Кіндік шеше
Қазақтың салт-дәстүрінде ғана кездесетін кіндік шеше ұғымының мағынасы тереңде. Бұрынғылар қолы берекелі аналарға ырымдап жаңа туған шарананың кіндігін кестіруге ниеттенген. Міне, осы салт жоралғыны қазіргі заманда ақ халатты абзал жандар жалғастырып келеді. Біз бүгін көптің кіндік шешесі атанған Күлзада Әмірбекованың елшеусіз еңбегі жайлы сөз етуді жөн көрдік.
Еліміздің медицина саласына өзінің қарапайым қарекетімен-ақ сүбелі еңбегін қосып, бар ғұмырын халық денсаулығына арнаған азаматтар арамызда жүр. Мамандар тапшы уақытта аядай ауылда еңбек жолын бастап, мамандығының жауапкершілік жүгін арқалап, уақытпен санаспай-ақ еңбек еткендер елдің есінен әлі шыға қойған жоқ. Осындай аяулы жандар қатарында Күлзада Әнуарбекқызының орны бөлек. Ол Талап ауылында қарапайым отбасында тәрбиеленіп, №54 мектептің белсенді оқушыларының бірі болды. Ауылда дәрігердің тапшылығынан болар, ол Түркістан медициналық училищесінде 1970-1973 жылдары акушерлік білім алды. Кәсіптік білім алған соң, Талап ауылдық аруханасы перзентхана бөлімінде акушер болып еңбек жолын бастады.
Жас маманды жұмысқа қабылдаған аурухана басшысы Абибулла Акимовтың тапсырмасымен ауыл әйелдерінің денсаулығын нығайтуға белшеше кірісті. Өзге әріптестері сияқты Талап, Кеңес және Апанқақ елді мекендерінің қызкеліншектерінің жай-күйін тексеріп тұрды. Қойшы ауылдарды да аралап, маусымдық тексерістен өткізеді. Әр заманның өз қызығы мен қиыншылығы болады десек, сол жылдары алыс елді мекендерде аналар үй жағдайында босануы қалыпты жағдай іспетті еді. Өмір мен өлім арасында арпалысқан тұста ақ халат киген дәрігерлер аққанатты періштедей көмекке жетіп, перзент пен ананы аман алып қалудың әрекетін жасайтын еді. Міне, осындай ауыр шақтарды еңсеріп, мединина саласымен бірге қыры жыл бойы дамудың даңғыл жолын өткерді. Өзімен бірге қызметтес болған Рысжан Төлепбергенова мен Күләш Шегебаевалардың қолдауы жұмысына деген шабытын оятқандай. Қызмет барысында қандай да бір қиындық туындаған жағдайда ең бірінші болып хабарласатын жанашыры аудандық арухананың бас геникологы Мария Жұмағалиеваның әрбір кеңесін қалт жібермей, тәжірибесін шыңдады. Осы кісіні кәсіби ұстаз санап, біліктілігін арттырды. Әйелдер консультациялық қызметпен перзентхана жұмысын қоса атқарған күндері көп болды.
Қырық жылдық еңбек жолында ауылдық ауруханада қалтқысыз қызмет етіп, талай жас мамандарға тәлімгер болды. Кей жағдайларда аудандық ауруханада мамандар жетіспей жатқанда апталық, айлық тәжірибе алмасуларға қатысты.
Бүгінде зейнеткерлікке шыққан Күлзада Әмірбекова 7 баладан өрген жиырмаға жуық немеренің ақ әжесіне айналды. Жолдасы Әбсұлтан Өтенбаевпен жарасымды отбасын құрып, үлгі-өнегесін ұрпағына ұлықтауда.
– Қоғамның даму динамикасымен бірге біз де бірге дамыдық. Медицина саласының қарқынды дамуына барша халық өз күшін қосты деп санаймын. Еліміз жас әрі бақуатты, сондықтан әрбір маман өзінің білімін заманға сай дамытып, іскерлігін ұштастыра алуы керек. Еңбек ешқашан елеусіз қалмайды, – деді кейіпкеріміз.
Мақпал МАРҚАБАЙ