Тіл тұтастығы рух бірлігін бекемдейді

Жер-жерде «Руханият орталықтарының» бой көтеруі осы бағытта жұмыстарды жүйелеп, елдің рухани-мәдени дамуына жаңа серпін беріп отыр. Жерлесіміз, «ҚР Ақпарат саласының үздігі», елордамыздағы «Руханият орталығының» идеология, рухани-мәдени бөлімінің жұмысын ұйымдастырып келе жатқан ұлтжанды азамат Айжан Мұсабаевамен сұхбатымыз осы тақырып төңірегінде өрбіді.
– Айжан, өзің еңбек етіп жатқан ел астанасындағы «Руханият орталығының» жұмысына тоқталсаң. Қандай іс-тәжірибелеріңмен бөлісер едің?
– 2012 жылы ел астанасында еңсе көтерген «Руханият орталығы» мекемесінің басты міндеті – мемлекеттік тілді дамыту. Астана қаласы әкімдігі тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты мекемемізде қазақ тілі курстарын ашып, ана тілін білмейтін бауырларымызға және өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуді бірінші кезекке қойып отырмыз. Одан соң салт-дәстүрлерімізді дәріптеу мәселесіне ден қойып келеміз. Астана қаласы тұрғындары және елордамызға шетелден келген қонақтарға ұлттық өнердің маржандары – сал-серілік, шешендік өнерді насихаттау, бұрын өткен батыр-балуандарымызды дәріптеу, ол өз алдына бір бағытымыз. Орталықтың рухани-мәдени бөлімінде тарихи орындарға экспедициялар ұйымдастыратын рухани танымдық жобалар іске асырылып келеді. Сыр өңіріндегі Төлегатай ата, Қорасан ата, Ақтас мешіті, Семейдегі Абай ата ескерткіштері, Қозы көрпеш-Баян сұлу, өз топырағымызда жатқан Алпамыс батыр, Гүлбаршын ана кесенесіне сапар шеккенде бұған дейін бұл есімдермен халық ауыз әдебиетінен таныс жұртшылық көзбен көріп, жүрекпен түйсінуден бөлекше әсер алары анық.
Туған жерімізде қазығын қадаған «Руханият орталығын» көріп шын көңіліммен қуанып отырмын. Бұл да руханиятқа қамқорлықтың белгісі. Басқа облыстың әкімдері бұл қадамға әлі бара қойған жоқ. Сондықтан осы сапарымда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың руханиятқа қолдауына риза көңілмен аттанып барамын.
– Елдікті еңселендіретін халықтың рухы дейміз. Оны қалай өз биігінде мығым ұстап тұруға болады?
– Тәрбие – бесіктен басталады. Батырлар жырын оқып, санаға тоқып өскен баладан елін-жерін сүйетін ұлан өсіп шығады. Мәселен, өзіміз бала кезден тыңдап өскен «Алпамыс батыр» жырындағы «Жиделі байсын жерінде. Қоңырат деген елінде» деп басталатын қатарлар бүгін де қанымызды қыздырып, жігерімізді шыңдай түседі. Рух дегеніміз осы. Рух жоқ жерде тіл де, дін де дамымайды.
– Рухты тірілтуге, қуат дарытуға қарапайым тұлға қалай ықпал ете алады?
– Әрбір жүрегі «қазақ» деп соғатын азамат ұлттың рухын тіктеп, мәртебесінің биіктеуіне өзінің болмысымен, ынта-ықыласымен, іс-әрекетімен үлес қоса алады. Өз басымнан мысал келтірейін, күнделікті жұмыс жоспарымнан бөлек тап-таза ұлттық үлгіде ұстанымды ұлықтап келемін. Ол не дейсіз ғой? Мен көшеде, көпшілік-қоғамдық орында, жиында, қызықшылықта ұлттық киім киюді әдетке айналдырдым. Бұл стиліме әсіресе қызығушылық танытатын жас өскіндер. Тіпті қолыма таққан ұлттық әшекейлерді ұстап көріп, жақсы әсерлерімен бөліседі. Қазақ әйелдері киген кимешек те көркем әдептің үлгісі. Бұл келіншектердің бас киімі. Одан бұрын қасаба деп аталатын бас жағы тақия сияқты, етегі шашақты қалыңдықтың бас киімі де өзінше көркем, өзінше келісті. Оны да жиі басыма киіп, көптің көзайымы етіп жүрген жайым бар. Бұл бас киімнің етегінде шашағы болады. Шашағы көп болған сайын ұрпағы көбейсін дегенді ырым етеді.
Ұлттық бренд киімдерді ұлт дизайнері Ғани Көбектің, бас киімнің түр-түрін Сара Тоқтамысова ханымның орталығынан табуға болады. Әрине, бұған кісінің өз қызығушылығы болу керек. Бұған ықылас танытқан өзге ұлт өкілдерінің де кездесіп жүргенін мақтанышпен айтуыма болады. Өткенде қазақ тілі курсы бойынша дәрісті меңгеріп, сертификат алуға келген талапкерлердің мемлекеттік тілге құрмет көрсетіп қазақтың ұлттық киімін киіп келгенін көргенде керемет сезімде болдым. Оқу әлі де жалғасып жатыр. Дәріс алушылардың сабақтан соң қазақша ән орындауға ықыласы қуантады. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Бойы бұлғаң» әндері керемет тереңдігімен тілі басқа жұрттың да жан-дүниесін қозғайтынын көріп келемін. Театрға барып, спектакльдерді талдау да қазақ тілін жан-жақты меңгеріп шығуға мүмкіндік туғызып отыр.
Орталықта түрліше жобаларды үйлестіретін бөлімдер тендерлік бағдарламаларды ұтып алып, республика көлемінде жұмыс жүргізудеміз. Идеялар көп. Қызметтік ресми хатпен кез келген шараға шақырту жіберіп, беделді ғалымдарымыздың әлеуетін әлеумет мәдениетін көтеруге ұтымды мүмкіндік бар. «Салт-дәстүрлер – ұлтымыздың айнасы» деген жобам бойынша мектеп оқушыларынан бастап колледж, университетте, тіпті мекемелер арасында түрлі сайыстар ұйымдастыруға күш салып келемін.
– Қарапайым азамат өз тіліне қорған болуда не істеуі керек деп ойлайсыз?
– Оған өз басымнан мысал келтірейін. Қызметтік құзыретімді жиып қояйын, ел астанасының қарапайым тұрғыны ретінде қай жерде болсын тілім мен тарихымды тірілтуге қолымнан келгенінше үлес қоссам деймін. Өз тілін өгейсітіп, орыс тілінде шүлдірлеп тұрған қандастарды көргенде ешқандай үнсіз қалған емеспін. «Өз тіліңді, діліңді білмесең тарихтан мақұрым қаласың ғой. Қалай қазақпын деп айта аласың?» деп ой-пікірімді бөлісем. Тыңдайтындар да, «өзім білемін» деп тыжырына теріс қарайтындар да кездеседі. «Тілі жойылған жұрттың өзі де жойылады» деп қауіп еткен Ахмет Байтұрсынов ағамыздың өсиетін еске саламын. Өз қазағыма мен айтпағанда кім айтады? Дұрыс деп қолдайтындар да бар. Ондайда төбең көкке жеткендей болады.
– Бойға сіңген осы тәрбиенің қайнар бұлағын кіммен байланыстырар едің? Әке-шеше, ата-әже институты деген бар. Соның қайсысы ықпалдырақ болды?
– Қазақта ата-әженің бауырына салу деген үрдіс бар ғой. Мен өзім ата-әжемнің қызы болдым. Менің бойымдағы көп қасиеттер әжемнің тәрбиесімен орнықты деп ойлаймын. Бала күнгі тәрбие берік сақталады екен. Әжем «шашыңды кеспе, ол әуретіңді жауып тұрардай ұзын болуы керек» дейтін. Өзінің шашы қап-қара, қалың еді, қартайғанда да қуаты қайтпады. Әжем қайтыс болған күні мектепте едім, қайтып келсем, есік алды қара-құраң адам, әжемді бөлек киіз үйге жатқызып қойыпты. Кіріп бардым. Тұтас денесін жапқан шашын көріп, әже өсиетінің мәнісін түсіндім. Шашыма қайшы тигізіп көрген емеспін. Қасты жұлма дейтін. «Шыбыным жаным» деп айналатын бізді. «Тұрмысқа шыққан әйелдің белгісі – басындағы орамалы» дейтін. Кешегі күндері қазақ аналары ұлы мен ерлері соғысқа аттанғанда басындағы жаулығын намысының қорғаны етіп, азаматының тілеуін тілеп отырды. Ар-ожданына титтей де дақ түсірмеді деп үйретті. Осының барлығында терең философиялық мән бар екен. Имандылық, әдептілікпен астасқан ата-әже тәрбиесінің мәні туралы кітап жазып жатырмын. Ұлтымыздың ұлық ұстанымы діңінен ажырамай, уығы берік болуы үшін бізге осындай үлгі-өнегемізді ұлықтауға тура келеді.
– Рақмет. Ұлт келешегі жолындағы ерен еңбегіңе жеміс тілейміз.
Сұхбаттасқан Б.Алаудинқызы




