№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚҰРЫЛЫС – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУДЫҢ ДРАЙВЕРІ

ҚҰРЫЛЫС – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУДЫҢ ДРАЙВЕРІ

  Құрылыс – қашанда экономиканың негізгі драйвері саналады. Яғни, құрылыс саласының серпіні елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Оған Елбасының бірегей бастамасымен Нұр-Сұлтан қаласындағы құрылыс жұмыстарын мысалға келтіруге болады. Соңғы жылдары Қызылорда облысының даму қарқыны жоғары. Бұған да құрылыс саласының айтарлықтай әсері болды. Айталық, бірнеше жылда аймақта құрылыс көлемі 3,5 есе, ал облыс орталығында 8 есе артты. Жаңақорған ауданында да әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеруде.

Алдымен әлем елдерінің құрылыс сала­сына мән беруін қадағаласақ. 2018-2035 жылдары Ресей Федерациясы құрылыс сала­сын экономикалық өсімінің негізгі қозғаушы күшіне айналдыруға күш салмақ. Ресейлік сарапшылар алдағы 17 жылда осы саланың орташа жылдық өсімі 4,2 процент деңгейде болады деп болжауда. Дамушы елдердің экономикалық өсімінің бірі – құрылыс саласына негізделген. Ал, Қытай, Үндістан сынды мемлекеттер құрылыс алаңдарын көбейту арқылы тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық деңгейін артты­руға мән берді. Мұндай бастаманы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев тиімді пайдаланды. Оған жаңа Елорданың бой көтеруіне бастамашыл болып, мыңдаған қазақстандықтардың құрылыста қызмет етуі дәлел. Қазір өңір-өңірлерде құрылыс қарқын ала бастады. Сырдария өзенінің сол жағалауында биік-биік ғимараттар бой көтере бастады. Ең бастысы, Қызылорда облысында маңызды әлеуметтік нысандар кезектілікке қойылып, рет-ретімен шешімін тауып келеді.
Жаңақорған ауданында он жылда мұн­дай қарқынды құрылыс жұмыстары қатты байқалады. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2009-2019 жылдары 21 мектеп бой көтерді. Яғни, 2009 жылы Кеңес елді мекенінде 200 орындықты білім ордасы еңсе тіктеді. 2010 жылы Екпінді ауылдық округінде, 2011 жылы Еңбек елді мекені, Бесарық бекеті, Қожакент ауылдық округінде типтік жобадағы мектеп пайдалануға берілді. 2012 жылы Жаңақорған кетінде 1200 орындықты, Кейден ауылдық округінде 140 орындықты мектеп есігін айқара ашты. Одан кейінгі жылдары мектеп құрылысы қарқын алды. Мәселен, 2013 жылы Сунақата, Қыраш, Келінтөбеде, 2014 жылы Сүттіқұдық, Жайылма, Қосүйеңкі, Аққорғанда типтік жобадағы ілім ошақтары ашылды. 2015-2017 жылы Құттықожа, Төменарық, М.Нәлібаев және Талап бекетінде мектептердің жаңа нысаны пайдалануға берілді. 2018 жылы Жаңақорған кенті, Аққорған және Қожамберді ауылдық округіндегі мектептің лентасы қиылды. 2009-2019 жылдары аралығында 11 балабақша, 23 медициналық, 3 клуб үйі мен спорт кешіні салынды.
Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Орман Ахметов: «Тәуелсіздік жылдары ауданда 240 тұрғын үй салынды. Әсіресе, 2003 жылы 61 тұрғын үй иесін тапса, 2005 жылы 87 үйге жас мамандар қоныстанды. Осы жылдар аралығында «Түгіскенде» 31 үй бой көтерді. 2005 жылы Төменарықта 35 үйдің иесі қуанышқа кеңелді. Жаңақорған кентінің «Саяжай» және «МАИ бекеті» аумағында инфрақұрылымы толығымен шешілген жер телімдері беріліп, тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде», – деді.
Иә, ауқымы үлкен саланы серпінді дамытуға қазіргі заманға сай білікті де білімді, іскер де құрыш білекті құрылысшылардың еңбегі зор. Заман талабына сай заманауи үлгілермен салынған әлеуметтік нысандар аймағымыздың айбынын арттырып, сым­батына сән қосатыны айқын. Оған қоса, құрылыс кешені ел экономикасына, оның ішінде, тұрғындардың әлеуметтік әлеуетінің артуына шешуші ықпал ететіні сөзсіз.
Айта кететіні, соңғы төрт жылда Түгіскен елді мекенінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 300 орындық мектеп, 140 орындық балабақша, медициналық нысан бой көтеріп, миллиардтаған инвестиция құйылды.
Құрылыс бөлімінің бас маманы Шыңғыс Маханұлының сөзінше, Тұңғыш Прези­денттің «100 мектеп, 100 аурухана», «Балапан», «Қолжетімді баспана – 2020», «Өңір­лерді дамыту – 2020» бағдарламасы ауданда құрылыстың қарқын алуында шешуші рөл атқарды.

P.S.: Құрылыс – экономикаға козғаушы күш береді, әрі елді мекендердің сәулетін арттырады. Мұны аудандағы құрылыс нысандарынан бағамдауға болады.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.


14 мамыр 2019 ж. 1 081 0