№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ЕЛІМЕН ЕТЕНЕ АЗАМАТ

ЕЛІМЕН ЕТЕНЕ АЗАМАТ

Дана халық «Асыл туған адамның баға жетпес нарқы бар» деген нақылды бекер айтпаған. Өмір-өзенінің асау толқынымен алысып, адамгершілік соқпағынан табанын тайдырмаған білім саласының майталманына айналған Нығметулла Бәкіровтың өмір жолы осының дәлелі. Саналы ғұмырын жас ұрпаққа сапалы білім, тәлімді тәрбие беруге арнады. Елге адал қызмет етуді мұрат санап, қарапайым мұғалімдіктен мектеп басшылығына дейін абыройлы қызмет атқарған Нығметулла ағамыз жетпістің желкенін керіп мініп, айрықша қажыр-қайратпен қарсы алуда.


Тұңғыш Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Тұлғатану» жобасы аясында ел мен жерге қызмет еткен тұлғалар есімін қайта жаңғыртуды қолға алуды айтқан болатын. Осы тұста Нығметулла Бәкіровтың жүріп өткен жолын жас ұрпаққа үлгі етуді мақсат еттік.
1949 жылы қарт Қаратаудың етегіндегі Бесарық ауылдық округіне қарасты Кеңес ауылында дүниеге келген кейіпкеріміз Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың түлегі. Музыка факультетін тәмамдаған Нығметулла ағамыз өнерден кенде емес. Студенттік шақта «Сыр сұлуы» ансамблінің белді мүшесі атанып, шетел асқан. Германия, Болгария, Ресей, Молдава топырағына табаны тиіп, студент және жастардың өнер фестивальдерінде бағын сынаған. Осылайша ел көріп, жер көріп алаштың өнерін Еуропаға насихаттаған Нығметулла Бәкіров 1973 жылы туған өлкеде еңбек жолын бастайды. Осы жылы Жаңақорған музыка мектебіне мұғалім болып қабылданады. Мұнда жеткіншек бойындағы жылт еткен талантты шыңдап, талай шәкірттердің биік белестен көрінуіне себепкер болады. Ұйымдастырушылық қабілетін бағалаған басшылар директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлығына тағайындады. 1985 жылға дейін музыка мектебінде жүріп, халық ақыны Манап Көкенов, Есіркеп Қоңқабаев, Әмір Мәжитов, Бексұлтан Байкенжеевпен етене араласып, аудан өнерінің асқақтауына сүбелі үлесін қосады.
Кейіннен аудандық білім бөлімінде инспектор, «Жас сұңқар» пионер лагерінде директор, №125 орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, №213 орта мектептің директорлығы қызметін абыройлы атқарады. Міне, осындай ұзақ жылдар мектеп қабырғасында ұрпақ тәрбиесіне қомақты үлесін қосқан Нығметулла ағамыздың ұстаздық жайлы айтар пікірі бар.
– Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Мұғалім берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, тілінен бал тамған ақын да, тегеурінді темір балқытқан ұста да бәрі-бәрі ұстаздан білім алған. Сондықтан парасатты педагогтарға барша адам баласы құрметпен бас иеді.
Елбасы өз сөзінде: «Ең бастысы,–озық білім керек. Білімсіз даму мүмкін емес. Ал білім бастауының бәрі де мектептен басталады» деп білім ордасының маңызын меңзеді. Осыдан-ақ ұстаз бен мектептің болашақ ұрпақ үшін қаншалықты құнды екенін аңғаруға болады, – дейді ардагер ұстаз бізбен әңгімесінде.
Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі ұшан-теңіз. Иә, ұстаз еңбегі қандайда болмасын марапатқа лайықты. Бұл тұрғыда Нығметулла ағамыз да марапаттан кенде емес. Қазақстанның халық ағарту ісінің үздігі төсбелгісінен бастап, облыстық, аудандық деңгейдегі білім басқармаларының құрметіне бөленген. Алғысын алған. Талай мәрте марапат төрінен көрінген.
Шүкір, бүгінде Нығметулла Бәкіров бейнетінің зейнетін көріп тәлімді ұрпақ өрбітті. Қазір қосағы Орынкүл екеуі 3 ұл, 2 қызды қиясына қондырып, немерелеренің көз қуанышына айналып отыр. Халқының кемел келешегі үшін еңбектенген кейіпкеріміздің ел үшін берер өнегесі көп әлі. Биыл жетпістің желкенін тартып мінген ел ағасының ерен істері көпке үлгі. Сондықтан «береке үлкендерде» демекші, үлкен болу да – келелі белес.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ
07 шілде 2019 ж. 1 246 0