№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «ҮЗДІК АУЫЛ ДӘРІГЕРІ»

«ҮЗДІК АУЫЛ ДӘРІГЕРІ»

Қауіпті індетке қарсы күресте алғы шепте тұрған медицина қызметкерлерінің еңбегі құрметтеуге әбден лайық. Бір топ медицина қызметкері қатарында облыстық денсаулық сақтау басқармасысының басшысы Сәбит Пазыловтың қабылдауында болған жерлесіміз Динара Сейдеметова «Үздік ауыл дәрігері» марапатына ие болды.

Бұл марапат аудандағы ауыл-аймақтағы дәрігерлердің беделін арттырып, деңгейі биік екенін дәлелдегендей. Қауіпті кесел дендеген шақта ауылдастарына қорған болып, батыл да қайсар қадам жасап, ахуалдың ушығып кетпесі үшін уақытпен санаспай еңбек еткендердің бейнетін халық та бағалайды. Соның қатарында Сүттіқұдық ауылдық ауруханасының жоғары дәрежелі жалпы тәжірибелі дәрігері болуымен қатар Жайылма ауылдық фельдшер–дәрігері қызметін қатар атқарып келе жатқан Динара Сейдеметованың үздік атануының өз себебі бар.
Ол дәрігерлер отбасында өмірге келіпті. Анасы Шамшагүл Құралбекова ауылда еңбек өтілі жоғары медицина қызметкері болса, әкесі Сейдеметов Асқан мал дәрігері. Ата-анасының жолын таңдаған Динара 2002 жылы Х.А. Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің емдеу ісі мамандығында білім алады. Жоғары білім алып келген жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Төменарық ауылдық ауруханасында еңбек жолын бастайды. Отбасылық өміріне байланысты кейін Сүттіқұдық ауылындағы ауруханаға қызметін ауыстырып, қарым-қабілетін арттырады. Жүктелген жұмысына аса тиянақтылықпен қарайтын дәрігер аға дәрігерлік деңгейге жетті.
Облыс көлемінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен қызмет етіп жатқан дәрігерлер арасында жиі басқосулар мен тәжірибе алмасу сағаттары өтіп тұрады. Осындай жас мамандар арасында тың идеяларымен көзге түсіп, қатарластарының алды болып, іскерлігі мен біліктілігін байқатып жүрген жерлесіміз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы қатысқан облыстық форумда мамандар мәселесін айтып, жүрекжарды тілегін жеткізген. Мұны ауылдастары мақтанышпен айтып жүр.
Ауылда қызмет етіп жүрсе де, жаңалыққа жаны құмар дәрігер өзінің күнделікті жоспарында кездескен мәселелерді ашық талқылап, шешу жолдарын табуда табандылық танытып жүр. Сондықтан болар, Сүттіқұдық ауылында медициналық ақпараттандыру ісі жолға қойылып, тұрғындар білуге тиісті мәліметтермен ауыл тұрғындары жақсы таныс. Індетпен қарсы күресте ауыл ағайындары ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, вакцина егу қарқыны күшейген. Салыстырмалы түрде айтсақ, облыста ең жақсы нәтиже көрсетіп, үлгілі ауылдар қатарында көш бастап тұр.
Біздің мақтаулы дәрігеріміз үлкен шаңырақтың келіні ретінде де өз міндеттерін атқаруды бір сәт ұмытқан емес. Шаңырақтың 97 жастағы үлкен анасы Нәзипа Тоқсанбай мен ата-енесі Жүзен мен Алтын сынды ардагер аға-апаның кеуілін тауып, жайын жасау да қолдағы келіннің басты міндеті. Жолдасы Бекзат Ақтанов ауылдық әкімгершілікте жауапты қызмет атқарады.
Отбасының берекесін арттырып, қызметін адал атқарып жүрген Динара Сейдеметова: « Ауылда білікті дәрігерлердің дұрыс жұмыс жасауына жағдай жасалған. Заманауи құралдардың арқасында түрлі ауруларды дер кезінде анықтап, оларды емдеуге мүмкіндік алып отырмыз. Дәрігердің жұмысына деген құлшынысын арттырып, марапат мінберіне көтеріп жатқан басшыларға, оның ішінде ауданның бас дәрігері Яхия Қадірбекұлына барша ауыл дәрігерлерінің атынан алғысым айтқым келеді» , – деді.
Түйін. «Өрісіңнің кең болуы үшін өркениетті елде туылуың шарт емес». Расында, шалғай ауылда тұрып, іскерлігімен-ақ талайды шаң қаптырып жүрген дарынды тұлғаларды көргенде заманның талабы ізденісте жатқанын ұғына түсеміз. Абайша айтсақ, «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрсемен озады». Біздің кейіпкер осы үш қасиетімен-ақ елдің алды болып отыр емес пе?
Мақпал МАРҚАБАЙ
22 маусым 2021 ж. 546 0