№23 (8837) 1

01 сәуір 2025 ж.

№22 (8836) 29

29 наурыз 2025 ж.

№21 (8835) 23

23 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Шағын кәсіпке қолдау көп

Шағын кәсіпке қолдау көп


Мемлекеттік бағдарламалар мен жаңа жобалардың нәтижесінде соңғы бес жылда елдегі шағын кәсіптің көкжиегі кеңейді. Өндіріс саласы өркендеп, өнім өндіру көлемі ұлғайды, яғни отандық брендтер қалыптасты. Субсидия, жеңілдетілген пайыздық несие, грант сынды мүмкіндіктер елдегі шағын бизнестің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келеді. Мұның барлығы ел экономикасын өрге сүйреп, әлеуметтік ахуалдың тұрақталуына айтарлықтай әсер етуде. Биыл да байыпты бағдарламалар жалғасын табады. Осы тақырып төңірегінде тағы талдау жасап, таразылап көрейік.

Грант пен субсидия мүмкіндігі

Субсидия мәселесі негізінен аграрлы салаға көбірек қатысты. Ауыл шаруашылығы техникаларын алуға, мал басын асылдандыруға, егін мен балық шаруасын ширатуға бағытталған ережелер жетерлік. Соңғы жылдары техникаға көбірек басымдық берілуде, оның ішінде жер тегістейтін лазерь мен дрондарды қолданысқа еселеп енгізу көзделуде. Одан бөлек, жаңа тракторлар мен комбайндар алу да басты назарда. Бізде тек балық өндірісі өркендемей тұр, көлдерімізде, шабақ та мол, азық-қорегіне мемлекет қарасады, тек күтім болса болғаны. Балық та берекелі бизнес, тек білек сыбана кірісетіндер көп болмай тұр. Бұл кәсіпке субсидиядан бөлек қайтарымсыз қаржы мен несие рәсімдеу жылдамырақ жүзеге асады.
Келесі кезекте грант мәселесі, қайтарымсыз қаржының бірнеше бағыты бар. Жастарға арналғаны бір бөлек, бизнесті енді бастауға ынталыларға және шағын кәсібін кеңейтуге арналған гранттар бар. Креативті, инновациялық жобаларды қолдауды мемлекет бірінші кезекке қойды. Мәселен, ауданда сабын өндірісі, шұжық шығаратын шағын цех, сондай-ақ, темірден түйін түйетін және ағаштан тұрмысқа қажетті өнімдерді шығаратын шағын бизнестер баршылық. Міне, осындай жобаларға мемлекет қолдау білдіреді.

«Ауыл аманаты»: шағын кәсіптің шырайын келтіреді


«Ауыл аманаты» – «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына кіретін бірегей жоба. Бағдарлама кәсіпкерлікті дамыту үшін, әсіресе ауыл шаруашылығына жеңілдікпен несиелер беру арқылы ауылдың және шағын қалалардың тұрғындарын қолдауға бағытталған. Несиелер жылдық 2,5%-бен 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Қарыздың ең жоғары сомасы 2,5 мың АЕК-ке дейін, ал ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін-8 мың АЕК-ке дейін құрайды.
2025 жылы жаңа шағын несие беруге және 8,1 мың жұмыс орнын құруға 50 млрд теңге қарастырылған. Рәсімдердің ашықтығын, өтінімдерді өңдеуді біріздендіруді және деректердің егжей-тегжейлі мониторингін қамтамасыз ететін микрокредиттеудің ақпараттық жүйесін енгізу жоспарлануда. Жүйе мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланатын болады, бұл бағдарлама жұмысының тиімділігін арттырады және өтінім беру мен кредит алу үдерісін жеделдетеді.
2023-2024 жылдары Бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 120 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат 107,9 млрд теңгесіне 16,2 мыңнан астам шағын несие беруге мүмкіндік берді, 17,8 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Бағдарламаны іске асыру басталғаннан бері өңірлерде 540-тан астам ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды, олардың 537-сі 12,1 млрд теңге қаржы алды.
Бағдарламаның негізгі элементі облыс әкімдіктеріне қосымша бюджет қаражатын тартпай, кәсіпкерлікті дамыту және кірісті ұлғайту үшін ауыл тұрғындарының шағын несиелерге қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік беретін револьверлік кредиттеу тетігі болып табылады. Қарыз алушылар револьверлік әдіспен қайтарған қаражат есебінен қосымша 7 млрд теңге сомасына 1 мыңға жуық микрокредит берілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елді мекендер мен шағын қалаларда тауарлық кредиттер беру тетігін іске асыру жөніндегі жол картасы бекітілді. Бұл тетік бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде жүзеге асырылады, ал ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге арналған ауыл шаруашылығы жануарлары, жабдықтар, көшеттер және басқа да құралдар түріндегі тауарлық кредитті орта және ірі ауыл шаруашылығы бизнесінің өкілдері АӨК субъектілеріне және жеке тұлғаларға, оның ішінде жұмыссыздарға және кепілді мүлкі жоқ атаулы әлеуметтік көмек алушыларға беретін болады. Әрине, бұл құрал, сайып келгенде, ауыл халқының табысының өсуіне және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.

Аудандағы ахуал


Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне арнайы ат басын бұрып, атқарылған жұмыстарды және алдағы жоспарларды жүйеледік. 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Байқоңыр» Әлеуметтік - кәсіпкерлік корпорациясы» қаржы ұйымы арқылы 574,6 млн теңге болатын 75 жобаға несие алынған. Осы бағдарлама аясында шағын кәсіпкерлік субъектілерін біріктіру арқылы 5 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып қаржыландырылды. 95 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 2024 жылы аталмыш мекеме арқылы 165,4 млн теңге құрайтын 29 жоба қаржыландырылды. Қаржыландырылған 29 жобаның 23-і өңдеу өнеркәсібі саласын құрайды.
2025 жылы бағдарлама аясында ауылдық округтер бойынша Amanatnesie.kz сайты арқылы несие алуға өтінім берілуде. СПК «Байқоңыр» мекемесіне Amanatnesie.kz сайты арқылы 492,9 млн теңгені құрайтын 52 жоба құжаттары тапсырылған. Оның ішінде 6 жоба кооператив, 4 жоба мал шаруашылығы, 1 мал азығы өндірісі және 1 жоба балық шаруашылығы. Сонымен қатар, СПК Байқоңыр мекемесі арқылы комиссия отырысында кеңесінде 208,3 млн теңге құрайтын 27 жоба мақұлданып, құжаттары жинақталуда.

Бизнес инкубатор жобасы

Жаңақорған ауданында Үлгілі ауыл жобасы аясында «Бизнес – инкубатор» ашу үшін Қожакент ауылы белгіленді. Қазіргі таңда, Қожакент ауылының «Қойлақы» шаруа қожалығы төрағасы Батыр Шәметұлының «Шаңырақ» сауда үйі кешеніне Ауыл аманаты жобасы аясында кәсіпкерлерді орналастыру жоспарлануда. Ғимараттың жалпы алаңы – 600 шаршы метр. Ғимаратта азық-түлік дүкені мен дәріхана жобалары іске қосылған. «Бизнес – инкубатор» шағын өндірістік орталығына орналастыру үшін өндірістік бағыттағы жобаларға басымдылық берілуде. Атап айтқанда, тігін цехы жобасы 4 млн.тг қаржыландырылды. Қалған 4 жоба алдағы комиссия отырысында қаралатын болады.

Меморандум – кәсіпкерлерді қолдау

– Осы жылдың 6 наурыз күні жергілікті кәсіпкерлердің өндірген өнімдерін өткізу мақсатында аудандағы өндіріс орындарының басшыларымен және 45 мектептің ыстық тамақпен қамту қызметін жауапкершілікке алған 12 кәсіпкермен аудандағы өнім өндіруші кәсіпкерлер арасында кездесу ұйымдастырылып, «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ, «Жаңақорған Транзит» ЖШС, «Байкен-U» ЖШС , «СКЗ-U» ЖШС, «Қызылқұм» ЖШС мекемелерімен меморандумға қол қойылды. Қазір кәсіпкерлердің өндірілген өнімдерін ірі сауда орындарында сату ұйымдастырылуда, – деді аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Марлен Нұртазаев.
Міне, аудандағы шағын кәсіптің көкжиегі осылай қалыптастып келеді. Мемлекет қолдауын ұтымды пайдаланғандардың ұтары көп. Оның нәтижесі экономиканың дамуына оң әсерін тигізері сөзсіз.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
29 наурыз 2025 ж. 151 0