Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жүздеген шәкірттің жұлдызын жаққан

Жүздеген шәкірттің жұлдызын жаққан



– Ғалым да, шахтер де бас иетін,
Ұстазым, бар сенің қасиетің.
Білім берген, ой берген, ақыл берген,
Көз алдымнан кетпейді асыл бейнең.
Иә, дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып-үйрететін абзал жандар. Ұстаз алдынан тәлім алмайтын жан жоқ. Ол берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де, ел билеген патша да, бәрі-бәрі – ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласының ілтипаты ерекше.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Мариям Сахымбекқызы да – саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардақты ұстаз, шәкірттерінен бөлек, тұтас бір ауыл халқы құрметпен бас иетін аяулы педагог.

1963 жылдың 16 сәуірінде Өзбекстанның Ташкент облысы Алмазар станциясында дүниеге келген ол 1981 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Жаңаарық ауылындағы №167 орта мектебін үздік тәмамдап, Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының табалдырығын аттайды. Институт қабырғасында жүргенде де маңдайалды студент атанып, өзінің білімге деген ерекше құштарлығымен көзге түседі.
Әр адамның өмірінде оның болашақ тағдырына, келешек ғұмырына әсер ететін шешуші сәттер болады. Мариям Ахмедо­ваның болашағына, тіпті, өміріне түбегейлі өзгеріс әкелген сәт 1983 жылдың күзі еді. Осы жылы небәрі 19 жастағы тұлымы желбіреген бойжеткен өзі бұрын барып көрмеген, бірде бір жан баласын танымай­тын Қыркеңсе ауылынан бір-ақ шығады. Осындағы №213 орта мектебіне жолдамамен бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Білімнің іргетасы, тәрбиенің негізі бастауышта қаланатынын ескерсек, 19 жастағы бойжеткеннің мойнына екі есе жүк пен жауапкершілік түскенін салмақтай беруге болады.
Иә, айтса айтқандай, Мариям Сахым­бекқызы балалармен бетпе бет кездескен алғашқы күннен бастап зейінді, талантты оқушыларды тәрбиелеуге баса мән берді. Өзінің 41 жылдық еңбек жолында жүздеген оқушыны тәрбиелеп, өмір жолына қанат қақтырды. Бүгінде оның шәкірттері өмірден өз жолын тауып, еліміздің түкпір-түкпірін­де, түрлі салада еңбек етіп келе жатқан майталман мамандар екенін ерекше атап өту қажет.
Осы тұста мына бір оқиғаны айтпай кетпеске болмайды. 1984 жылдың қараша айында «Мариям мұғалім тұрмысқа шыққалы жатыр екен» деген әңгіме ауылдың ішінде желдей еседі. Оны естіген сабақ оқуға ен­жар, ерке, апайларының талапшылдығынан мезі болған шәкірттері бөріктерін аспанға атып қуанады. Бірақ қуаныштары ұзаққа созылмайды. «Біз «қатал» апайдан құтылдық» деп қуанып жүрсек, он шақты күннен кейін Мариям мұғалім біздің ауылдағы Есентай көкеміздің үйіне келін болып түсіп жатыр. Ол кісіден «құтыла» алмасымызды білген соң, амал жоқ, сабақ оқуға кірістік. Еріншек, еркелігімізді жеңіп, бас-аяғы бір-екі айдың ішінде оқу үлгерімі жақсы оқушылардың қатарына іліктік», деп еске алады бүгінде ұстаздың шәкірттері.
Мариямның өміріндегі шешуші сәт те осы еді. Қыркеңсеге жұмыс жасауға келіп, осы ауылда өзінің ғұмырлық жарын жолықтырды. Отбасын құрды.
«Ұстаздық» атты ұлы қызметтегі Мариям Ахмедованың осылай басталған еңбек жолы 2000-2001 жылдары мектеп директорының бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары, 2002-2004 жылдары педагог-психолог, 2004 жылдан 2013 оқу жылының соңына дейін мектеп директорының бастауыш сыныптар және мектепалды даярлық тобы жөніндегі орынбасары қызметтерімен сәтті жалғасты. Ал 2013 оқу жылынан бастап 1 сынып оқушыларына сынып жетекшілік етіп келді.
2014 жылы ауылда «Іңкәр-ай» мемле­кеттік балабақшасы ашылып, «Оның мең­герушілігіне кімді тағайындаймыз?» деген тұста ауыл басшылығының таңдауы өз ісіне адал берілген маман Мариям Сахым­бекқызына түседі. Көп ойлана келе бұл ұсынысты қабыл алған Ахмедоваға бәрін «нөлден» бастауға тура келді. Ауылдағы ескі аурухананы балабақшаға лайықтап қайта жасақтау да оңайға соқпады. Оған күрделі жөндеу жасау, материалдық-техникалық базасын құру, қызметкерлердің штатын, жалақысын бекітіп, балабақшаға керекті құрал-жабдықтарды алу, оқу бағдарламасын жасау секілді шаруасы шаш етектен жұмыстарды уақытпен санаспай, күн-түн демей атқарып, аталған балабақшаны аз ғана уақыттың ішінде аудандағы үздік бөбекжайлардың қатарына қосты. Ашыл­ғанына бір жыл өтер өтпестен, сол 2014 жылы аталған балабақша ұжымы Қыркеңсе ауылдық округіндегі «Жылдың ең белсенді ұжымы» аталымымен марапатталады. Бұл жетістіктің артында Мариям Ахмедованың жанкешті еңбегі жатқаны сөзсіз еді.
Білдей бір балабақшаның меңгерушісі болғанымен, Мариямның көңілі өзіне бауыр басып қалған оқушыларын ойлап, алаң болды. Оның үстіне, «Апай, қашан мектепке ораласыз?» деп балабақшаға іздеп келген шәкірттерін көргенде, жүрегі атқақтап сала беретін. Ақыры ойлана келе, өзінің шәкірттеріне қайтып оралды. Мең­герушіліктен қарапайым мұғалімдікке дейін төмендеп, басты орында лауазым емес, шәкірттері тұратынын тағы бір дәлелдеді.
Мариям Сахымбекқызының 40 жылдан аса уақыттағы ұстаздық жолында көптеген шәкірттері аудандық, облыстық, респуб­ликалық, халықаралық білім бәсекелерінің жеңімпазы атанып, ұстаз мерейін тасытты. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» озат шәкірттерді тәрбиелей жүріп, ұлағатты ұстаздың өзі де марапатсыз қалмады. Ау­дандық мадақтамадан бастап, еліміздің Білім және ғылым, кейіннен құрылған Оқу-ағарту министрліктерінің жоғары дәрежелі марапаттарына ие болды. Республикалық басылымдарда ғылыми-әдістемелік мақала­лары, үздік сабақтары үздіксіз жарияланып, жас мұғалімдерге арналған көмекші құрал­дары жыл сайын жарық көріп отырды.
Ерекше атап өтерлігі Мариям апайымыз – тек ұлағатты ұстаз ғана емес, отбасында аяулы жар, ардақты ана, ақ жаулықты әже. Отағасы Есентай ағамызбен бірге 4 ұл, 1 қызды тәрбиелеп өсіріп, олардан 15 неме­ре сүйген, 4 келіннің ақылшысына айнал­ған асыл ене. Бүтін ауыл халқы пікірімен санасатын, олардың айрықша құрметіне ие болған сүйікті келіні.
Бұл күндері небәрі екі мыңнан аса ғана халқы бар Әбдіғаппар ауылындағы жалғыз мектепті Мариям Ахмедовасыз мүлдем елестете алмайсыз. Олай болуы заңды да. Себебі, Мариям Сахымбекқызы – жүздеген шәкірттің жұлдызын жаққан қадірменді ұстаз, қымбатты педагог.
Зейнет жасыңыз құтты болсын, қадірлі Мариям апай! Ендігі жерде бейнетіңіздің тек рахатын көріп, отбасыңыз бен ағайын-туыстың ортасында қызықты ғұмыр кеше беріңіз!

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
ақпарат саласының үздігі

16 сәуір 2024 ж. 244 0