№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тәжірибелі фельдшер

Тәжірибелі фельдшер

Халық денсаулығын сақтау саласында орта буын медицина саласы қызметкерлерінің де еңбегі зор. Себебі адамзаттың өмірі қыл үстінде тұрған шақта алғашқы көмек көрсететін осы мамандық иелері. Шалғай ауылдардағы тұрғындардың сырқатына қарайлап, ем-дом жасап жүрген медицина қызметкерлерінің тауқыметі әсіресе ауыр. Міне, осы қатарда Талап ауылдық ауруханасының фельдшері Байділла Раматуллаевты айрықша атап өтуге болады.

Туған жерге қызмет ету екінің біріне бұйыра бермейтін бақ десек, Байділла Ибадуллаұлы өзінің кіндік қаны тамған алтын ұясына бар ғұмырын арнап келеді. Ол 1964 жылы Талап ауылында қарапайым отбасында өмірге келді. Ж.Қыдыров атындағы №54 мектепте белсенді оқушылар қатарында болды. Бала көңілі дәрігер болуды қалап, 1981-1984 жылдары Түркістан қаласындағы медициналық колледжінде фельдшер ма­мандығында білім алды. Отан алдында­ғы борышын 1984-1986 жылы Ульянов­ск қаласында өтеп оралыпты.
Еңбек жолын 1986 жылы аудандық са­нитарлық эпидемиологиялық станция ме­ке­месінде бастады. Осы ұжымда фельдшер болып, 17 жыл еңбек етті. Отбасылық жағдайы­на байланысты 2003 жылдан бастап Талап ауруханасында фельдшер болып еңбек етіп келеді. Жоғары санатты фельдшер қызмет барысында бірнеше тосын да қызық оқиғаларды бастан кешір­ген. Соның бірі, мынадай жағдай есінен кетпейді. Мектепке әлі бара қоймаған кішкентай бала үлкен түймені жұтып қойып, ата-анасын әбігерге салып­ты. Білікті фельдшер жедел әрекет етіп баланы ауыл ауруханаға жеткізген. Медициналық аппарат көмегімен қауіптің бетін қайтарған. Мұнан басқа да қаншама аяқ астынан болатын қатерлі жағдайларда дәрігерлік көмегін аямады. Сондықтан да оны көпшілік құрметтейді.
– Бұл оқиға менің әлі есімде, біз оқиға орнына шұғыл хабармен жеттік. Сөйтіп баланың тыныс алуы тарылып, ентігіп тұрғанын байқадым. Бұл уақытта карантиндік шектеулер де, саябырласа да, жұртта қорқыныш қалып қойған еді. Баланың жүзі сұп-сұр болып, қимыл-қозғалысы одан бетер нашарлап бара жатты. «Мені ішке кіргізіңіз, балаға көмектесейін» десем, әкесі «сен балаға коронавирусқа қарсы екпе салғалы жатырсың. Мен оған жол бермеймін» деп қарсы алдымда қасқайып тұрып алды. Ал жедел жәрдем қызметін егде тартқан анасы шақырған екен. Жағдайды ушықтырмай, дереу баланың ентігін дәрі егіп қана тоқтаттық. Әрі қарайғы денсаулығын бақылау мақсатында баланы ауруханаға алып келдік. Баланың беті бері қараған тұста, әлгі баланың әкесі артық кеткенін ұғынып, кешірім сұрап, алғысын айтты, – дейді фельдшер.
Әр күні өмір үшін күреспен тұратын денсаулық сақшысы Байділла Ибадуллаұлының еңбек жолына үңілсек, қауіп-қатермен бетпе-бет келген кездері көп екен. Соның ішінде кешегі пандемияның кезіндегі уақытпен санаспай күрескен қиын күндер есте қал­ды. Туған жұртының сау-саламаттығы үшін қауіпті вируспен күресте алғы шепте жүрген ерлігі өз алдына бір төбе. Нағыз батыр ма дерсің! Ауысымдық постта кезекшілікте тұрған күндері ауылға келген әр мейманды медициналық тексерістен өткізу үшін де үлкен жүрек керек. Осындай жауапты істе қайсар­лық танытып, ауылдастарының қауіпсіздігі үшін алтын уақытын сарп етіп, нешеме күн-түн отбасынан жырақта жүрді.
Ер азаматтың абыройын асырып, қалтқысыз еңбек етуі үшін қамқорлығын аямаған асыл жары Шынар Жүсіпбекованың көмегі өз алдына бір төбе. Ол ауыл ауруханасында тазалы­қшы болып қыз­мет атқарады. Екеуі­нің шаңырағында 6 бала өсіп келеді. Қыздарын қияға қондырып, ұлын үйлендіріп, олардан немере сүйіп отырған аяулы ата-әже. Бақыттың кілтін еңбектен тапқан Байділла Раматуллаев: «Барға қанағат, жоққа шүкіршілік ете білген адамның әрқашан жүзі жарық болады екен», – дейді зор қанағат сезіммен.

Мақпал МАРҚАБАЙ
15 қазан 2023 ж. 225 0