Бір суреттің сыры
Шынында, әр суреттің тарихы, тағылымы болады. Біздің қолға іліккен суреттің де өзіндік айтары бар. Неге дейсіз бе? Мәселен, облыс әкімі болған Қырымбек Көшербаев ел ақсақалдарымен дидарласып, бата алуға құмбыл екеніне талай рет куә болдық. Өздеріңіз көріп отырғандай, Ұлы Отан соғысының ардагері Жүніс Қабетеновпен түскен суреттен екеуінің арасындағы рухани байланысты байқауға болады. Бұл жөнінде қаламгер Қаныбек Әбдуовтың «Арма, ақсақал» атты эссесі жарияланып, Файзулла Сахидің «Майдангер» кітабында Жүніс Қабетенов жайындағы ғұмырнамалық естеліктерде жан-жақты жазылды.
Қазыналы қария мен мемлекет қайраткерінің арасындағы жылы қарым-қатынастың нәтижесінен Түгіскеннің қайта түлегенін көруге болады. Мәселен, соңғы бес жылда Аққорған ауылдық округіне қаржы көздерінен 4 млрд. теңгеден аса инвестиция тартылып, оған екі типтік жобадағы мектеп, спорт кешені, балабақша мен медициналық нысан бой көтеріп, ауыз судың сервистік желісі тартылды.
Бұдан шығатын қорытынды, Тәуелсіздіктің жетістігін көргісі келген адам Түгіскенге баруы керек-ақ.
Жә, бәрін басынан бастайық...
2018 жылдың көктемінде Аққорған ауылдық округіндегі спорт кешені мен мемлекеттік балабақшаның ашылу салтанатына журналист ретінде бардық. От пен оқтың арасында жүріп, жеңістің жалауын жақындатқан абыз ақсақал Жүніс Қабетеновпен амандасып, батасын алу бақыты бұйырды.
Жаңақорғанға арнайы ат басын бұрған сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қарияның саулығын біліп, батасын алғанына куә болдық.
Қария мен қайраткердің арасындағы тағылымға толы тебіреністі әңгіменің куәсі болған Қаныбек Шәрібекұлының есті естелігін сөйлетсек, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсетудің қазақы қалыбын көруге болады.
«...Кешегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жері жомарт Жаңақорғанға барған жұмыс сапарында алдымен абыз ақсақалдың қарашаңырағына аялдап, онымен ауыл өмірі, ел бірлігі хақында әдемі әңгіменің желісін тарқатады. Содан әкім әкесімен, ақсақал баласымен сырласқандай тарам-тарам тақырыптың тиегі ағытылды. Түгіскен жұрты төбесіне қоятын Жүніс қария мәре-сәре жағдайда жасы жүзден асқанын ұмытып кетіп, тәңір қуат бергендей жеңілденіп, бірде желпініп, қомданған бүркітке ұқсап бабына келеді. Арма деген әлге қуат деген осы екен-ау. Олардың сөзін ешкім бөлмей, тыңдап отырады, тынығып отырады. Жарасымды жарқын жүздесудің жылылық лебін сезінеді...
– Қуаттысыз ба, ақсақал? Жан-жағыңыз аман ба? Өзіңізді көруге келдім. Сіз бір әулеттің емес, Сыр елінің әкесісіз.
– Кәрілік қой, кейде жатып қаламыз. Бүгін сіздің келгеніңіз мені төсектен еріксіз тұрғызды. Арма деген әлге қуат.
– Қонысыңыз құтты болсын!
– Электр қуатынан тұтанған жалын лезде үйді шарпып кетті. Жаны жоқ нәрсе орнына келеді ғой. Балаларым жаңа үйге екі айда кіргізді...
– Қырымбек мен тастай мықты екенмін. Соғыс көрдім, азапты күндерді бастан өткердім. Майдан даласынан елге оралып, еңбекке араластым. Қой бақтым, қолдан келген жұмысты жасадым. Содан әлі тірімін ғой. Мынадай мәйегінен май тамған заманды көрем деп ойладым ба? Ел мен Елбасы аман болсын, халық тоқ, зәулім үйлер тұрғызып жатыр. Осыдан артық бақыт бар ма? – деп қанағатшыл қария аузына тобасын алды.
– Қарын ашса тояды ғой, рух пен руханият азбасын, ақсақал! Елдік мәселе күн тәртібінен түспейді, назардан ешқашан тыс қалмайды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына қосуды мақсат етіп қойып, мемлекеттік қызметкерлерге халыққа қалтқысыз қызмет етуді тапсырып отыр. Осы бағалы бастаманы жүзеге асыру жолында аянбай еңбек ету керек. Елді еңбекке жұмылдыру қажет. Басқасын былай қойғанда бір Түгіскеннің өзінде қаншама тірлік істеліп отыр. Ауылдағы жер мәселесі толықтай шешілді. Қазір тірек ауылы деп қыруар қаржы жұмсалуда. Жаңа ғана 300 орындық жаңа мектептің орнын белгілеп қойдық. Мектеп құрылысы республикалық бюджетке ұсынылып, елімізде салынатын 42 мектептің қатарына кірді. Емхана құрылыс тоқтап қалды дегесін тиесілі қаржысын бюджеттен бөлгізетін болдық. Оған 57 млн 906 мың
теңге қаралып отыр. Алла жазса маусым айында сіз ауылдың емханасынан ем алатын боласыз, – деді Қырымбек Елеуұлы елге жасалып жатқан жұмыстардың бір сыпырасын жеткізіп.
– Халық жақсы болса, бәрі жақсы ғой
– Әрине, ақсақал. Сіз сыр елінің көтерген туы секілдісіз. Сүйегі асыл ақсақалдар барда, шаруаға шарапаты тиеді, олардың ақыл-кеңесі абыройға жетелейді...»
Үзіндіде айтылған абыз ақсақал мен сол кездегі аймақ басшысының жылы әңгімесі жүздің жүзін көрген қария мен елдің тұтқасын ұстаған ел ағасының бір мүдде жолында жүргенін аңғарасыз. Екеуінің де басты мақсаты – халықтың жағдайын жақсарту, елді өсіру, өркендету.
Иә, қазыналы қарияларды пір тұтып, олардың саулығы мен амандығын жиі біліп, әрқайсысына уақыт тауып амандасатын ел қайраткері сөзінде тұрды. Аққорғанның күні оңынан туып, халық игілігіне әлеуметтік маңыздағы нысандар берілді. Мәселен 2014 жылы 600 орындық №209 орта мектеп пайдалануға берілсе, 2018 жылы 300 орындық №256 білім ордасы есігін айқара ашты. Сонымен қатар, 140 орындық балабақша мен спорт сауықтыру кешені, Түгіскен дәрігерлік амбулаториясы қалың қалықтың игілігі жолында жұмыс жасауда.
Иә, түлеген, түрленген Түгіскенде салтанаты жарасқан, жаңара түскен клуб үйі ауыл тұрғындарына рухани азық сыйлаудан бір танған емес. Бұл ауылда төрт құбыласы тең өнер мектебі жасөспірімдердің өнерін шыңдауда. Елдімекенде ел ағалары рухани сергіп, спортты серік еткендерге арнайы кешен де бар. Жердің астынан ыстық суы, жердің үстінде берекелі шалғыны мен егіндік даласы жайқалған өлке. Қысқасы, жоғарыда айтқандай Тәуелсіздіктің жетістігін Түгіскеннен түйіп, таразылауға болады.
ТҮЙІН. Қайраткер мен қарияның арасындағы риясыз сыйластықты мақалаға арқау етеміз деп бір елді мекеннің мерейлі мезетін сөз еттік. Біз бір суреттің сырын осылай тарқаттық...