№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ұлы қызмет жолындағы ардақты ұстаз

Ұлы қызмет жолындағы ардақты ұстаз


Өткен ғасырдың алпыс-жетпісінші жылдарынан бастап ел егемендігін алған алмағайып кезең, тәуелсіздіктің тоқырау тұстары мен бүгінгі биігінде жүріп, ағарту ісінде із қалдырып, білім саласында қажырлы қызмет қылған тұлғалардың толқыны арамыздан алыстап барады. Есімі шәкірт бойында мәңгілік жаңғырып тұратын нар тұлғалы тәлімгерлер, ұлағатты ұстаздар, мерейлі мұғалімдердің бүгінгі ұрпақ үшін еткен еңбегі ұмытылмайтыны заңдылық. Осындай ұлы қызмет жолына саналы ғұмырын арнаған Нығметулла Бәкіров ұстаздың өмірден өткеніне де жыл толды.


«Асыл туған адамның баға жетпес нарқы бар» деп ұстаз туралы жазғанымыз бар. Рас, біз көзін көргенімен, тәрбиесін көрмедік, бірақ артынан ерген іні-бауыр, шәкірттер мен замандастарынан Нығметулла ағамыздың шынайы болмыс-бітімін, өнегелі өмір жолын көрдік. Айтқан ақылы, жүріп өткен өнеге жолынан аға буын керемет естеліктер де қалдырды. Ауданның білім саласына сіңірген еңбегі, жас ұрпаққа берген тәлім-тәрбиесі, ғибратты ғұмырнамасы насихаттала беретіні сөзсіз. Өйткені, бала бойына білім сәулесін түсіріп, олардың өмірді тану, алғаш әріп үйренуге жол ашқан ұлағатты тұлғалардың есімі қашанда төрде тұрады.
Бір қолына әлемнің ілімі мен білімін, бір қолына оқушының санасы мен жүрегін ұстаған. Бұл педагог саласында жүрген барлық ұстаздар қауымына айтылған теңеу. Рас, ілім үйреніп, одан соң оны басқаларға үйретпеу – мол дүние жиып, оны керегіне жаратпай көміп қоюмен бірдей дейтін даналық тұжырым ұстаз дәрежесін құрметтеумен қатар, міндеттеп те тұр. Ардақты ұстаздың өмірбаяны туралы қысқаша тоқталсақ.
1949 жылы қарт Қаратаудың етегіндегі бұрынғы Бесарық ауылдық округіне қарасты Кеңес ауылында дүниеге келген кейіпкеріміз Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың түлегі. Музыка факультетін тәмамдаған Нығметулла ағамыз өнерден кенде емес. Студенттік шақта «Сыр сұлуы» ансамблінің белді мүшесі атанып, шетел асқан. Германия, Болгария, Ресей, Молдава топырағына табаны тиіп, студент және жастардың өнер фестивальдерінде бағын сынаған. Осылайша ел көріп, жер көріп алаштың өнерін Еуропаға насихаттаған Нығметулла Бәкіров 1973 жылы туған өлкеде еңбек жолын бастайды. Осы жылы Жаңақорған музыка мектебіне мұғалім болып қабылданады. Мұнда жеткіншек бойындағы жылт еткен талантты шыңдап, талай шәкірттердің биік белестен көрінуіне себепкер болады. Ұйымдастырушылық қабілетін бағалаған басшылық директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлығына тағайындады. 1985 жылға дейін музыка мектебінде жүріп, халық ақыны Манап Көкенов, Есіркеп Қоңқабаев, Әмір Мәжитов, Бексұлтан Байкенжеевпен етене араласып, аудан өнерінің асқақтауына сүбелі үлесін қосады.
Кейіннен аудандық білім бөлімінде инспектор, «Жас сұңқар» пионер лагерінде директор, №125 орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Терең білімі және адами құндылықтарының сарқылмас кені ол кісіні басшылықтың төріне бастады. №213 орта мектептің директорлығы қызметін абыройлы атқарады. Міне, осындай ұзақ жылдар мектеп қабырғасында ұрпақ тәрбиесіне қомақты үлесін қосқан Нығметулла ағамыздың ұстаздық жайлы айтқаны есімізде.
– Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Мұғалім берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, тілінен бал тамған ақын да, тегеурінді темір балқытқан ұста да бәрі-бәрі ұстаздан білім алған. Сондықтан парасатты педагогтарға барша адам баласы құрметпен бас иеді. Елбасы өз сөзінде: «Ең бастысы, озық білім керек. Білімсіз даму мүмкін емес. Ал білім бастауының бәрі де мектептен басталады» деп білім ордасының маңызын меңзеді. Осыдан-ақ ұстаз бен мектептің болашақ ұрпақ үшін қаншалықты құнды екенін аңғаруға болады, сондықтан мұғалімдерге жауапкершілікпен қатар, ұрпаққа үлгі болу бақыты бұйырғанын ұмытпауымыз керек. Осындай тұлғаларды қадыр тұту бірінші орында тұруы тиіс, – деп ой айтқаны газет бетінде қатталып қалыпты.
Елдік жолда еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеуде тамшы тер төккен кез келген педагог кез келген марапатқа лайық. Өйткені, елдің болашағын бағдарлап, келешегін кемел ететін, ертеңін еңселі, тәуелсіздігін тұғырлы ететін ұрпақ тәрбиелейтін ұстаздарға қашана құрмет төрден. Мағжан Жұмабаев айтқандай «алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» дегені ұстаздарға деген құрметтің шыңын түсіндіріп тұр. Бұл тұрғыда Нығметулла ағамыз да марапаттан кенде емес. Қазақстанның халық ағарту ісінің үздігі төсбелгісінен бастап, облыстық, аудандық деңгейдегі білім басқармаларының құрметіне бөленген. Алғысын алған. Талай мәрте марапат төрінен көрінген.
Шәкірттері болса сан саланың тізгінін ұстап, елдің өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Ол туралы кейінен кеңірек сөз етерміз...
Жетпіс жастың асқарына жеткен Нығметулла Бәкіров бейнетінің зейнетін көріп тәлімді ұрпақ өрбітті. Үйдегі апамыз, аяулы жары Орынкүл апай екеуі 3 ұл, 2 қызды қиясына қондырып, немерелеренің көз қуанышына айналып еді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған ардақты әкенің мінбері биік. Бүгінде перзенттер аудан әлеуетінің дамуында қызмет етіп келеді. Бұл әке тәрбиесінің тәлімі, адалдығының аманаты.
Халқының кемел келешегі үшін еңбектенген кейіпкеріміздің ел үшін берер өнегесі көп болатын. Бірақ, тағдыр әркімге әр қилы келетіні бар, ел ағасы жасында ақсақал, қазыналы қарттық шаққа жеткен ұлағатты ұстаз келместің кемесіне мініп кете барды.
Айта кететіні, қазан айының 24-і күні орталық мешітте ұстаз рухына Құран бағышталып, еске аламыз. Жары, ұл-қыздары мен ағайын-туыс, бауырлары, дос-жарандары ниеттеріне ортақ болуға шақырады.
Түйіндей айтқанда, тек ұлт келешегі жолында ғана емес, ұрпақ тәрбиесінде де өнегелі ісімен ізі қалған ұстазды әлі талай дәріптейтін боламыз. Өйткені, қазақта «бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер» деген ұлағат бар емес пе? Сондықтан, ағарту саласында тер төккен ұлы қызмет жолында жүрген ардақты ұстаз Неғметулла Бәкіровтің еңбек жолы дәріптелуге лайық.

Әли ТЕМІРБЕК
20 қазан 2021 ж. 646 0