіс. Алдағы жылға «Ауыл аманаты» жобасына 5,6 млрд. теңге бөлінген. Жаңа жобаларды қара­ған кезде ең алдымен, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға және өнім өңдеуге басымдық берілуі тиіс, – деді өңір басшысы.
Бүгінде облыста шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 20 пайыздан асты. Экономикалық белсенді тұрғындардың үштен бірі осы салада еңбек етеді. Биыл шағын және орта бизнестің 2 464 жобасына барлық қаржы көзінен 40 млрд теңге қолдау көрсетілді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында өндірістік нысандар іске қосылып, тамақ өнеркәсібіне бағытталған шағын өнеркәсіптік аймақтар құрылды. Алдағы үш жылда 2 трлн 800 млрд теңге қаржы салынған 98 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланды.
Мәжілістен кейін аудан әкімі Мажит Самитовтың төра­ғалығымен аудан активіне арналған жиын өтті. Күн тәртібінен тыс бірқатар мәселелер қаралды. Атап айтқанда, макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалуы, бюджет қаражатының сапалы, заңға сәйкес толық игерілуі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының негізсіз өсуін болдырмау, мереке күндері жылу, электр энергиясы, ауыз су, жалпы тұрғын үй-коммуналдық сектор қызметтерінің іркіліссіз жұмыс істеуі талқыланды. Жиын қорытындысымен аудан әкімі жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, жұмыстың тиімділігін арттыруды тапсырды.
Қысқаша аудандағы жағдайды жүйелей кетейік. Биыл ауданда кәсіпкерлік салаға салынған инвестиция көлемі еселенді. Өнім өндіру ісінде аграрлы салаға басымдық беріп келеміз. Яғни жылыжайлар мен алма бақтар және мал шаруашылығына арналған кешенді шаралар жетерлік. Одан бөлек, сабын, макарон өнімдерін өндіру мен құрылыс тауарларына бетбұрыс жақсы жолға қойылды. Қысқаша айтқанда, отандық брендтер енді қалыптаса бастады. Осған дейін шикізат өңдеуші болсақ, енді дайын өнім өндіру ісінде көшіміз ілгеріледі.

Әли ТЕМІРБЕК

27 желтоқсан 2025 ж. 1 093 0