№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК МҰҒАЛІМІ ЖАЙЫЛМАДА ТҰРАДЫ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК МҰҒАЛІМІ ЖАЙЫЛМАДА ТҰРАДЫ


Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Мұғалім берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, тілінен бал тамған ақын да, тегеурінді темір балқытқан ұста да, бәрі-бәрі ұстаздан білім алған. Сондықтанда парасатты педагогтарға барша адам баласы құрметпен бас иеді.


Елбасы өз сөзінде: «Ең бастысы–озық білім керек. Білімсіз даму мүмкін емес. Ал білім бастауының бәрі де мектептен басталады» деп білім ордасының маңызын меңзеді. Осыдан-ақ ұстаз бен мектептің болашақ ұрпақ үшін қаншалықты құнды екенін аңғаруға болады.
Біз бүгін Білім күні қарсаңында Жайылмадағы №195 мектеп-гимназияның химия-биология пәнінің жоғары санатты ұстазы Бану Тұрсынбекқызын сөз етпекпіз. Таңдаудың химия-биология мұғаліміне түскен себебі де бекер емес. Жайылмалық ұстаз жақында облыстық тамыз конференциясында аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақовтың қолынан «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгіні кеудесіне тақты. Әрине мұндай жоғары құрметтің артында отыз жылдық еңбек өтілі жатыр. Аудандық тамыз мәслихатында Бану Данебековамен тілдесіп, үздік ұстаздың үлгілі істерімен жақынырақ таныстық.
Ол алғашқылардың бірі болып, «Назарбаев» зияткерлік мектебінде Кембридждік бағдарлама бойынша білімін жетілдіріп, озық сабақ үлгілеріне қанықты. Әрі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығы өткізген «Педагогикалық қоғамдастықтағы мұғалім көшбасшылығы» бағдарламасы бойынша еліміздің педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курсындағы жоғары нәтижесі үшін арнайы Алғыс хатпен марапатталады. Сондай-ақ «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығы өткізген «Тәжірибедегі рефлексия» жалпы білім беретін мектептердегі педагогика кадрларының біліктілігін арттыру және кәсіби даму бағдарламасы бойынша тренерлік курсты табысты аяқтап, өз мектебінде 17 ұстазды деңгейлік бағдарлама бойынша оқытады.
– Заман талабына сай үздіксіз білімді жаңарту – бүгінгі күннің талабы. Тұлғалық бағытта дамымасаң, көштен қаласың. Сондықтанда өзім оқыту курстарына тұрақты қатысамын. Мәселен, химия пәнін ағылшын тілінде оқыту үшін ұйымдастырылған 7 айлық курстан өтіп, СЕПТ бойынша С1 деңгейін қорғап шықтым. Бұл өзім үшін үлкен жетістік. Оған қоса, химия пәнінен үлгілік оқу авторлық бағдарламам облыс көлеміндегі мектептерге таратылған. Мұның барлығы отыз жылдық еңбек өтілінің ерен жемісі, – дейді Бану Тұрсынбекқызы бізбен әңгімесінде.
Сонымен қатар ол облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында Сыр өңірінің жоғарғы сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындап жүрген білікті кадр. Үнемі ізденіс үстінде жүретін жайылмалық ұстаз өзінің ұзақ жылғы еңбек жолында шәкірттерінің сапалы білім алып, зияткерлік қырының ашылуына мол мүмкіндік туғызды. Бүгінде жүзден жүйрік шығып, Қазақстанды мойындатқан шәкірттерімен мақтанады.
– Шүкір, талантты шәкірттерім жетерлік. Ақтөбе қаласы кіші ғылым академиясы ұйымдастыруымен өткен республикалық ғылыми жобада оқушым Хамит Әсияның «Жергілікті жер топырағының қышқылдылығын анықтау» тақырыбындағы ғылыми жобасы І-орын иеленді. «Жергілікті су қоймаларының ауыр металл қорғасынмен ластануы» тақырыбындағы ғылыми жобада Яхия Жұлдызай облыстық байқауда ІІ-орын алды. Тағы да жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде химия пәні бойынша Оспанұлы Рахат ІІІ-орын алған болатын, – дейді Бану Данебекова.
Сондай-ақ айрықша атап өтетін шәкірті, сегізінші сынып оқушысы Шұғыла Ғалиқызы. Ол – жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқытатын оқушылар мен ұстаздар арасындағы бейнесабақ көріністері бойынша республикалық сайыста І-орын алған. Елорда төрінде өткен білім додасына 300 оқушы қатысқан. Осылайша жүзден жүйрік шыққан Шұғыланы дайындаған ұстазы Бану Тұрсынбекқызы да білім бәйгесін ұйымдастырушылардың арнайы марапатымен марапатталады. Иә, ұстаз еңбегі қандайда болмасын марапатқа лайық.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ
30 тамыз 2019 ж. 1 534 0