№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ДӘРІГЕР дәреметі

ДӘРІГЕР дәреметі


Елбасы Нұрсұлтан Н­азарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Үздік денсаулық сақтау ісі – дені сау ұлт» дей келе, медицина саласын мобильдік цифрлық басқару ісіне көшіріп, шалғай ауылдардағы амбулаториялық емдеу ісіне алыстан диагностика жасауды тапсырды. Президент пәрмені Жаңақорған ауданының барлық ауылдарында қызмет көрсетіп отырған ауруханалардың ісіне серпін берері сөзсіз. Осы тұста, цифр­лы медициналық қызметтің көпшілік біле бермейтін кереметін Төменарық ауылдық ауруханасының аға дәрігері Зуре Хайнекееваның әңгімесінен аңғардық.
Медицина саласында қырық жылға жуық қызмет етіп келе жатқан Зуре Хайнекеева: «Елбасы Жолдауында айтқандай, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» ептеп айналуға әрекеттер басталды. Бұл ең біріншіден халықтың тиімді ем алуына мүмкіндік береді. Біздің ауылда интернет желісі арқылы электронды құжаттар әзірлеп, веб-порталдар арқылы алыс қалалардағы ауруханаларға қаралуға кезекке тұра алады. Мәселен, психолог, гинеколог, терапевт, невропатолог, лор және т.б мамандарға алдын-ала кезекке амбулаториядан тұруға болады. Осы қызмет түрін ауылдағы ағайындар қолданып, уақыт тиімділігі мен қаражат үнемділігін арттыруда», – деді.
Ауыл ауруханасының замана көшіне ілесіп, дамудың даңғыл жолына түсуіне Зуре Хайнекееваның еңбегі ерекше. Ес білгелі дәрігер болуды мұрат еткен маман кіндік қаны тамған туған жеріне тұтас ғұмырын арнады. Мақсат жолында Қарағанды мемлекеттік медицина институтында білім алды. Онда педиатрия мамандығы бойынша білім жинап, біліктілігін шыңдады. Ізденімпаз жас 1979-1980 жылдары облыстық ауруханасында интернатурадан өтті. Жігерлі жастың талабын аңғарған басшы Жаңақорған аудандық ауруханасына педиатр-иммунолог қызметіне жұмысқа бағыттайды. Осылайша үлкен мекемелерде тәжірибе жинақтаған маман 1981 жылы өзінің туған жеріне бала дәрігері болып оралады. Құтты мекен өз перзентіне құшағын кең жайып, білек сыбана еңбек етуге жол ашады.
Ауылға келген дәрігер ұжымға тез үйренісіп, әріптестерінің сенімін ақтайды. Ісіне адал, жұмысына ұқыпты, зерек те зейінді дәрігер ортасына сыйлы. Ол алға мақсат қойып, қызметте өрлей бастады. Арада екі жыл өтпей-ақ, Төменарық ауылдық ауруханасының бас дәрігері қызметіне тағайындалды. Бұған оның ісіне жауапкершілікпен қарайтыны себеп болды. Қызмет ете жүріп, Ақтөбе медициналық университетінде, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде біліктілігін шыңдады.
Аурухана тізгінін қолға алған тұста халық саны 10200-ден асатын. Себебі, Төменарық ауылдық ауруханасы 2002 жылға дейін Сунақата, Екпінді, Еңбек, Сүттіқұдық елдімекенінің тұрғындарына медициналық көмек көрсететін. Зуре Хайнекееваның жүктемесінде 4596 бала, 2365 әйелдің денсаулығын қадағалау тұрды. Осындай жауапкершілікті абыроймен атқарғаны үшін марапаттарға ілікті.
Оны облыстық медицина кәсіподақ комитеті, аудандық аурухана кәсіподақ комитеті «Алғыс хатпен» бірнеше рет марапаттаған. Ол 2002 жылы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет грамотасына» қол жеткізді. Дарынды дәрігер 2004 жылы Елбасы Жарлығымен «Шапағат» медаліне ие болды. Осындай құрметке лайықты деп танылған Зуре Хайнекеева бүгінгі таңда аға дәрігер санатында қызмет етеді. Жерлестері денсаулық сақшысының адамгершілік, бауырмашылдық асыл қасиетімен көпшіліктің сенімінен шыққанын айтады.
Осы тұста, жетістікке жету жолын сөз еткенде: «Дәрігердің қолы шипалы, жүрегі кең болуы керек. Адам өміріне тікелей жауапты болғандықтан, бүкіл күшіңді, біліміңді салып, уақытпен санаспай тіршілік ету әр дәрігердің борышы. Осы міндетті абыроймен атқаруды өмірлік ұстанымыма айналдырдым», – дейді ол.
Туған жерге туын тіккен ақ халатты абзал жан елдің амандығын, ұлттар татулығын, отбасының іргесі берік болғанын тілейді. Ұжымда 30-дан аса орта буын қызметкердің ұйыса еңбек етуіне себепкер болып отыр. Барлығын өз отбасындай жақын көретінін жасырмады. Әріптестері «Қамыққанда қамқор әпке, жабыққанда сырлас дос. Қиын сәтте қолдау білдіріп, жас буынға өмір баспалдақтарында сүрініп кетпей, саналы өмір сүруге бағыт-бағдар береді», – дейді.

ТҮЙІН. Ауыл ардақтысына айналған жанның абыройлы қызмет жолы кімге де болса үлкен тәрбие мектебі іспетті. «Дәрігер арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек» деген халық даналығы Зуре Хайнекеева сынды маманға қарата айтылғандай.

Мақпал МАРҚАБАЙ.
03 ақпан 2018 ж. 2 225 0